Есті әуен адам жанының терең қатпарына бойлап, жадыңда сақталған сезімдерді оятып, жүрек түкпіріндегі ескі күн елестерін жаңғыртып, кейде жанарды мөлдір жасқа толтырып, көңіл шерін тарқатады. Ал мұндай ғаламат музыка жазу өнердің құдіретін түсініп, оны шебер меңгерген нағыз таланттың ғана қолынан келеді. Сондай жанның бірі – композитор, ұстаз, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат ҮСЕНОВ. Өмір жолына үңіліп, бүгінгі дәстүрлі музыканың жай-күйін білу үшін өнер иесін әңгімеге тарттық.
– Ермұрат аға, жақында Париж төрінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті. Айтулы шараға өзіңіз де қатысып қайттыңыз. Ұлы композитордың мерейтойы қандай әсер қалдырды?
– Атақты Париж қаласына бірінші рет баруым. Әлемге даңқы жайылған танымал жерлерді көріп, таң-тамаша болдық. Қаншама ғасыр бұрын салынған ғимараттардың әлі күнге сол қалпында сақталғанына қайран қаласың. Архитектурасы көздің жауын алады. Халқы өте қарапайым. Құшақ жая қарсы алды. 24 қыркүйек күні қаладағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Кеште ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, делегация өкілдері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері бой көрсетті. Сондай-ақ «Отырар сазының» ардагерлері – Дүйсебай Шаштайұлы, Жалғасбек Бегендіков үшеуміз де арнайы шақырылып, айтулы шараның куәсі болдық. Көрермен лық толы залда «Отырар сазының» қазіргі көркемдік жетекшісі әрі дирижері Дінзухра Нұрғисақызының басшылығымен оркестр ұлы композитордың қайталанбас туындыларын орындап, Париж шаһарын әуезді әуен ырғағына бөледі. Кештен керемет әсер алып қайттық.
– Нұрғиса Тілендиевпен талай жыл бірге жұмыс істеп, тәліміне қанығып өстіңіз. Көңіл төріңізде сақталған естеліктеріңізбен бөліссеңіз.
– Нұрғиса Тілендиев – ерекше жаратылған жан. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Ықылас, Ақан сері, Біржан сал сынды тұлғалардың дәстүрін жалғастырған бірден-бір композитор. Сол себептен шығармалары халық күйлерімен, әндерімен бітеқайнасып, халық жүрегінен орын алып, рухани азығына айналған. Нұрағаңмен «Отырар сазын» ансамбль ретінде құрғаннан бастап бірге жұмыс істедім. Кейін оны үлкен оркестрге айналдырды. Тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңіріп өстік. Мінезі турашыл, еңбекқор жан еді. Жұмысты тыңғылықты істейтін, әр шығарманы жеріне жеткізе жазатын. Бүге-шүгесіне дейін қарап, әбден пісіріп барып сахнаға шығаратын.
Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда жеті жыл домбыра сыныбын оқып, бітірдім. Одан кейін төрт жыл музыка теориясын тәмамдадым. 1979 жылы тұңғыш рет домбыра мен фортепианоға шығарма жазып, жабық конкурста бас бәйгені иелендім. Осыдан кейін Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазына» шақырып, домбыра тобының концертмейстері, бас домбырашы ретінде жұмысқа алды. Оркестрдің атмосферасы, тәртібі ерекше болды. Ол кісі жұмысқа бар ынта-шынтасымен, жан-тәнімен кірісетін. Алдында отырған 60-70 адамның қолындағы әр аспаптың дыбысын ести білетін. Кімнің құлақ күйі келмей тұрғанын бірден сезіп, түзетіп отыратын. Әуенді оркестрге лайықтап өңдеуі, әр аспаптың үні мен рөлін дәл таба білуі шығарманың көркемдігін тіптен құлпыртып жіберетін. Бұл – өте терең, жан-жақты білімді талап ететін күрделі іс. Тілендиевтің сол кезде түсірген музыкасы бізге әлі күнге дейін керемет үлгі. Ол кісі мені оркестрге арнап шығарма жазуға бейімдеді. Шетелге жиі жол тартатынбыз. Мәдениет министрлігі арнайы тапсырма беретін. Нұрағаң мені шақырып алып: «Баратын өзің, сенің білімің бар, іске кіріс» деп сол міндетті маған жүктейтін. Ешқашан мақтау-мадақ айтпайтын. Тек екі жағдай ерекше есімде қалыпты. Тұңғыш туындым сазсырнайға арналып жазылған – «Көңілді арбакеш». Бұл шығарма еңбек жолымды бастаған Жезқазған жерінде алғаш рет орындалды. Сол кезде Нұрғиса Тілендиев сахнаға өзі шығып, батасын берген. Онда да мені мақтау үшін емес, халыққа қарата, өнерді түсінсін деп айтқаны еді. Кейін бұл шығарма оркестрдің репертуарынан түспей, барлық концертте Нұрғиса Тілендиевтің басқаруымен орындалып жүрді. Екінші жағдай 1986 жылғы көтеріліске қатысты. Бұл қырғынды көзімізбен көріп, сол дүрмектің ішінде болдық. Осы жылдың желтоқсан айында қаралы оқиғаға арналған шығармамды бастап, қаңтардың аяғында бітірдім. Нұрғиса Тілендиев шығарманы ұнатып, керемет интерпретация жасап, сахнаға шығарды. Бірақ мұның Желтоқсан оқиғасына арналып жазылғанын жасыру керегін түсіндірді. «Басыңа қатер төнеді. Атын жасырып әзірге «Арнау» деп жариялайық. Заман өзгерер. Шындық айтылатын кез келеді», – деп менің амандығымды ойлады.
Нұрғиса Тілендиевтің тағы бір қасиеті музыка жазғанда оны фортепианоға барып тексеріп көрмейтін. Кәдімгі баяндама жазғандай ойша тербейтін. Мені үйіне шақырып алады. Жазып отырып, ара-арасында рояльға барып, тексеріп қоямын. Бір, екі, үш рет барамын. Сол кезде Нұрағаң: «Сен консерваторияны бір емес, екі рет бітірдің. Неменеге фортепианоға жүгіре бересің. Ойыңмен толғай бер», – дегеннен кейін мен де рояльсыз жазатын болдым. Бұл әдет әлі күнге дейін өзгерген жоқ.
– Ермұрат аға, сәл кейінге, балалық шаққа шегініп көрейік. Бұл кезең адамның болашақ өміріне бағдар болып, таңдауларына көп әсер етеді. Сіздің балалық дәуреніңіз қалай өтті? Консерваторияда оқыған жылдарыңыз жайлы да баяндап берсеңіз.
– Менің туған жерім – Алматы облысындағы атақты Қарқара жайлауы. Одан бөлек Көлсай, Шарын шатқалы, ар жағында атақты Мұқағалидың ауылы Қарасаз, Шалкөде, аспанмен таласқан Хартәңірі етегінде балалық шағым өтті. Ата-анам мал шаруашылығымен айналысты. Қыс қыстауда, жаз жайлауда жүріп күнелтті. Онда қазіргі асфальт деген жоқ, бәрі қара жол. Көлік те анда-санда жүреді, ары-бері атарбамен қатынайтынбыз. Әкемнің інісі Сапан деген ағамыз арбамен жайлаудан сүт таситын. Қайтарда ағаның арбасына отырып алам, ол кісі өлеңдетіп тұрып, ауылға қарай жол тартатын. Сол кездегі көңіл-күй, табиғаттың әсем көрінісі, қара жол, шаңдатып, жүйіткіп бара жатқан арба, сайрап ән салған құстардың үні, балалық шақтың тәтті кездері «Көңілді арбакеш» шығармасының тууына себеп болды. Консерваторияда дайындық курсында оқып жүргенімде дыбысы керемет рояль болатын. Соған отырып, ойнай бастағанымда, бала кезімдегі көріністер санамда жаңғырып сала берді. Осылайша жаңа туынды өмірге келді.
Әкем соғысқа қатысқан, 1-топтағы мүгедек болды. 9 жасыма дейін ойнап-күліп, алаңсыз күй кештік. Осы жасымда анам артына алты баланы қалдырып, 37-сінде өмірден қайтып кетті. Ең кенжесі емізулі бала еді. Содан басымызға күн туды. Осылайша менің де балалық шағым аяқталды.
Мектеп бітіргеннен кейін бірінші Чайковский атындағы музыка училищесіне бардым. Бірақ Хабидолла Тастанов ағамыздың ақыл-кеңесімен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның дайындық курсына тапсырдым. Ол кезде консерваторияны жөнді білмеймін де, біраз тартыншақтап тұрдым. Ақыры қояр да қоймай алып барды. Онда әуенді сезіне алуым, ырғақ, еске сақтау, домбырада ойнауымды байқады. Ары тексеріп, бері тексеріп болғаннан кейін Еркеғали Рахмадиев: «Сен бала күзде бір-ақ кел. Оқуға түстің», – деді. Осылайша дайындық курсына бір-ақ емтихан тапсырып, түсіп кеттім. Онда ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дүлдүл домбырашы Бақыт Қарабалинадан сабақ алдым. Шертпе күйге әуес болдым. Әбікен Хасеновтің үнтаспаларын тыңдап, оны өз әлімше үйрене бастадым. Ұстаздардың ұстазы, Қазақстанның халық әртісі, атақты Қали Жантілеудің алдын көрдік. Кейін шертпе күй класы ашылып, Уәли Бекеновтен де тәлім алдық. Кенжебек Күмісбеков, Базарбай Жұманиязов, Латиф Хамиди сынды тұлғалардан үйренгеніміз көп болды. Кейін консерваторияға екінші рет түскенде М. Ермолов, В.Ивановна, Л.Быкова сынды ұстаздардың тәжірибесін бойымызға жинадық. Бұл кезде авангарттық музыкаға көп көңіл бөлдім. Бірақ «Отырар сазына» келгенде Н.Тілендиев мені дәстүрлі, ұлттық музыкаға қайта бұрды.
– Кез келген өнер адамының халық жүрегінен орын алған туындылары болады. Сіздің «Кербез сұлу», «Анама», «Көңілді арбакеш», «Күзгі әуен», «Ақ желкен» сынды шығармаларыңыз тыңдарманның ерекше ықыласына бөленген. Мұның сыры неде? Өнер адамдары өз туындыларын дүниеге алып келерде оларға белгілі бір жайттар әсер етеді немесе ішінде буырқанған сезімдер маза бермей, ұлы шығармаға айналады. Сіздің музыкаңыз қалай өмірге келеді?
– Көкшетаудың көркем келбеті «Кербез сұлу» әуенінің тууына себеп болды. Нурикамал Сейітжанова Ақмола облыстық мәдениет бөлімінің бастығы болып тұрғанда «Алтын дән» ансамбліне әуен жазып беруімді сұрады. Алғаш рет шығарма Көкшенің төрінде шырқалды. Кейін сол «Алтын дән» ансамблінің атауын «Кербез сұлу» деп өзгерттім. Қазір де бұл ансамбль жұмысын жалғастыруда. Мұның нотасын бертін келе атақты домбырашы Айгүл Үлкенбаева тауып алып, маған хабарласып, орындағысы келетінін айтты. Аспапқа лайықты өңдеп, керемет орындап шықты, бейнеүзінді түсірді. Осылайша бүкіл Қазақстанға таралып кетті.
«Анама» шығармасы өмірден ерте кеткен ардақты жанға деген ыстық сағыныштан туған. «Отырар сазында» істеп жүргенде Атырау облысына гастрольдік сапар кезінде дүниеге келді. Ең бірінші Нұрағаңа тыңдатқанымда, ол кісі де жақсы бағалады. Діттеген жерімізге жеткенде бірден кешкі концертте орындалды.
«Ақ желкен» күйі аяулы ақын апамыз Фариза Оңғарсыноваға арналған. Ол кісінің қолынан талай дәм таттық, мені «Ермұратжан» деп, ерекше жақсы көретін. Астанада Президент мәдениет орталығы болды. Оның басшысы академик Мырзатай Жолдасбеков еді. Онда біз «Алпамыс» қойылымын сахнаға шығардық. Музыкасын жазу маған тапсырылды. Сәулебек Асылханов режиссер болды. Сөзін атақты ақын Несіпбек Айтұлы жазды. Премьерасына Фариза Оңғарсынова да келді. Қойылым ойдағыдай өтті. Аяқталған соң Фариза апай: «Ермұратжан, бері кел», – деп шақырып алды. «Өзің білесің, мен анау-мынау нәрсеге көзіме жас ала бермеймін. Бірақ сенің «Алпамысыңда» мен бастан-аяқ жылап отырдым», – деді. Бұдан артық қандай баға керек?! Уақыт өзінікін алып, Фариза апай да дүние салды. Бір күні Айгүл Үлкенбаева Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші болатынын айтып, ол кісіге арнап шығарма жазып беруімді сұрады. Уақыт сырғып өте берді. Кешке бір жарым ай қалғанда Айгүл хабарласып, шығарма жайын сұрады. Мен ол туралы мүлде ұмытып кетіппін. Содан жан-тәніммен кірісіп, түнгі 3-ке қарай аяқтадым. Талықсып, шаршап, көзім ілініп кетіпті. Көз алдыма теңіз, оның үстінде ақ желкені бар қайық елестеді. Қалт-құлт етіп, тербеліп кетіп бара жатыр. Ішінде бір адам отыр. Кім екенін білмеймін. Бір уақытта көрінбей кетті. Сол кезде оянып кеттім де, «Ақ желкен» деген сөз аузыма оралды. Содан күйдің атын «Ақ желкен» деп қойдым. Сөйтсем, Фариза апам «Ақ желкен» журналын басқарған екен ғой. Оны мен білмеппін. Еске алу кешінде осы әуен орындалғанда залдағы көпшілік көзі жасына ерік берді.
Ұстазым Нұрғиса Тілендиев қайтыс болардан бір жыл бұрын шығармашылық кешімді өткізіп беруін сұрадым. Ол кезде сырқаттанып жүрген еді. «Жазылған соң қолға алайық, өзім көмектесемін, шығармаларың жеткілікті», – деді. Сөйтіп жүргенде ол күнге жетпей кетті ғой. 1999 жылы кешімді өткіздім. Онда Нұрғиса Тілендиевке арнап жазылған реквием орындалды. «Нұрғиса-толғау» деп атын қойдық. Осылайша ұстазыма мәңгілік ескерткіш қойдым деп ойлаймын. «Күзгі әуен» – ұстазыма деген сағыныштан туған шығарма. Ұстазсыз күз, Тілендиевсіз күз. Оны ҚР Еңбек сіңірген әртісі, қобызшы Тұрсынхан Қарақожаева алғаш рет орындады. Одан кейін барлық қобызшыларға тарап кетті.
Композиция – өте күрделі сала, қажырлы еңбекті талап ететін мамандық. Қазір жеңіл ән жазатын композиторлар көп қой. Плагиаттан аяқ алып жүре алмайсың, бір-бірінен көшіріп жатады, оған тоқтау салып жатқан ешкім жоқ. Кәсіби композитордың жолы басқа. Ол үшін терең білім керек.
Музыка жазғанда адамда түсініксіз сезім пайда болады. Қалай шығып жатқанына менің де ақылым жетпейді. Бір тақырып ойыма келіп қалады, соны дереу қағазға түсіріп қоямын. Кейін қайта қарап, ары қарай дамытамын. Шығарма дүниеге келерде жүрек ерекше тулап, жаныңа маза бермей кетеді.
«Шәмші-дастан» деген туындым бар. Менің талантты шәкіртім Еркін Нұрымбетовтің консерваторияны бітірер шағында айтқан өтініші бойынша жазылды. Алғашында Шәмшіге арнап бастаған жоқ едім. Келе-келе, Шәмшінің «Сыған серенадасына» түсіп кеткенімді байқамай қалдым. Содан Шәмшінің рухы жебеп тұрған шығар деп бұл шығарма Шәмші Қалдаяқовқа арналды.
– Басылымдардан сын мақалаларыңызды көзіміз шалып қалды. Дәстүрлі өнердің бояуын бұзбай, заман талабына сай әдістерді қолданып үйлесім жасауға бола ма?
– Консерваторияда музыка теориясында оқығанда бізге дұрыс сын жазуды да үйретті. Сын жазсам, оған толық хақым бар деп есептеймін. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Құрманғазының әруағын күңірентпейік», «Інжу-маржандарымызды лайламайық» деген мақалаларымда күйдің үнін бұзып, басқа стильге бұрып жіберетін өңдеушілер жайлы айтылған. Құрманғазы, Тәттімбет, Ықылас, Дина, Қазанғап сынды күйшілердің шығармалары – эталон. Оларды өзгертіп, заманға сай өңдейміз деп тыраштану – бос әуре. Ақтоты Райымқұлова Мәдениет министрі болып тұрғанда 15 атақты күйшінің атын жазып, оларға тиіспесін, мұны бүлдіруге болмайды деп қаулы шығаруын сұрағанмын. Бірақ бұл ескерусіз қалды. Құрманғазы, Тәттімбеттерге ауыз салып, үнін бұзу – үлкен қателік. Бұл біздің ұлттық құндылығымыз, мұрамыз, інжу-маржанымыз. Біз керісінше сонау замандардан келе жатқан төл сарынды сақтап қалуымыз керек. Келесі ұрпаққа сол күйінде жеткізуге міндеттіміз. Күйді өңдеудің де өзінің жөні бар. Сол жөнінен аттамай, ұлттық бояуды кетірмей өңдесе құба-құп болар еді.
– Соңғы жылдары музыка саласында қандай өзгерістер орын алуда? Қазіргі қазақ оркестрі мен консерваторияда шешімін таппай жүрген қандай мәселелер бар?
– Бірінші оркестрге тоқталайын. Бізде репертуар мәселесіне көңіл бөлінбей келеді. Бұрынғы таптаурын болған ескі үнді қайта-қайта қойып, концерт беріп жүрміз. Баяғыдағы бұрқыратып жазып, өңдейтін композиторлардың көбі өмірден өтіп кетті. Біз 7000 күйіміз, 5000 әніміз бар деп мақтанамыз. Бірақ олар кәсіби түрде оркестрде орындалып жатқан жоқ. Кезінде көркемдік кеңес деген болатын. Композиторлар әр үш ай сайын өз туындыларын сол көркемдік кеңесте талқылап, шығармасы қабылданса, гонорар да алатын. Қазір ондай жоқ. Соңғы уақытта оркестр репертуарында фильм санудтрегі пайда болды. Болмаса атақты әншілердің музыкасын кіргізіп, сол арқылы тыңдарманның көңілін аулауды көздейді. Ал бұл фольклорлы халық оркестріне тән дүние емес. Жаңағы айтылған ән мен күйімізді дұрыстап өңдеп, оркестрге түсірсе қандай ғанибет болар еді. Мұның барлығы айналып келгенде қаржы мәселесіне тіреледі-ау деп ойлаймын. Оркестрдің техникалық мәселесі де қиын болып тұр. Әр аспаптың дыбысы тыңдарманға таза естілуі керек. Қазір концерт қойғанда домбыраның үні көмескі тартып, мына жақтан қобыздың дауысы қатты шығып, басып кетіп жатады. Бір тұстан ұрмалы аспаптар жаңғырып, арт жақта баян, прима, шертпе аспаптардың дауысы бір-бірімен үйлеспей кетеді. Мұны ретке келтіретін мамандар бізде жоқ. Өткенде Париждегі Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойында Мәдниет және ақпарат министрі Аида Балаеваға осы мәселелерді жеткіздік. Ол кісі бұл түйткілдерді қарастырамыз деп уәдесін берді. Алдағы уақытта арнайы хат жолдап, бәрін егжей-тегжейлі баяндаймыз. Аида Ғалымқызы мұны назардан тыс қалдырмайды деп ойлаймын.
Енді консерваторияның жайына келейік. Біздің кезімізде консерваторияны 5-6 домбырашы ғана тәмамдайтын. Кейін бұл көбейіп, қазір бір курста 35-40 домбырашы бітіретін болды. Әрине, бұл жақсы үрдіс. Бірақ онда ұлттық репертуармен айналысып жатқан мамандар аз. Бұрынғы шығармалар орындалып келеді. Бірақ ары қарай дамымай қалды. Біздің кезімізде домбырашылар сыныбында «аспаптану», «аспаптау», «оркестрдің партияларын оқу» деген сабақтар болатын. Қазір соның біреуі де жоқ. Мұны қазір басқа факультетке ауыстырып жіберген. Ал онда қандай мұғалімдер сабақ беруде, халық аспаптарын оркестрге түсіру мәселесін қаншалықты біледі деген мәселе ойландырады. Олар тек авангарттық стильде, эстрадалық әндер немесе тағы сол сияқты бағыттағы шығармалар жазады. Ал біздің домбыра факультетіндегі басшылар бұл мәселені ысырып тастады. Мұны композиторлардың үлесіне беріп, бұдан басы бүтін құтылғанына қуанған сияқты. Бұл мәселені 1-2 жыл бұрын қолға алып, жоспарға кіргізіп, «аспаптану» сабағын жарты жыл жүргіздім. Балалар керемет қызығушылық танытты. Одан кейін 4-курста шығарманы аспапқа түсіруді оқытуымыз керек еді. Өкінішке қарай, биыл бұл жұмыс тоқтап қалды. Студенттер консерваториядағы халық аспаптар факультетінің деканына арыздарын жеткізсе де, мұның бәрі ескерусіз, елеусіз қалды. Енді бұл бастама әрі қарай жалғаса ма, жалғаспай ма белгісіз. Осыдан балалар мамандығына терең бойлай алмай, тек біржақты кетіп бара жатыр. Теориялық сабақтардың қалай жүріп жатқаны да көңіл жабырқатады. 3-4 жыл 2-курстағы домбырашыларға ансамбль деген сабақтан бердім. Емтихан кезінде сұрақтар береміз. «Жұбанов, Төлебаев деген кім, қанша опера жазылды, тұңғыш оркестр қашан құрылды, құрамында кімдер болды» деген сияқты сұрақтар қоямыз. Бұл жағынан балалар жұмған аузын ашпайды. Олар тек домбырасын жоғары-төмен тартумен ғана шектелген. Керексіз сабақтар саны да көбейіп кеткен. Бұл мәселелердің шешімін таппауы қазақ өнеріне жасалған қиянат қой.
– Композиторлықтан бөлек, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазсыз. Жас өнерпаздарды тәрбиелеуде нені ескеру керек? Ұстаздық жұмысыңыз жайлы кеңірек әңгімелесіңіз.
– Консерваторияны бітіргеннен бері ұстаздықпен айналысып келемін. Алғаш Жезқазғанда, кейін Чайковский атындағы Алматы музыкалық коллежінде, Жұбанов атындағы музыка мектебінде, Астана мен оның маңындағы қалаларда да шәкірт тәрбиелеп, сабақ бердім. Нәтижесі де жақсы. Мысалы, Аружан Есіркеп деген шәкіртім Жұбанов мектебінде алты жыл тәлім алды. Оншақты сайыста лауреат атанды. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Серікжан Әбдінұровтың класында білімін жетілдірді. Өзінің талантының арқасында фортепиано мен скрипкаға соната жазып, халықаралық сайыста бас жүлдені жеңіп алды. Мемлекеттік емтиханға екі симфониялық шығарма жазды. Комиссия мүшелерінің бәрі риза болап, Қазақстан Композиторлар одағына мүше қылып алды. Қазір Абай атындағы опера және балет театрына арнап музыка жазуда. Тағы бір шәкіртім – Ертай Ниязбек. Ол да Жұбановта алты жыл білім алды. Кейін композитор, профессор Бейбіт Дәлденбаевтың қолына тапсырдым. Қазір Чайковский атындағы музыкалық колледжінде сабақ беріп жүр, магистратурада білімін шыңдауда. Әліби Жанат деген талантты, еңбекқор шәкіртім бар. Оқып жүрген кездің өзінде біраз шығарма жазды. Қазір Ресейдің Санк-Петербург қаласындағы Римский Корсаков атындағы консерваторияның 3-курсында оқып жатыр. Мен композиция сабаған өткенде бүкіл классикалық гармонияны, ары қарай джаз гармония, авангарттық стильді де меңгертуге көңіл бөлемін. Соның арқасында шәкірттерім жан-жақты білім алып шықты. Олардың болашағы жарқын болатынына сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
