Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Онда еңбекқорлық және кәсіби біліктілікке қатысты қағидаттар бекітілген. Осыған орай біз нағыз еңбек майталманы, әлемдегі ең үлкен түйе керуенін ұйымдастырып, Гиннесс рекордтар кітабына енген Іле ауданындағы «Дәулет-Бекет» ЖШС басшысы Сыдық Дәулетовпен сұхбаттасқан едік.
– Сыдық Әбуұлы, Мемлекет басшысы бекіткен ішкі саясаттың негізгі қағидаттарының өзектілігі неде деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бекіткен «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты маңызды құжат ел дамуының идеологиялық негізін айқындайтын тарихи шешім деп санаймын. Бұл құжат қоғамның рухани тұтастығын, азаматтық жауапкершілікті және еңбекқорлықты басты құндылық ретінде бекітеді. Онда «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Таза Қазақстан» сияқты қағидаттар айқын көрсетілген. Ауылдағы кәсіпкер ретінде мен үшін жүрекке жылы тигені – адал еңбек пен жауапты азаматтық ұстаным туралы айтылған тұстары. Президент әр Жолдауында еңбек адамының рөлін ерекше атап өтеді. Себебі елдің шынайы байлығы – табиғи ресурста емес, еңбекқор азаматтарында.
Биылғы жыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануы да осы құжаттағы идеялармен үндесіп тұр. Бұл бастама ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының еңбегіне жаңа серпін береді деп сенемін. Мен ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкер ретінде осы құндылықтардың мәнін күн сайын сеземін. Өйткені, түйе өсіру – адалдықты, төзімділікті және еңбексүйгіштікті қажет ететін сала.
Президент бекіткен жаңа бағыттар ел ішінде еңбекке деген құрметті арттырып, ауыл еңбеккерлерінің қоғамдағы мәртебесін көтеруге жол ашады. Біз үшін бұл құжат – тек мемлекеттік бағдарлама емес, өмірлік ұстаным. Әр азамат адал еңбегімен елге пайдасын тигізсе, Қазақстанның болашағы да берік болады.
– Еңбек адамдарының қоғам дамуына қосатын үлесі қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақтың санасында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» формуласы берік орнығып келеді. Бұл – жауапты, еңбекқор, өз ісін сүйетін адам ғана шынайы табысқа қол жеткізе алады дегенді білдіреді. Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, еңбек адамына құрметпен қарау әрі масылдыққа қарсы әрекет ету мәдениетін қалыптастыру – уақыт күттірмейтін мәселе. Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтарын дәріптеу ел экономикасын дамыту үшін ғана емес, озық ойлы әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін де маңызды.
Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында ең үздік еңбек адамдарын мемлекеттік деңгейде ұлықтау туралы бастама көтерді. «Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал, кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы керек», – деді Президент.
Меніңше еңбек адамдарының беделін көтеру – баршаға ортақ міндет. Бүгінгі еңбек адамы – елдің экономикалық қуатын арттыратын, болашақ ұрпаққа үлгі болатын тұлға. Сондықтан оның еңбегі әрдайым лайықты бағалануға тиіс. Бұл игі бастамаға біз де зор қолдау көрсеттік.
– Нақты қандай шараларды қолға алдыңыздар?
– Өзің көргендей менде үлкен еңбек ұжымына жетекшілік етіп отырмын. «Еңбек – бәрін жеңбек» қоғамның ұранына айналуы үшін де үздіксіз жұмыс жүргізілуі керек. Әсіресе еңбекті бағалау, өз саласының маманы болу, адал қызмет ету, тағы басқа құндылықтар басты назарда болғаны шарт. Айталық біз биыл «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ауқымды мәдени іс-шара өткіздік. Бұл жоба – ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ туризм мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. Гиннесс рекордтар кітабына ену оңай болған жоқ. Алты ай бойы дайындалдық. Түйе – кең далада еркін өскен жануар. Оларды бір бағытпен жүргізу, реттеп ұйымдастыру оңайға соқпады. Бірақ мақсат пен сенім болса, мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдедік.
Расында, әрбір адам адал еңбегі арқылы Отанының дамуына үлес қоса алады. Өйткені мемлекетке қызмет ету үшін тек қана қызметкер болу шарт емес. Кез келген азамат өзінің қолынан келетін іспен айналысып, халыққа пайдасын тигізсе болғаны, оның бәрі де мемлекетке қосқан үлес болмақ. Сондықтан да өз ісін сүйіп, адал еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін бағалап, оны дәріптеу қажет.
– Сіздіңше еңбек адамының бейнесін насихаттау жолы қандай?
– Қазақстанда еңбек адамының бейнесін дәріптеу үшін бірнеше шаралар қабылдануда. Мәселен, жыл сайын еңбеккерлерді, кәсіпкерлерді және әлеуметтік сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтеді. Еңбек адамының жетістіктері газеттер мен телеарналарда насихатталады. Бұдан өзге мектептер мен колледждерде кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Еңбек адамының қызметін дәріптейтін көрмелер мен фестивальдер ұйымдастырылады. Қоғамдық бастамалар да жүзеге асырылады. Ұйымдар мен қоғамдық қорлар еңбек адамына қолдау көрсету мақсатында түрлі жобалар мен акциялар өткізеді. Осы шаралар арқылы еңбек адамының қоғамдағы рөлі мен маңызы арта түседі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ерзат Асыл




