Перейти к содержимому
Главная страница » Есірткісіз өмірдің ертеңі жақсы

Есірткісіз өмірдің ертеңі жақсы

Есірткі – адам денсаулығына ғана емес, тұтас қоғамға қауіп төндіретін кесел. Ол адамның өмірін өзгертеді, денсаулығын әлсіретеді, отбасының берекесін кетіреді. Сондықтан есірткі қылмысына қарсы күрес бүгінгі күні маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Қазіргі кезде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде. Өйткені есірткінің зиянын түсінген жас ұрпақ мұндай қауіптен аулақ жүруге тырысады. Алайда бір өкініштісі оңай табыс іздегендер мен зиянды әдеттің жетегіне ергендер әлі де кездеседі.
Есірткінің бір реттік қолданылуының өзі адам ағзасына кері әсер етеді. Ал тұрақты қолдану тәуелділікке алып келеді. Мұндай жағдайда адамның денсаулығы ғана емес, болашағы да үлкен қауіпке ұшырайды. Көп жағдайда есірткі қылмысқа, жұмыссыздыққа және әлеуметтік қиындықтарға себеп болады.
Соңғы жылдары құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қарсы күресті күшейтіп келеді. Түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырылып, жастармен кездесулер өткізілуде. Мұның барлығы қоғамды қауіпті індеттен қорғауға бағытталған.
Есірткімен күрес тек арнайы органдардың жұмысы емес. Бұл іске ата-аналар, ұстаздар және бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Баланың кіммен араласатынына, бос уақытын қалай өткізетініне көңіл бөлу маңызды.
Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан олардың дені сау, білімді әрі саналы болып өсуі бәріміз үшін маңызды. Есірткіден аулақ болып, спортпен айналысып, пайдалы іске ұмтылған жастар ғана елдің жарқын болашағын қалыптастырады.
Есірткіге қарсы күрестің ең тиімді жолы – оның зиянын түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттау. Өйткені адамға берілген ең үлкен байлық, алмастыруға келмейтін құндылық — денсаулық.

Құралбек СӘБИТҰЛЫ