Алматы облысында ауылды дамытуға бағытталған «Әкімдер мектебі» жобасы аясында өңірдің 50-ден астам ауыл әкімі өз округтерінің үш жылға арналған даму жоспарларын қорғауға кірісті.
«AMAMAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаевтың айтуынша, облыс халқының 80 пайызы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, ауылды жүйелі дамыту өңірдің негізгі стратегиялық міндеті болып саналады.
«Мемлекет басшысы енгізген тікелей сайлау реформасынан кейін ауыл әкімдеріне артылған жауапкершілік те күшейді. Жаңа сайланған әкімдердің едәуір бөлігі мемлекеттік қызметке алғаш рет келгендіктен, олардың кәсіби деңгейін көтеру қажеттілігі өзекті болып отыр. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы «Әкімдер мектебін» іске қосқан. 240 академиялық сағаттан тұратын бағдарлама әкімдерге ауылды басқаруға қажетті нақты дағдыларды үйретуге бағытталған. Онда бюджет құру, жер мәселесін шешу, инфрақұрылым жоспарлау, кәсіпкерлікті дамыту, аграрлық саясат пен заңнаманы қолдану сынды практикалық модульдер қамтылған», – дейді ол.
Бүгінгі өткен қорытынды сессияда әкімдер оқудан алған білімдерін нақты жобаларды қорғау арқылы көрсетті. Олар ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жоспарларын ұсынып, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, жер қатынастары және бюджет саясаты бойынша шешімдерін дәлелдеп беруде.
Жиында көтерілген ұсыныстар да айқын әрі практикалық болды. Әкімдер ауыл бюджетінің мүмкіндігін кеңейту үшін салықты азаматтың нақты тұрған немесе жұмыс істейтін жерінде қалдыру қажеттігін айтты. Көп округтерде жер маманы мен ветеринардың жоқтығы да негізгі кедергілердің бірі ретінде аталды. Сонымен қатар ауыл бизнесінің дамуы үшін қойма, мал сою бекеті және шағын өндіріс нысандарын өңірлік стандартқа енгізу ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әкімдердің осы ұсыныстары жинақталып, Үкімет пен тиісті орталық мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.
Айта кетейік, «Әкімдер мектебі» жобасы ауылды басқару мәдениетін жаңартып, нақты нәтиже беруге бағытталған бастама ретінде бағаланып отыр.




