Қоңыр салқын күз басталғалы бері өңір диқандары күріш ору науқанына жаппай кірісіп, жылдағы дәстүр бойынша қарқынды жұмыс атқаруда.
Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде 27163,4 мың гектар суармалы жерге егін егілген. Дәнді дақылдар сіңірілген 13036,5 га егіс алқабының 5318,0 гектарына арпа-бидай, 7718,5 гектар жерге күріш дақылы себілген. Ал көкөніс және бақша дақылдары 65,4 гектарға отырғызылған. Қысқы мал азығын дайындау мақсатында 13606,5 гектар жерге көпжылдық және 250 гектарға біржылдық шөп, 205 гектарға сүрлемдік жүгері егілген.
Шөп ору науқанында қысқы мал азығына қажетті 160,9 мың тонна шөп, 43,3 мың тонна пішендеме, 33,2 мың тонна сабан, 41,8 мың тонна жем және 85,1 мың тонна сүрлем әзірленген. Сонымен қатар арпа-бидай ору науқанында 5318 гектар жерге егілген дәнді дақылдардан орташа өнімділік гектарына 18,0 центнерден айналған, яғни 9572,4 тонна астық қамбаға жеткізілген.
Қазіргі таңда күріш ору науқанын қарқынды жүргізіп жатқан диқандар қауымы егілген егістіктің 7290,0 гектарын шауып, 6746,0 гектарын бастырып үлгерді. Орташа өнімділік әзірше гектарына 41,8 центнерден айналуда.
Күріш – ырысты Балқаш өңірінің берекесі. Дала төсін дүбірге бөлеп, еңбектің қара қазанын қайнатып жатқан диқаншылардың бүгінгі жағдайын көзбен көру мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге аудан іргесінде орналасқан «Бауыржан-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы бардық.
Біз атбасын бұрған шаруашылықтың басшысы Талғат Сұлтанов ерте көктемде шаруашылыққа тиесілі 730 гектар суармалы егіс алқабының 247 гектарына күріш, 205 гектар жерге бидай және 278 гектарға көпжылдық шөп еккен. Бүгінгі таңда күріш орағын толыққанды аяқтап, 110 гектарын бастырған. Күріш дақылының әр гектарынан 40 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Ақ күрішті ысырапсыз жинап алуды басты мақсат еткен шаруашылық егін оруға екі комбайн, астық тасымалдауға бір «КамАЗ» көлігін, екі «МТЗ-80» және бір «МТЗ-1221» тракторын жұмылдырған.
Өңірдегі алдыңғы қатарда тұрған «Бауыржан-7» ЖШС-ның егіс алқабындағы жұмыстармен жіті танысқаннан кейін аталмыш шаруашылықтың қырманына да атбасын бұрып, ол жердегі қарбалас жұмысты көзбен көрдік. Егіс алқабынан күнделікті жеткізіліп жатқан күріш дақылын шаң-тозаңнан тазалап, бітік дәнді қоймаларға жинастырып жүрген қырман операторы Абзал Құлынбетов өз жұмысын жанын сала атқаруда. Біз де күн-түн демей тоқтаусыз тер төгіп жатқан диқандар қауымының еселі еңбегі жемісті болуын тіледік.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы




