Облыс орталығындағы іргелі білім ошақтарының бірінен саналатын №3 орта мектеп шаһарға қала мәртебесі берілген алғашқы жылдары ашылған. Еліміз Тәуелсіздік алған тұста таза қазақ тілінде білім беруге көшті. Содан бері бұл ұжым өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп келеді. Өткен оқу жылында мектеп бойынша оқу үлгерімі 99,9 пайыз, орташа білім сапасы 69,42 пайызға жетті. 92 мектеп бітірушінің 8-і – «Алтын белгі», 5 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде Жанар Коммунар есімді шәкіртіміз 132 балл жинап, жоғары білім көрсеткішіне қол жеткізді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұжымда 21 педагог-зерттеуші, 22 педагог-сарапшы, 27 педагог-модератор, 21 педагог, 23 магистр жемісті еңбек етуде. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Үмбетәлі білім беру сапасын арттыру мен оқу үдерісінің дұрыс ұйымдастырылуына зор үлес қосып келеді. Оқу әдістеме ісі жөніндегі орынбасарлар Меруерт Торғайбай мен Алма Жакыпова өскелең ұрпақтың білім деңгейін көтеру мен шығармашылық белсенділігін нығайту бағытында қызмет атқаруда. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Гүлнүр Қыбыраева «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жұмысының негізгі өзегіне айналдырып, игі бастамаларды жолға қоюда.
Өткен оқу жылы біздің ұжым үшін табысты болды десем, артық айтқандық емес. Білімі мен білігін шәкірттерінің жарқын болашағына арнаған мектеп мұғалімдерінің біраз жетістігіне тоқтала кетсем, ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақбота Әшірбай қалалық «Педагогикалық дебют» байқауында 1-орынды еншіледі. «Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2026» байқауының қалалық кезеңінде Айжан Шүкеева бас жүлдені жеңіп алды. Ағылшын тілі пәні мұғалімі Салтанат Әуелбек эссе байқауының қалалық кезеңінде 1-орынды, облыстық кезеңде 2-орынды олжалады. «Табысты 50 мектеп» жобасы аясындағы педхакатонда бақ сынаған химия пәні мұғалімі Жібек Бейсенбаева мен физика пәні мұғалімі Самал Жолдасбекова қалалық кезеңнің жеңімпазы атанды. «Үздік информатика пәні мұғалімі-2026» байқауында Алмат Ербатыров 2-орын алды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Аңса Алимова мен Ақерке Тәжібай қалалық «Педтандем» байқауында және ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлназ Әбілқызы «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауында жүлдегер атанды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні педагогтеріне арналған пәндік олимпиадада Мәншүк Қарабекова жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік нәтиже көрсеткені үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ағылшын тілі пәні мұғалімдері Гауһар Сағадиева, Әділжан Әлімжанұлы, Салтанат Әуелбек «British council Kazakhstan» атты Ұлыбританияның білім беру, ағылшын тілі және мәдениет салаларындағы халықаралық ұйымының Алғыс хаты мен сертификатын алды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлбаршын Қалмұрзаеваға Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының және Ресейдің Қазан қаласында орналасқан Филология және мәдениетаралық коммуникация институтының Алғыс хаттары берілді.
Дарынымен дараланған талантты оқушыларымыздың қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық бәйгелерде қатарластарынан оза шауып, жүлделі орындарға қол жеткізуі – мектепте қолға алынып жатқан заманауи оқыту мен тәрбие үрдісінің нәтжесі екені даусыз. Республикалық «Айбын-2026» әскери спорттық ойынында Бақыт Нұрсұлтан 1-орын алса, кикбоксингтен Аяла Санатқызы Қазақстан чемпионатында екінші орынды еншіледі. Республикалық «Алтын түлек» олимпиадасынан 10-сынып оқушысы Айғаным Рысқұл 3-орын алды. 2-7-сыныптар арасында облыстық «Зерде» байқауынан Мерей Талғат, Азиз Сүйімбаев, Жанель Сардар, Айгүл Ахметжанқызы 3-орынды олжалады. 8-11-сынып оқушыларына арналған облыстық «Дарын» ғылыми жобалар байқауында Толғанай Сейітқазы 2-орынды иеленді. Пәндер олимпиадасында 6-сыныптан Сейтказы Айбар, 9-сыныптан Алима Көшекбай, 10-сыныптан Таснима Болатбек пен Сымбат Исабек үздік үштіктен көрінді. Сонымен қатар 11-сынып оқушысы Аружан Абдрахман Ә. Кекілбаев оқуының облыстық кезеңінде топ жарды. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп оқуында Сымбат Исабек 1-орынға, Нұржібек Коммунар 2-орынға, Әлия Тәңірберген 3-орынға ие болды. Сол секілді Ілияс оқуында Камила Аманжол, Айбергенов оқуында Жанар Коммунар 2-орынды иеленді. Мектептің мың бұралған бишілері республикалық «Next» байқауында бірнеше бағыт бойынша бас жүлдеге ие болды. Мектептің білімге құштар, бәсекеге қабілетті талантты оқушылары көбейе түсіп, тек жетістіктерімен қуантып, биік белестерді бағындыра берсін дейміз.
Жыл сайын мектепте түрлі жобалар ұйымдастырылады. Мәселен, биылғы оқу жылында педагогтердің жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі қауіпсіз қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған мектепішілік әдістемелік «NeoUstaz» жобасы қолға алынды. Сонымен қатар заманауи оқыту әдістерін зерттеу, тәжірибеде сынақтан өткізу және тиімді әдістерді мектеп тәжірибесіне енгізуге бағытталған «ӘдісFactory» және STEM арқылы пәндерді байланыстыратын «STEАMbridge» жобалары жүзеге асырылады. Бұл үш жоба бірігіп, мектептің «Заманауи педагог – тиімді әдіс – инновациялық оқушы» атты бірыңғай әдістемелік моделін қалыптастырады. Сонымен бірге оқушылардың экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған «Green School» жобасы да бастау алды. Еріктілік пен әлеуметтік жауапкершілікті дамытатын негізгі бағыттардың бірі болып отырған «Қамқор» жобасы аясында қайырымдылық акциялары, қоғамдық пайдалы жұмыстар оқушылардың бойында мейірімділік, жанашырлық, жауапкершілік пен азаматтық белсенділік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етуде. «Шабыт» жобасы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, «Ұшқыр ой алаңы» зияткерлік және пікірталас мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Smart bala» жобасы инновациялық ойлау мен жаңа идеяларды қолдауға арналса, «Балалар кітапханасы» оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталуда. Аталған жобалар алдағы оқу жылының аяғына дейін жалғасын табады.
Тәрбие жұмысы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жыл бойы оқушылардың бойына отансүйгіштік, адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, бірлік пен ынтымақ, жасампаздық сияқты құндылықтарды сіңіруге бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі күні «Заң мен тәртіп» қағидаты білім беру саласында да ерекше маңызға ие болып отыр. Осы орайда біздің ұжым заң талаптарының сақталуын, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.
«Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі» тақырыбында түрлі жұмыстар ұйымдастырылып, ата-аналарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балаға психологиялық қолдау көрсету және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері түсіндіріледі. Отбасылық кездесулер, ата-аналар жиналыстары, жеке кездесулер, пікір алмасулар, тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі. Мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәрбие бағытында мұғалімдермен ынтымақтаса жұмыс істеп жүрген әкелер қатары көбейіп келеді. Ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесі педагогикалық ұжыммен ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет. Сондықтан алдағы уақытта да білімді, тәрбиелі, отансүйгіш, еңбекқор әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы жұмыстар жалғаса береді.
Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «SMART Teacher Qonaev» жобасы аясында «Жасанды интеллект: үйрену мен үйретудің жаңа тәсілдері» тақырыбында ашық алаңдағы шебер сыныптар мен ашық сабақтарда біздің мектеп педагогтерінің жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде қолданудың тиімді әдістері, тәлімгер мен жас маман жұмыстары аясында кәсіби қолдау мен тәжірибе сабақтастығының тиімді үлгілері ұсынылды. Жас мамандар мектебі «NeoUstaz» жобасы шеңберінде өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру үдерісіндегі инновациялық ізденістерін таныстырды. Мұғалімдер күні қарсаңында «Smart Teacher Qonaev» жобасының қорытындысы шығарылып, қала әкімі Асхат Бердіханов біздің ұжымға «ЖИ идеялар генераторы» номинациясын табыс етті.
Заман ағымынан қалыс қалмай, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды сақтап, білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, ұрпақ тәрбиелеуді парыз санайтын, ұжым тарапынан атқарылып жатқан қыруар тірлікті санамалай берсек, оның бәрін бір мақала аясына сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан шәкірт тәрбиелеудегі ұтымды ісімен дараланған мектепте білім биігін бағындыру жолында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істердің бір парасын ғана атап өттік.
Мира Әбікенова,
№3 орта мектептің директоры
Қонаев қаласы

