Райымбек аудандық қазынашылық басқармасы – өңір көлемінде қаржы тәртібін сақтауда, бюджеттік қаражаттың дұрыс әрі уақытылы игерілуінде маңызды рөл атқарып келе жатқан абыройлы мекеме. Басқарманың басты мақсаты – мемлекеттік қаржының әрбір тиынын тиімді пайдалану, бюджет қаражатын қадағалау және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.
Аталған басқарма ашықтық пен айқындық қағидасын басшылыққа алып, электронды үдерісті жетілдіруде, жаңа технологияларды енгізуде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға және қоғам сенімін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Осы мекемеге басшылық жасап отырған Бақыт Омаров – ел сенімін ақтаған білікті басшы. Оның мемлекеттік қызметтегі жолы – еңбекқорлықтың, адалдықтың және кәсібиліктің жарқын үлгісі. Әрбір міндетке үлкен жауапкершілікпен қарап, қазынашылық жүйенің дамуына атсалысып келеді. Әріптестеріне қамқор болып, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, әрдайым қолдау көрсетеді.
Бақыт Шалтабайұлы 2005 жылдан бастап Алматы облысы бойынша қазынашылық департаментінде бөлім басшысы, 2007-2008 жылдары Ұйғыр аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары, 2008-2009 жылдары Текелі қалалық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2009-2012 жылдары Ақсу аудандық қазынашылық басқармасын басқарды. 2012 жылдан аталған департаменттің алдын ала бақылау басқармасы басшысы, бөлім басшысы, бас қазынашысы болды. 2019 жылдың 13 наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін Райымбек аудандық қазынашылық басқармасының басшысы лауазымында.
Мемлекеттік қызметін мінсіз атқарғаны үшін Бақыт Шалтабайұлы Алматы облысы бойынша қазынашылық департаментінің, ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Экономика саласының үздігі» атанған.
Оның басшылығымен қазынашылық басқармасы аудандағы әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың қаржыландырылуын қамтамасыз етуде, сонымен қатар мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы мен заңдылығын қадағалауда. Бақыт Шалтабайұлы – тек қана құзыретті маман ғана емес, сонымен бірге әріптестері мен аудан тұрғындары арасында үлкен беделге ие. Қызмет жолындағы табыстарымен қатар, ол ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Әлеуметтік бастамаларды қолдап, ел игілігі жолындағы істерге қолдау көрсетіп жүрген басшыны жерлестері де жоғары бағалайды.
«Жақсы басқару – сенімді қызмет кепілі» дегендей, басқарма басшылығы әрдайым ұжымға үлгі болып, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосып келеді.
Қорыта айтқанда, Райымбек аудандық қазынашылық басқармасы – өңірдің экономикалық тірегіне айналған, мемлекеттік қаржының сенімді қорғаушысы. Жауапкершілік пен адалдықты ту еткен ұжым алдағы уақытта да ауданның өркендеу жолында аянбай еңбек ете бермек.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




