Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мен қандастардың қоғамдық өмірге бейімделуін жандандыру мақсатында тың жоба қолға алынды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасына сәйкес, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы арнайы жұмыстарды ұйымдастырып, 48 сағаттық оқу бағдарламасы мен 3 айлық курсты тамыз айынан бастап кетті.
Аталған бастама шетелден тарихи Отанына қоныс аударған қандастардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне, қоғамға тез бейімделуіне, сондай-ақ азаматтық белсенділігін арттыруға және құқықтық, әлеуметтік мүмкіндіктермен жан-жақты танысуына мүмкіндік береді.
Алматы облысында 2025 жылдың 1 қаңтары мен сәуір аралығында 1222 этникалық қазаққа «қандас» мәртебесі беріліп, 188-іне ұзартылған. Атажұртына оралған қандастар Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Сауд Арабиясынан қоныс аударған. Олар Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандары мен Қонаев қаласына қоныстанған.
Жоба аясында облыстың барлық өңірінде тұратын қандастар үшін мемлекеттік тілді тегін үйрету курсы ұйымдастырылуда. Құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған семинар, тренинг өткізілуде. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мекемелердің қызметтері жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп, қоғамдық белсенділік пен әлеуметтік бейімдеуге арналған мәдени және рухани іс-шаралар ұйымдастырылуда. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мамандары бұл жұмысты аудандар мен қалаларда жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жобаға облыс бойынша әртүрлі жастағы 20 топқа бөлінген 302 қандас белсенді қатысып, мемлекеттік тілде сөйлеу дағдысын қалыптастырумен қатар, ел заңдылықтары мен құқықтық жүйесі туралы маңызды ақпараттар алып отыр. Бұл тек тіл үйретумен шектелетін жоба емес, елге оралған ағайындардың толыққанды азаматтық ортаға бейімделуіне бағытталған кешенді бағдарлама.
Мемлекеттік тілді меңгерту – басты басымдықтардың бірі. Сонымен қатар қандастарымыздың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды қоғамға бейімдеу – біздің ортақ міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Тіл мен тәрбие – ұлт тұтастығының негізі. Осы ретте қолға алынған бұл бастама ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы стратегиялық бағытымен үндесіп, ұлтына жанашыр, тіліне құрметпен қарайтын, белсенді азаматтық ұстанымы бар жаңа буынды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Индира Рақымқызы,
«Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы»
КММ басшысының орынбасары