Әке – бала өміріндегі ең үлкен ұстаз, ең сенімді қорған. Әкеңнің көзқарасы, ақылы, жүрегінің жылуы – бәрі бала санасында мәңгі қалып қояды. Мен үшін әкем Қанат Біржансал – тек асқар тау ғана емес, жан-жақты тәрбие беріп, арманыма жол ашқан шын мәніндегі шамшырақ.
Әкемнің өмір жолы күреске, адал еңбекке және рухани тазалыққа толы болды. Ол – тек отбасымыздың тірегі емес, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Осы мақаланы жазу арқылы әкемнің әрбір ісіне деген құрметімді, сағынышымды және мақтанышымды жеткізгім келеді. Мен үшін журналистика жай ғана кәсіп емес, ол – менің өмірлік жолым. Бұл жолды мен өз еркіммен емес, жүрегімнің үнімен, ұлы мұратпен таңдадым. Осы жолға мені жетелеген өзімнің әкем, өмірден ерте өтсе де, маған қалдырған өнегесімен әлі күнге дейін жанымда жүргендей көрінетін Қанат Біржансал. Ол шындықты ту еткен, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нағыз журналист болды.
Адам дүниеден өткен соң оның артына қалдырған ізі, сөзі, еңбегі ғана емес, мінезі мен адамдық болмысы да ел жадында сақталады. Ол қысқа ғұмырында артына өшпестей із қалдырып кетті. Журналистикадағы еңбегі, әдебиеттегі ақындық әлемі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі – біз үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де үлкен мұра.
Әкем 1962 жылы 7 шілдеде Райымбек ауданы Қақпақ ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауылдың топырағында өсіп, сол ортадан нәр алды. Жасынан еңбекқор, ізденімпаз, елгезек болып қалыптасты. Қақпақ ауылындағы қазіргі Жәмеңке атындағы орта мектепті бітіріп, үлкен арманның жетегінде Алматыға жол тартты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алды. Бірақ ол жоғары оқу орнына дейін-ақ ауыл тіршілігіне ерте араласып, 1979 жылдан бастап шаруашылықта жұмысшы, құрылысшы болып еңбек етті. Жастайынан жауапкершілік арқалап, ауылдық клубтың меңгерушісі, комсомол ұйымының хатшысы қызметтерін атқару арқылы ұйымдастырушылық қабілетін, елге деген жанашырлығын көрсетті. Әкемнің шығармашылық еңбек жолы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінен басталды. Онда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып, халықтың тыныс-тіршілігін, қуанышы мен мұңын газет бетінде бейнеледі. Кейін Қазақ радиосының Нарынқолдағы редакциясында жауапты редактор болды. Бұл кезеңде ол ауылдағы қарапайым еңбек адамдарын, елдік мәселелерді эфир арқылы тыңдарманға жеткізді. Кейін «Хантәңірі» газетінде меншікті тілші, кейін бас редактор қызметін атқарып, журналистиканың шыңына шықты. 2000 жылдан бастап Алматы облыстық «Жетісу» газетінің Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарында Алматы облыстық «Алатау арайы» және Кеген аудандық «Қарқара» газеттерінде меншікті тілші болып, өзіне сеніп тапсырылған міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарды. Газет оқырмандары оның мақалаларын асыға күтетін. Әкем әр мақаласында ауыл тіршілігінің бояуын қанық беріп, қарапайым адамдардың еңбегін биікке көтеріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап отырды. Шалғай ауылдағы шопанның мұңын, дәрігердің ерлігін, мұғалімнің еңбегін терең сезініп жазды. Қарапайым еңбек адамы – оның шығармаларының басты кейіпкері болды. Әкем тек журналист қана емес, ақын еді. Оның «Мөлдір моншақ», «Тәңіртауға табынам», «Қарашада қара үй тұр» сынды кітаптары – елге деген сағынышын, туған топыраққа тағзымын айқын көрсететін сырлы туындылар. Осынау еңбегінің арқасында ол Қазақстан Журналистер одағы және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын иеленді. «Еңбек ардагері» медалі және «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталып, ҚР Президенті грантының иегері атанды. Ал Райымбек ауданының Құрметті азаматы атануы – халқының берген үлкен бағасы. Бұл – оның еңбегіне берілген құрметтің бір ғана бөлігі. Мен үшін Қанат Біржансал есімі адамдық пен адалдықтың үлгісіндей. Үйде де, түзде де бір мінезді, парасатты, ұстамды жан еді. Қаламын қолға алғанда өмірдің өзімен тілдесіп отырғандай болатын. «Журналист – шындықты қорғаушы» дейтін ол, әр мақаласына жанын салып, қарапайым жандардың тағдырын биік деңгейде көрсетуге тырысатын. Журналистиканы жай кәсіп емес, миссия деп қабылдады. Сол себепті ол бізге де: «Жұртқа пайдаң тисін, сөзің өтімді болсын. Бірақ ешқашан біреудің көңілін басып, арын таптама», – дейтін. Әкемнің қаламы бүгінде жазуын тоқтатқанымен, оның әрбір сөзі мен қалдырған ізі – мен үшін де, көзін көрген әріптестері мен оқырмандары үшін де мәңгілік мұра.
Әкем өмірден өткен соң қолыма қалам алу маған аса қиынға соқты. Себебі мен үшін қалам – жай құрал емес, әкемнің рухын жалғайтын қасиетті дүние еді. Көп уақыт бойы қағазға қарап тұрып, қаламым жүрмейтін. Себебі әр әріптен әкемнің саусағы, әр ойдан оның дауысы сезіліп тұратын. Сол үнге деген сағыныш қалам ұстауға кедергі болды. Бірақ, бір сәтте мен қаламнан емес, өз-өзімнен қашып жүргенімді түсіндім. Уақыт өте келе әкемнің қалдырған ізімен, оның үйреткен рухымен қайта қауыштым. Журналистика – маған таңдалған мамандық емес, маған сеніп тапсырылған аманат екенін жете сезіндім. Бүгінде мен әр жазған сөзімде оның салмақты тілін, шындыққа адалдығын, адамға деген құрметін жүрекпен сеземін. Ол қалдырған рухани ізді жоғалтпай, сол жолда еңбек етіп келемін. Қарапайым оқырманнан келген алғыс – мен үшін әкемнің «мақұл» деген жылы үні секілді естіледі. Мен ол кісі секілді өткір публицист емеспін. Бірақ оның жолын жалғаушы перзентпін. Сол жолда жүргенім үшін шүкір деймін. Себебі бұл – менің өмірлік миссиям. Әрбір мақаламды жазарда «Бұл мәтін әкеме ұнар ма еді?» деп ойлаймын. Бұл – менің ішкі сыншым да, темірқазығым да. Қазір мен қаламды сенімді түрде ұстаймын. Өйткені ол – менің әкемнің ізі, оның үнсіз мұрасы. Ол кеткенімен – мен бармын. Ол үнсіз қалды, бірақ мен оның үнін жеткізу үшін сөйлеп келемін. Әкемнің өмірден өткеніне екі жарым жылдан асса да, бейнесі көз алдымнан кетпейді. Әр мақаласын қайта оқыған сайын, әр өлеңін парақтаған сайын жүрегім елжірейді. Ол – туған жердің жыршысы, елдің сөзін сөйлеген шыншыл журналист, отбасына қорған болған асыл әке, көпке қадірлі азамат еді. Әкемнің қалдырған мұрасы – бізге аманат, сол аманатты арқалап жүру – біздің перзенттік парызымыз. Бүгінде мен әкемнің есімін мақтанышпен айтып, оның жолын жалғастыруды өзіме парыз санаймын. «Әкемнің рухы мені әрдайым қолдап жүр» деген сеніммен алға қадам басамын. Қанат Біржансалдың өмірлік жолы – менің жүрегімдегі мәңгілік шамшырақ!
Индира БІРЖАНСАЛ,
журналист




