Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласына барып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Жақында ғана ерекше мәртебе берілген жаңа шаһардың әлеуметтік және экономикалық жағдайын бағамдады. «Жетіген» шағынауданындағы №6 орта мектепте Алатау қаласының әкімі Әркен Өтеновтің биылғы 9 айда атқарылған жұмыстар жайындағы баяндамасын тыңдады. Басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қатысқан жиында өңір тұрғындарымен бірге өзекті мәселелерді саралады. Сондай-ақ сапар аясында бірқатар өндіріс орны мен әлеуметтік нысандарды аралады.
Алдымен аймақ басшысы «Жаңадәуір» шағынауданындағы «Жұмыс» ЖШС-на атбасын бұрып, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған серіктестік бүгінде еліміздегі ең озық гигиеналық өнімдер өндірушілердің бірі саналады. Қазір мұнда 150 адам тұрақты еңбек етеді. Компанияның бас директоры Бақтияр Асқарұлының айтуынша, қазіргі таңда зауытта қағаз өнімдерімен қатар, тәулігіне 20 тонна көлемінде тұрмыстық химия өнімдері өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс қуатын арттырып, бұл көрсеткішті тәулігіне 100 тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ компания өз қажеттілігіне арналған шикізат пен шығын материалдарын шығаратын тікелей өндіріс желісін дамыта түспек. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы кәсіпорынның жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс ұсынып, өңір экономикасын нығайтуға, сондай-ақ облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқанын жоғары бағалап, өндіріс желілерін кеңейтуге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Келесі қадамда аймақ басшысы «Қоянқұс» шағынауданындағы «UNITED HYGIENE» ЖШС-на аялдап, компанияның өндіріс желісін аралады. Ылғал майлықтар мен балалар жөргегін өндіретін зауыт құрылысына 10 млрд теңге қаржы жұмсалған. Қазір зауыт жартылай іске қосылған. Онда елуден аса адам еңбек етеді. «UNITED HYGIENE» ЖШС-ның басшысы Аскер Пириевтің айтуынша, кәсіпорын толық іске қосылғанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қоса өнімнің 50 пайызы сыртқы нарыққа экспортталады. Ал облыс әкімі Аlatau City-де өндіріс қалашығы да салынатынын, тоғыз жолдың торабында орналасқан мекенде 100 мыңға жуық жұмыс орны ашылатынын айтып, осында өндірісін өркендетіп жатқан кәсіпорындарға барынша жағдай жасалатынын жеткізді.
Облыс басшысы сапар аясында стратегиялық маңызы зор қаладағы әлеуметтік нысандарға да айрықша назар аударды. «Қоянқұс» шағынауданындағы 900 орынды жайлы мектеп пен «Еңбек» шағынауданындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке де бас сұқты. Марат Елеусізұлы ғимарат құрылысы аяқталған білім ордасының абаттандыру жұмысын тездетіп, ал салынып біткен фельдшерлік-акушерлік пунктті жұрт игілігіне пайдалануға беруді тапсырды.
«Жетіген» шағынауданындағы №6 орта мектеп қабырғасында тұрғындармен өткен кездесу Алатау қаласының әкімі Әркен Өтеновтің баяндамасынан басталды. Әркен Хамитұлы бүгінде қалада логистика, медицина және тамақ өнімдерін өндіру саласындағы жобалар іске асырылып жатқанын баяндады. Қазір 6 мыңнан аса жұмыс орнын ашатын 12 инвестициялық жоба үшін жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қарамағына беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 5,8 мың гектар аумақта негізгі ірі жобалар жүзеге аспақ.
«Бүгінде қала дамуының негізгі бағыттары айқындалып, инфрақұрылымды кеңейтіп, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салуға басымдық берілуде. Сонымен қатар қала аумағында еліміздегі ең ірі және әлемдегі төртінші «Alatau» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Оның аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген компаниялар үшін салықтық, кедендік және әкімшілік преференцияларды көздейтін арнайы құқықтық режим қолданылады. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 125 млрд теңге инвестиция құятын 4 кәсіпорын экономикалық аймақтың резиденті болып танылды. Онда жалпы саны 580 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар құрылыс материалдарын, электр кабельдері мен қондырғыларды, медициналық бұйымдар және тағам өнімдерін өндіретін тағы 13 компанияның өтініші қарастырылуда. Осылайша, инвестицияның жалпы көлемі шамамен 673 млрд теңгені құрайтын 17 жобаны орналастыру көзделуде», – деді Әркен Хамитұлы. Сонымен қатар қала әкімінің баяндамасында білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауызсу, құрылыс, жол, кәсіпкерлікті дамыту жайы баяндалды.
Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев қала тұрғындарымен кездесуінде жыл басынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталып келе жатқанын тілге тиек етті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,2%-ға артып, 1,6 трлн теңгеге жетсе, сауда-саттық 19,1%-ға ұлғайып, 1,2 трлн теңгені құраған. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 20,3%-ға ұлғайып, 819,1 мың шаршы метрге жеткен. Облыс бойынша биыл жоспарланып отырған инвестиция көлемі 1 трлн 352 млрд теңге болған. Ал облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелі 6,3 трлн теңге көлеміндегі 214 жобадан тұрады. Бұл жобалар аясында 76,6 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
«Облыс экономикасын дамытудағы негізгі қозғаушы күш – агроөнеркәсіптік кешен, осы салада өндірілген жалпы өнім көлемі бойынша 10,8%-дық үлеспен Түркістан облысынан кейінгі екінші орынды иеленеміз. Аймақ өсімдік шаруашылығында өрік өндірісі бойынша бірінші, алма, алмұрт, соя қызанақ, қияр, қырыққабат, асқабақ, бұрыш өсіру бойынша екінші, ал таңқұрай, сарымсақ, жүгері, күріш өсіру бойынша үшінші орынды еншілейді. Сонымен қатар облыс ет өндіру бойынша көш бастап тұр», – деді аймақ басшысы.
Марат Елеусізұлы тұрғындармен кездесуінде қаланың ерекше мәртебе алуына байланысты интернет сапасын арттыру жұмысы Цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетімен бірлесе жүзеге асырылып жатқанын айтты. Жоспарға сәйкес қалада талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамытумен қатар, 5G стандартындағы базалық стансалар да орнатылатын болады. Сонымен қатар Алатау қаласының 7 шағынауданында ауызсу және кәріз жүйелерін жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, құрылыс жұмысы келер жылы басталмақ.
Бұдан кейін қала тұрғындарының талап-тілегіне сай сұрақ-жауапқа кезек берілді. Алатау жұртшылығы өзін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Олар «Шағынаудандарда спорт кешені мен Мәдениет үйі бой көтерсе, елдімекен арасындағы жолдар жөнделсе, жарық шамдар орнатылып, өткел салынса, қоқыс мәселесі шешілсе» деген өтініштерін жеткізді. Сонымен қоса қала тұрғындары баспанамен қамту жұмысы да ақсап тұрғанын айтты. Зейнеткерлер «Жетіген» шағынауданынан сауда үйін салуды аймақ басшысының назарына ұсынды.
Тұрғындардың сауалдарына облыс әкімі тұшымды жауаптар қайтарды. Қала жұртшылығының айтқан уәжін тиісті мекемелер, жауапты адамдарға жүктеді.
Кездесуді қорытындылаған облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев жұрт тілегі қашанда ескерілетінін айтып, жаңа бағытта дамитын Алатау қаласының келешегі кемел екеніне тоқталды.
Ерзат АСЫЛ
Алатау қаласы