Әр адам – өзінше сырсандық, ашылмаған, зерттелмеген қазына. Күнделікті өмірде көзге ілінсе де, аса мән бере қоймайтын дүниелерді басқа қырынан көріп, тапқырлығымен дүйім жұртты таңғалдыратын суреткерлігі, текті бидің баласындай тік сөйлейтін мінезі, аузы дуалы шешендік өнері болса, ондай адамның сырсандығында құнды қазына жатқандығы анық. Міне, осындай рухани қазынаға бай, туған жердің тарихын түгендеп, дәстүрін дәуірлетіп, дала данышпандарының даналық мәйегін меңгеріп, көкірегіне түйіп, ел ертеңі үшін талмай еңбек етіп жүрген, екі дәуірдің куәгері – Күмісжан Байжан.
2000 жылдардың басында Талдықорған қаласына Алматы облысының орталығы статусы берілгеннен кейін елімізге танымал тұлғалар атбасын бұра бастады. Әдеби шаралар өтіп, ақын-жазушылармен етене араласа бастадық. Ақпарат саласында жүрген біздер үшін республикалық телеарна, газеттерде еңбек етіп жүрген әріптестеріміздің орны қашанда бөлек. Сол жылдары Алматы облысы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметіне Ұзынағаштан Күмісжан Байжан келді деп естідік. Облыстың қайнап жатқан тірлігіне қызу араласып жүрген кез, көп ұзамай бір шарада Күмісжан әпкеммен кездестім. Алғаш көрген сәтте Әбділда Тәжібаевтың:
Қайнаған қара құйын
бұлт боламын,
Бойымда ойнайды ұйытқып
от бораным! – деген өлең жолдары ойға оралды.
Бір нәрсеге көңілі толмай тұрды ма, біреуден көңілі қалды ма, әйтеуір сол сәтте қара бұлт та, құйын да келіп қалғандай болды. Сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жіберетіндей сұсты болып көрінді. Солай болып көрінгенімен адамға деген ақкөңіл, аңқылдақ пейілден бір сәт те ауытқып кетпейтінін кейін білдік. Бірде жанартау болып жарылып, мұхит болып тасқындағандай болса, келесі бір сәтте қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай жайбарақат күйге түсіп, балаша қуанатынына сан мәрте куә болдық. Әр адамның болмысы, дүниетанымы, әдебі мен әдеті, бір сөзбен айтқанда, азамат болып қалыптасуы бір күндік іс емес, оның тамыры тым әріден тартылатыны белгілі. Әр адамның сырсандығындағы қазынасы да бір күнде пайда болмайды. Мұқағали ақын:
Қазынам бар.
Қисапсыз шектеледі,
Қызғанады біреулер, жек көреді.
Бермеймін де,
сатпаймын, көрсетпеймін!
Алам десең,
Алдымен зертте мені… – дейді. Олай болса Күмісжан әпкемнің сырсандығында не бар екен, зерттеп көрейік деп өмір жолына үңіліп едік, көп жайлардың куәсі болдық. Ең бірінші байқағаным, тағдыр деген өзіңнің күрескерлігіңнен, істеген ісіңнен, әрекетіңнен, жақсы не жаман амалдарыңнан жасалатынын бала күнінен дәлелдеп келеді екен. Екі жасында әкесі Құдайберген, көп ұзамай анасы Рысбала өмірден озып, Үңгіртас ауылындағы мектеп-интернатта оқиды. Әке-шешесінен ерте айырылып жетімдіктің шері тағдырына таңылса да қиындықтар арманына құрық, мақсатына кісен сала алмады. «Жетім бала иесіз, өзі кесер кіндігін» деп Шәкәрім қажы айтқандай, оның бойындағы өзіне деген сенімділік сол жетімдіктің шыңдаған, шынықтырған қасиеттері болса керек. Ал талабы жанбағанын тағдырдан көріп, дәрменсіздік көрсетіп жүргендер қаншама? Әрбір адамның туған топырағы оның таным-түйсігінің ұшталуына, талантының ұшқындауына әсер етеді. Күмісжанның бойындағы мөлдірлік – тұнық таза бастау бұлақтардан, нәзіктік пен талғампаздық – көктем шыға тау бөктерінде құлпыратын алуан түрлі гүлдерден, тектілігі – сонау шың басындағы шаңқылдаған қыраннан дарығандай. Ақындар мен батырлар елі аталатын өңірде дүниеге келген ол бала күнінен таудан аққан бұлақтай шөліңді қандыратын таза поэзиялық туындыларға құлақ түріп өсті. Махамбет, Абайларды оқып, Жамбыл Жабаев, Өмірзақ Қарғабаев, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев сынды Жетісу жезкөмейлерінің жырын жатқа білді. Ауыз әдебиетіне толық сусындап, қауырсынын қатайтты. Сол бабалардан қалған тектілік оның қаламынан төгіліп жатқан сөздерінен аңғарылып тұрады. Бала күнінен еңбек елегінде екшеліп, шаруа адамының сансыз қыр-сырын зерттеп, қайрауы жетілген семсердей шыңдалған Күмісжан Құдайбергенқызы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын аудандық газеттен бастайды. Өмірінің сол бір белесі жайында: «Менің журналистік жолым 1972 жылы басталды. Осы жылы тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатындағы бағдарлама жалғасын тауып, ақ шағылды, боз жусанды иен далада Күрті ауданы құрылып, білімді жастар арнайы жолдамамен Ақшиге ағылды. Бұл өңірдің қысы қатал, сақылдаған сары аяз. Қолымыз жазуға келмейді. Бас редактор өзінің тәжірибесі молдығын көрсетіп, әп сәтте төрт бетті жоспарлап үлгерді», – дейді. Осылайша кейіпкеріміздің еңбек жолы басталды. Бас редактор Байболсын аға мен оның орынбасары Ерікбай Құлмағанбетов жас тілшінің талантының ұшталуына, талғамының таразылануына, рухани өсуіне себепші болды. Аудандық газетті шағын басылым деп мұрнын шүйіре қарайтындар баршылық. Бірақ аптасына үш рет жарық көретін газеттің жұмысы қаншалықты ауыр екенін тіршілігі көбіне қарадүрсін ағыстардан тұратынын журналистер қауымы жақсы біледі. «Газеттің қара қазанында қайнап өскен» деген теңеу Күмісжан әпкеме қаратып айтылғандай. Қалам ұстағандардың барлығы алдымен өзі өмір сүрген дәуірдің суретшісі. Біздің кейіпкеріміз де сол кездегі өндірісті, биліктің алға қойған мақсатын, орындалған жоспарды, қыр адамының қыруар шаруасын жазды. Ешкімге ұқсамайтын, терең де тағылымды, мәнді де мағыналы, ойлы да орамды мақалаларын талғампаз оқырман асыға күтіп, іздеп жүріп оқыды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда экономикалық қиыншылық, қаржы тапшылығы тығырыққа тіреп тұрған тұста Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Кейінірек газеттің атауын «Атамекен» деп өзгертті. Ағыны қатты, аударысы көп сол бір өтпелі кезеңде де тағдыр деген өзіңнің күрескерлігіңе, іскерлігіңе байланысты екенін тағы бір мәрте байқатты. «Нарықтық қатынас орныққан соңғы жылдары бас сарапшы ғана емес, әр теңгені есептейтін есепші болумен бірге шаруашылық жұмыстарын да атқаруға, газеттің макетінен бастап корректорлығына дейін белсене кірісуге тура келді. Қиындықтар кездесті. Аңғарғаным, журналистердің бір-біріне деген достық пейілі мен кәсібіне деген адалдығы қандай кедергіні де жеңеді екен. Болмашы айлыққа жұмыс істесе де қызметін тастағандар кездеспеді», – деп басынан өткен қиындықтарды, әріптестерінің журналистикаға деген адалдығын еске алады.
Өткен күннің естелігін тілі теңге деп шыққан нарық заманының жастарына айтсаң, аңыздай, естісе, ертегідей естілетіні анық. Осындай қиын кезең бірқатар ақын, жазушыларды қанаттандырып, мықты журналистерді тәрбиелеп шығарды. Олар – Есенқұл Жақыпбеков, Әлімжан Дәуітов, Базарбек Атшабаров, Манарбек Ізбасар, Нүсіпбай Әбдірахым, Рәтбек Терлікбаев сияқты сөз сайыпқырандары.
«Күмісжанның шығармашылығы, ішкі әлеуетінің кеңінен ашылып, республика оқырмандарына таңғы нұрдай танылған уақыты «Егемен Қазақстанда» еңбек еткен кезі деп білемін. Облыс орталығында бірге қызмет жасадық. Сол жылдары Күмісжанның бойынан ер адамға тән, айтқанынан қайтпайтын, дегенін болғызатын қайсарлықты байқадым. Қазақтың тұрмысына, болмысына қайшы келетін дүниелердің барлығын қазып тұрып, ойып тұрып жазды. Ерекше бір қасиеті – ол кісі қашанда жеңілгендер жағында жүреді. Құқығы тапталған, еңбегі қаналған, еңсесі түскен, ақиқат таба алмаған, шындық іздеп шырылдаған, төмендегілер сөзін тыңдамай, жоғарыға қолы жетпей жүрген адамдар үшін ақиқаттың жолында алдаспанын жарқыратып алғы топқа шыға келетін. Міне, сонысымен бізге , осындағы көптеген қыздарға үлгі болды», – дейді белгілі журналист, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін.
Шындығында «Бар адам менің бауырым, жақсылық жасау – парызым» деген бір сөз оның қате бастырмас қағидасы болды. Жандүниесінің жылуы мен жүрегінің жұмсақтығы, бойындағы мейірім мен қайырымы, адамға сенгіш көңілі күнделікті күйбең тірліктен биік тұратынын сан мәрте байқадық, сезіндік. Алысты алаламайтын, жақынын жараламайтын ерекше қасиеті жайында әріптестері айтып та, жазып та жүрді. Солардың бірі – көп жылдар Қаратал аудандық газетін басқарған Қазақстанның Құрметті журналисі Мәкен Өсербаева: «Қаратал аудандық газетінің бас редакторы болып жүрген менің қуаныш пен ренішіме ортақтасып, өзіме қосылып, бозторғайдай шырылдағанын байқағанда, туғаннан артық екенін сезіп, «Басқа әлемсің ғой» деп ойлағаным бар. Мына қаталданып бара жатқан заман болашақта Күмісжандай жанашыр жандарға зәру болар-ау», – деп жазыпты.
Міне осындай азаматтық толысу, журналистік, қайраткерлік қалыптасу, кемелдену жолынан өткен Күмісжан Құдайбергенқызы 2006 жылы «Егемен Қазақстанға» қызметке келді. Алғашқы жұмыс күні сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің қабылдауымен басталғаны жайында: «Алматы облысы – еліміздің қасиетті аймағы. Оның үстіне жер жаннаты Жетісу деген даңқы тағы бар. Демек, жақсылығы мен кемшілігін бірдей көрсету кәсіби шеберлікті қажет етеді. Мақтаса марқайып, сын жазса, тоңмойындық танытатыннан сақтасын. Енді өңірді арала, таныс, елдің жағдайын көзбен көр» деген сөздері қанаттандырып еді», – дейді.
Облыс басшысы айтқан кәсіби шеберлікті жұмыс барысында Күмісжан апай артығымен көрсетті. Біреудің көңіліне қараған жалпақ шешейлікке, адамдарды жеріне, суына, қызмет пен лауазымына қарап, алалаудан аулақ тұрды. Жақсылықтың жаршысы бола жүріп, шоқтай ойып түсер, қылыштай қиып түсер өткір сынды да жаза білді. Көп жыл облыс әкімінің баспасөз қызметін басқарған Айдар Башбаев: «Алматы облысында сол жылдары жасалған игілікті істер мен жарқын жаңалықтың барлығы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланып жатты. Біз баспасөз қызметінде істеп жүріп, әрбір газетке, әрбір телеарнаға апта сайын шолу жасап, айлық қорытындысын шығаратынбыз. 2008 жылы болуы керек, «Егемен Қазақстан» газетінде Алматы облысы бойынша шыққан материалдардың саны 212 болды. Сонда бір жылда 365 күн болса, соның 212 күнінде облыстың жетістіктері елімізге таралып жатты. Ол деген қыруар еңбек, төккен тер, көз майын тамызып жазған мақалалар. Алматы облысындағы небір керемет дүниелер осы кісінің кезінде бас газеттің бетінде жарқырап шығып жатты», – деп еске алады.
Қаламы жүйрік журналистің жазған мақалаларындағы тың тақырыптары, соны ойлары, өзекті проблемалары оқырмандарын әркез елең еткізіп отыратын. Талғампаз оқушы ерекше ықыласпен ден қоя, зер сала, бар ынта-зейінімен оқитын. Күмісжан әпкемнің тағы бір ерекшілігі – көктем сайын егіздетіп қозылаған қойдай әр жылда кітап шығарып, қан сорпа болып шапқыламады. Табиғатынан анаған да, мынаған да құлдық ұрып, құлап түспейтін болмысы шығармашылығында да байқалады. Бір кезеңдерде тау деп табынған биіктер тарих таразысына түскенде төбешік болып қалатынын өмір көрсетіп келеді. Ал аз күндік дәуреннің, менменшіл мезгілдің шаң- тозаңын бойына дарытпай, асқақ та айбынды, мөлдір де пәк өз биігінде қалатындар бар. Солардың бірегейі, біз сырсандығын ашып, қазынасын зерттеген Күмісжан Құдайбергенқызы бүгінде 75 жасқа толып отыр. Бұл – жұмыр жерге, жарық дүниеге келген бір адамның туған күні емес, бұл – қазақ журналистикасының мерекелі күні. Фариза Оңғарсынова бір өлеңінде:
Жалғандықтар жосалып,
жанып осып,
Күн кешетін сәт сайын
жанып-өшіп.
Бір құдірет керек қой жер бетінен,
Әулиенің кеткенде бәрі көшіп, – дейді.
Төрткүл дүние жаһанданып, онсыз да жалған дүние жасанданып бара жатқанда Күмісжан әпкемнің аналық үлкен жүрегі, адамдарға деген мейірімі, әр нәрсеге парасатпен, ақылмен қарайтын нағыз дала әйелдеріне тән аналық болмысы бізге әрдайым керек.
Жұмахмет Жанахметұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі