Балқаш ауданында «БАЛҚАШ КУБОГІ» атты облыстық мини-футбол турнирі өтті. Жарысқа Алматы облысының спорт мекемелерінде еңбек ететін мамандар мен қызметкерлер қатысты. Жалпы саны — 21 команда, 200-ден астам қатысушы.
Турнирдің ашылу салтанатында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров сөз сөйлеп, мұндай жарыстардың тек ұжым ішіндегі байланысты нығайтып қана қоймай, мамандарға салауатты өмір салтын ұстануда үлгі болатынын атап өтті.
— Бүгін бұл алаңда аймақтағы спортты дамыту жолында еңбек етіп жүрген азаматтар бас қосып отыр. Мини-футболдың біріктіретін, шабыттандыратын және қуат сыйлайтын қасиеті бар екенін көріп отырмыз. Осындай шаралар арқылы мықты спорттық қауымдастық қалыптасып, бұқаралық спортты дамытуға жол ашылады. Сонымен қатар, турнир аймақтағы спорт ұйымдары арасындағы тұрақты жарыстар дәстүрін қалыптастырып, үздік командалар мен ойыншыларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде физикалық дайындық деңгейі мен кәсіби байланыстарды арттыруға септігін тигізеді, — деді Ақжүрек Таңатаров.
Жарыс тартысты, бірақ достық рухтағы жағдайда өтті. Әр команда жоғары дайындық деңгейін, шеберлікті және жеңіске деген ұмтылысты көрсетті.
— «Балқаш кубогі» турнирі — спорттың адамдарды біріктіріп, ұжымдарды нығайтып, жаңа жетістіктерге жетелейтінінің тағы бір дәлелі. Бұл біз үшін жай ғана жарыс емес, бұл — әріптестерімізбен кездесуге, тәжірибе алмасуға, командалық рух пен спорттық жігерді сезінуге тамаша мүмкіндік. Әріптестерім бұл жерге жай ойын ойнау үшін емес, спорттың олардың өмірі мен кәсіби
мәдениетінің бір бөлігі екенін дәлелдеу үшін келді. Осындай игі бастама үшін ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, — деді жарысқа қатысушы Нұрболат Уәли.
Тартысты өткен кездесулер қорытындысы бойынша үздік командалар мен ойыншылар анықталды.
1-орынды — «Жекпе-жек түрлері бойынша облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» еншілеп, финалда Қонаев қаласының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасын жеңіп шықты. Үздік үштікке Балқаш ауданының командасы да енді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының кубоктары, медальдары және дипломдарымен марапатталды.




