Алағай күннен арпалысумен арылғам,
Асқақтай берем, қара өлең аңқып қанымнан.
Бұғауға түспес бірегей менің болмысым,
Жаралған, шіркін,
Жасыннан,
Жырдан,
Жалыннан!..
Өзегімдегі өр өлеңімді өрт қылып,
Тұла бойыма тұндырған Тәңір тектілік.
Тірлікте мынау дертіне дауа ұсынсаң,
Ұлықтауға да, құрықтауға да епті жұрт.
Арындап келем айырылмай ардан, намыстан,
Тасқындап, тулап толағай мұңмен тоғысқам.
Қатал мінезбен, қаһарлы көзбен жаншыдым,
Дүбәраларды етекке иттей жабысқан.
Аруақтардың да ұлылығына ұмсынып,
Рухтарын аңсап, күңіреніп қалдым күрсініп.
Тұсауын шешіп, тұтқасын кімге ұстатар,
Түрленіп жүрген тұрлауы жоқ бұл тіршілік?!
Жұтылып кеткен жылдарда сонау көнерген,
Бабалар сөзін жаңғыртып, жырлап келем мен.
Құдіретті ием – Жаратушыға мың мадақ,
Тұғыр сыйлаған ақындық дейтін өнерден!
Мұқағали Нұрсұлтанұлы,
И.Искандеров атындағы орта мектептің
10-сынып оқушысы
Ұйғыр ауданы