Ұлағатты ұғымды қастерлеп, мұғалім мәртебесін асқақтату мақсатында өткен облыстық «Жылдың үздік мұғалімі – 2025» байқауында бірінші орынды Кеген ауылындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрбек Керімбайұлы иеленіп, автокөлік сыйға тартылды.
Мектеп ұжымы жеңімпаз әріптесін ауданның кіреберіс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алып, ән-шашуын арнап, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Оқушылар да мұғаліміне зор қошемет көрсетті.
– Мектебіміздің абыройын асқақтатқан Нұрбекке шын жүректен қуаныштымыз! Оған ерекше қолдау көрсетіп, әдістемелік көмек берген аудандық білім бөлімі жанындағы әдістемелік орталық маманы Жұмагүл Дәуітқалиқызына, Жадыра Мышанқызына, мектептің шығармашылық тобына алғыс айтамыз. Сондай-ақ ұстаздар Тілекжан Әділбеков мен Жұмаш Сұлтан, Нұргүл Қанапияқызының ақыл-кеңесі мен методикалық көмектері мол пайдасын тигізді. Нұрбектің жеңісі бізге шабыт беріп, биік белестерді бағындыруға жетелейтіні сөзсіз. Мектебіміздің мерейі арта берсін! – деді әріптестері.
Кеген аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Қанапияқызы, зейнеткер-ұстаз Нұрсара Берікова да ақ тілектерін ақтарды.
– Айналайын, Нұрбек! Сен өзіңнің ерен еңбегіңмен жеңіс тұғырына көтерілдің. Енді, міне, абырой арқалап, өзіңнің алтын ұяңа, мектебіңе оралып отырсың. Біліктілігің мен шеберлігіңді оңтайлы ұштап, білім саласында сүбелі үлесіңді қосып жүрген ұстазсың. Менің саған шынайы тілегім, жастық көңілің жайдары болсын! Өміріңе тек береке, бірлік тілеймін! – деді Нұрсара Берікова.
Өз кезегінде Нұрбек Керімбайұлы әріптестеріне ризашылығын білдіріп, бұл жетістік ұжымның ортақ қуанышы екенін жеткізді, Сонымен қатар ол шешендік өнер бағыты бойынша өтетін республикалық байқауға жолдама алғанын да тілге тиек етті.
«Жас маман – жақсы істің жаршысы» демекші, біз де білікті мұғалімнің алдағы белесіне сәттілік тіледік.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы