Қонаев қалалық кітапханасында балаларға арналған жаңа туынды – ақын Алтыншаш Жақиянованың «Бәсіре-жыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ақынның бұл жинағы – жас оқырманның жанын тербететін, бала әлеміне үңілуге жетелейтін сырлы да нұрлы дүние.
Алтыншаш Жақиянова – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қонаев қаласы мен Абай облысы Ақсуат ауданының Құрметті азаматы, бірқатар жыр жинағының авторы. Оның «Жанымның нұры», «Сүмбіле», «Қапшағай толқынында туған жырым», «Қанат жайған Қапшағай», «Менің Мұқағалиым», «Алып тұлға», «Сезімнің гүлі», «Құлыншақ», «Апа, сені сағындым» сынды кітаптары оқырман жүрегінен әлдеқашан орын алған. Енді, міне, сол қоржын тағы бір балаларға арналған жауһар дүниемен толықты.
Жаңа кітаптың тұсаукесеріне ақын-жазушылар, кітапхана қызметкерлері, балабақша тәрбиешілері, өнер жанашырлары қатысып, қаламгер қуанышымен бөлісті.
Мерекелік кеш арнайы әзірленген буктрейлерді тамашалаудан басталды. Экраннан ақын жырларының нәзік әуені, бала жүрегінің лүпіліндей көркем ойлар төгіліп, көрерменді бірден кітаптың ішкі әлеміне жетелеп әкетті. Кітапхана директоры, кеш модераторы Айгүл Ақтанова жаңа жинақтың балалар әдебиетіне қосар салмақты үлесі туралы сөз қозғады.
– «Бәсіре-жыр» – жай ғана өлеңдер жинағы емес, ол – баланың жан әлемін тануға мүмкіндік беретін туынды. Жеті бөлімге жіктелген кітаптың әр тармағы – кішкентайлардың қиялына қанат бітіретін, жүрекке жылы шуақ құятын бөлек бір әлем. Ақынның бала тәрбиесіне деген ерекше ықыласы, ұлттық құндылықтарға деген құрметі кітаптың құнын арттыра түседі, – деп әдеби кештің әрін айшықтады.
Артынша ақынды ардақтап келген қадірлі қонақтар Қонаев қаласы әкімінің кеңесшісі Сәуле Нұрсұлтанова, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жұмаш Кенебай-Көкбөрі, Қонаев қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Базарбай Бүркітбайұлы, Балқаш ауданы мен Қонаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Ізтілеу Тойшыбайұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, композитор Төлеужан Ғұмаров, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар жаңа кітаптың лентасын қиды.
Алғашқы болып сөз алған Сәуле Қайырлықызы қала әкімі Асхат Бердіхановтың құттықтау хатын оқып беріп, ақынға сый-сияпат табыс етті.
«Балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің басты көзі. Оған қосып жатқан сіздің үлесіңіз зор. Балаларға арналған шығармаларыңыз – мейірім мен шапағаттың көрінісі. Бұл туынды кішкентай жүректерге қуаныш сыйлап, қиял дүниесін байытсын!» – делінген хат мәтінінде.
Келесі кезекте сахнаға көтерілген балалар жазушысы Нұрдәулет Ақыш мемлекеттік бағдарлама арқылы жарық көрген бұл кітаптың жоғары сараптамадан өтіп, лайықты бағасын алғанын атап өтті. Сондай-ақ ол кітапхана қорына өзінің және танымал ақын-жазушылардың он шақты кітабын сыйға тартты.
Кеш барысында Жұмаш Кенебай-Көкбөрі, Базарбай Бүркітбайұлы, Ізтілеу Тойшыбайұлы, Төлеужан Ғұмаровтар сөз сөйлеп, балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосып жүрген қаламгерге жүрекжарды тілектерін арнады. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар қаламгерлер атынан құттықтауын жеткізіп, Алтыншаш ақынның бір өлеңін мәнерлеп оқып берді.
Қонаев қалалық Мәдениет үйінің әншілері Сәкен Нұрпейісов пен Нартай Дарынның орындауындағы әуезді ән кеш көрігін қыздыра түсті. Ақынның сөзіне жазылған «Бесік жыры» туындысы жиналған қауымды тамсантып, аналардың әлдиіндей әсер беріп, залды тербеп өтті. Балалар бөлімінің үздік оқырмандары да сахнаға көтеріліп, автордың өлеңдерін жатқа оқып, ақынға деген құрметін көрсетті. Сондай-ақ бейнеүзінді арқылы берілген Алтыншаш Жұманқызының аудармалары жас көрерменнің жүрегіне жетті.
Кеш соңында Қонаев қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Абылайхан Мұстафа ақынның шығармашылығына толағай табыс тілеп, жеке кітапхана қорының мөрін табыстады.
Өз кезегінде сөз алған Алтыншаш Жақиянова: «Балаларға арналған шығарма жазуды тоқтатпаймын, ойда жүрген тың дүние көп. Баланың жүрегі – ең таза әлем. Сол әлемге жол таба білу – ақын үшін бақыт», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
«Бәсіре-жыр» – атына заты сай балалар әлеміне жолданған бәсіре. Бұл кітап – сәби жүрегіне бағытталған жылы сөздің, ұлттық тәрбие мен мейірімнің көркем үлгісі. Жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, жүрегіне сәуле түсірер мұндай еңбектің жарық көруі – әдеби орта үшін қуаныш, руханият үшін үлкен олжа.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы




