Жамбыл ауданының Теміржол ауылдық округіне қарасты Қазыбек бек бекетінде орналасқан «Қазыбек бек» индустриялық аймағында «Asia United Steel» ЖШС-ның болат өндіру желісінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, компания жұмысына сәттілік тіледі.
Шетелдік инвесторлар мен жобалық ұйымдардың басшылары қатысқан шарадағы құттықтау сөзінде аймақ басшысы бұл қадам облыстың ғана емес, тұтас ел экономикасының әлеуетін арттыратынын алға тартты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға серпін беру қажеттігін айрықша атап өткенін еске салды.
– «Asia United Steel» зауытының құрылысы – өңірдің жаңа индустриялық серпіліске жасаған қадамы. Әрбір осындай зауыт – жаңа мүмкіндік, жұмыс орындары, технологиялар мен бюджетке құйылатын салық. Облыс өз өндірістік қаңқасын қалыптастырып, ел экономикасын нығайтып келеді, жоба стратегиялық маңызға ие, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұл жоба өңірдің жаңа өнеркәсіптік алыптарының бірі ретінде бағаланып отыр. Зауыт шамамен 600 жұмыс орнын ашуды көздейді, үш кезеңде жүзеге асырылады. Жылына 1,2 млн тонна болат өндіреді және еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың біріне айналмақ. Өндірістік алаңы «Қазыбек бек» индустриялық аймағындағы 78 гектар жерге орналаспақ.
Болашақ алпауыт нысанның алғашқы іргетасын қалау рәсімінде инвесторлар да сөз алып, Алматы облысын ең басым бағыттардың бірі ретінде таңдағандарын жеткізді.
– Біз сіздермен ынтымақтастықта қуана жұмыс істейміз. Ұзақ талдаудан кейін болат өндіру зауытын салу үшін дәл осы өңірді таңдадық. Мақсатымыз – Орталық Азияны шикізатпен қамтамасыз етіп, заманауи өндіріс құру, – деді «Asia United Steel» компаниясының негізін қалаушы Лин Гуощун.
Капсула салу рәсімінің алдында Жамбыл ауданының ақсақалы Әбден Есперов көпшілікті құттықтап, бұл оқиға тұрғындар үшін айтарлықтай қуаныш екенін жеткізді. Аталған жобаның ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер беретінін айтып, бастаманың табысты әрі берекелі болуын тіледі.
Жобаны толықтай шетелдік инвесторлар қаржыландырады. Өндіріс ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие құрылыс және өндірістік өнімдер өндіруге бағытталады. Кәсіпорын құрылысы бірнеше кезеңнен өтіп, 2027 жылға толық аяқталмақ. Зауыт балқытуға арналған энергия тиімді пештермен жабдықталады. Электр энергиясының қолданылуы қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайтады, ал өндіріс толықтай экологиялық стандарттарға сай болады. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін «Asia United Steel» Қазақстандағы болат өнімдерін экспорттайтын жетекші кәсіпорындардың біріне айналып, өңірдің ғана емес, тұтас елдің өңдеу секторын күшейтеді.
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін қолға алынған маңызды қадам осы ауданның дамуына айтарлықтай оң әсер ететінін айтады. Болат өндіру желісінің салынуы – ауданның инвестициялық қуатын арттырып қана қоймай, өңір экономикасының нақты секторына жаңа серпін береді. Өндірістік қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннаға дейін жететін болат өнімдерін шығаратын кәсіпорын аудан үшін де аса маңызды стратегиялық нысан болмақ. Құрылысы толық аяқталғаннан кейін жаңа жұмыс орнының көптеп ашылуы Жамбыл ауданы тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі, әлеуметтік жағдайларының жақсаруы және кәсіптік дағдылардың артуына жол ашпақ. Айтуынша, жергілікті атқарушы билік тарапынан индустриялық аймақтың инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша қолдау көрсетіліп, алдағы уақытта электр, су, газ және жол желісі толық қамтамасыз етіледі.
Айта кетсек, «Қазыбек бек» индустриялық аймағында қазір жалпы құны 640 млрд теңгеден асатын жобалар портфелі бар 11 инвестор орналасқан. Олар келешекте шамамен 2,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Алматы облыстық индустриялық аймақтарының басқарушы компаниясының бас директоры Ербол Шоқаевтың айтуынша, инвесторларға индустриялық аймақтың 900 гектарының 567 гектары бөлінген. Алдағы екі жылда аймақ толыққанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл дегеніңіз – 150 МВт электр қуаты, тәулігіне 8000 текше метр су, тәулігіне 100 вагондық жүк жөнелтуге мүмкіндік беретін теміржол логистикасы. Ал әзірге құрылысты бастау үшін жобаға қатысушылар уақытша электр және су желілерімен қамтылған.
Болат өндіру желісінің іргетасын қалау рәсіміне сондай-ақ облыстық энергетика және сумен жабдықтау, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму, жер қатынастары басқармаларының басшылары қатысты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




