Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлыққа қол қоюы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи қадам деп санаймын. Бұл құжат – тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі ішкі тұрақтылықты, ұлттық бірегейлікті және қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін стратегиялық бағдар.
Құжатта айқындалған «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді қағидаттар қоғамды жаңғыртудың нақты идеологиялық және рухани іргетасына айналмақ. Әсіресе, әр азаматтың жауапкершілігін арттыру, заң үстемдігін нығайту және әділдікті басты құндылық ретінде орнықтыру бағыттары ерекше өзекті. Бұл – Әділетті Қазақстан идеясының өміршеңдігін қамтамасыз ететін басты тетіктердің бірі.
Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар мен нышандар жүйесін айқындау – ел бірлігі мен патриоттық сезімді күшейтуге, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға зор ықпал етеді. «Алға, Қазақстан!» ұраны мен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» формуласы – бүгінгі қоғамға серпін беретін маңызды идеологиялық ұстанымдар.
Қоғамдық диалог, этносаралық келісім, дін мен мәдениет саласындағы саясатты жаңаша дамытуға бағытталған тұжырымдар да заман талабына сай. Бұл жарлық азаматтық қоғамның, жастардың және барлық әлеуметтік топтардың ел дамуына белсенді араласуына мүмкіндік тудырады.
Жалпы, Президенттің бұл бастамасы – ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, әділдік пен жауапкершілікке негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам. Біз, қоғам белсенділері, осы құжатта көрсетілген қағидаттарды өмірде жүзеге асыруға белсене атсалысып, елдің өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз керек.
Б.Рахимов,
«АМАНАТ» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филииалының төрағасы




