Перейти к содержимому

Ыбырай мұрасы – ұрпаққа өнеге

12 қаралым

Қонаев қалалық кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында қазақтың ұлы ағартушысы, педагог-жазушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Бірге оқиық» атты республикалық әдеби акция өтті. Мақсаты – оқушыларға Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын таныстыру, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, адалдыққа, бірлікке, ізгілікке тәрбиелеу және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Еліміздің барлық өңірінде бір мезетте өткен шараға орта мектеп-гимназиясының, №3 және Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің оқушылары қатысты.

Акция барысында кітапхана қызметкерлері балаларға Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиеті мен білім саласына қосқан үлесі туралы мол мағлұмат берді. Педагог-жазушының «Кел, балалар, оқылық!», «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Мейірімді бала» және басқа да шығармаларын кеңінен таныстырды.
Келесі кезекте «Ойлан, тап!» атты танымдық сұрақ-жауап ұйымдас­тырылып, оқушылар Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін паш етті. Сонымен қатар жазушының «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесін кітапханашылар, мұғалімдер мен оқушылар дауыстап оқыды. Шығарма мазмұнына назар аударған білім алушылар кейіпкерлердің іс-әрекетін талдап, Сейітқұлдың бойындағы қасиеттеріне өз бағаларын берді. Әңгіме түсінікті болу үшін балалардың назарына «Қыпшақ Сейітқұл» туралы мультфильм ұсынылды.
«Егер мен Сейітқұл болсам…» атты ой бөлісу кезеңінде оқушылар өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен бірге ауылды көркейту, елге пайда келтіру, еңбек ету және бірлік туралы ой бөлісті.
– Еліміз көлемінде бір уақытта «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясындағы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай қалалық кітап­ханада өтіп жатқан республикалық ауқымды әдеби акцияның тәрбиелік мәні зор. Акция шеңберінде кітапханада ағартушының өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-танымдық кездесу, кітап көрмесі және оқырмандармен түрлі әдеби жүздесу ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдерге «Таза бұлақ», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл» сияқты шығармаларды таныстыруға ерекше көңіл бөлудеміз. Өйткені бұлар – ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілікке және ізгілікке үндейтін баға жетпес рухани мұра. Өскелең ұрпақ ел болашағы болса, кітап оқу – білімге бастар жол. Сондықтан баршаны кітап оқып, рухани байлығын арттыруға шақырамыз, – деді қалалық кітапхананың бөлім меңгерушісі Іңкәр Қайратқызы.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑