Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы №1 орта мектебінде «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында оқушылардың құндылық бағдарын қалыптастыруға бағытталған алқа отырысы өтті.
Жиынға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова, аудан прокуроры Жанәділ Сұлтансүлейман, сондай-ақ мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтар қатысты. Кеңес барысында мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар, аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі сияқты маңызды тақырыптар жан-жақты талқыланды.
Шара барысында оқушылардың тәрбиелік бағыттағы іс-шараларға қатысу белсенділігін арттыру, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты күшейту, әлеуметтік қауіп-қатер аймағындағы балаларға профилактикалық қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын соңында жауапты мамандарға бірқатар тапсырма беріліп, атқарылатын жұмыстардың мерзімі мен бағыттары айқындалды. Сондай-ақ бұл тақырыптағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, жүйелі түрде өткізіліп тұратыны айтылды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




