Қонаев қаласы маңындағы Күндіз болу орталығында ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін мерекелік іс-шара өтті. Оны 35-жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының ардагерлері Жұмахан Жақыпов пен Константин Маноли, облыс атын асқақтатып жүрген спорт жеңімпаздары бірлесіп ұйымдастырды. 32363 әскери бөлім қызметкерлері концерт қойып, аниматорлар балалардың көңілін көтерді.
Орталық директоры Римма Көлбаеваның айтуынша, мекеме 2023 жылдың 1 маусымынан бері жұмыс істеп келеді.
– Қазір мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 50-ге жуық бала тәрбиеленуде. Олар өте белсенді, концерт пен түрлі шараларға қатысқанды жақсы көреді. Үш жылға жуық уақыт ішінде балалардың мінез-құлқы, өзін-өзі ұстауы мен іс-әрекетінде едәуір оң өзгеріс байқалады. Бұл орталық қызметкерлері еңбегінің жемісі деп білемін, – деген Римма Төреханқызы орталықтың қала маңынан алыстау екенін, кейбір балалар мен ата-аналар мұнда келуге қиналатынын айтып, қала ішінен немесе жақынырақ маңнан орын берілсе деген ниетін де жеткізді.
Жұмахан Жақыпов 35-жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының ардагерлері мұндай қайырымдылық шараларды жиі ұйымдастырып тұратынын айтты. «Әлеуметтік қызметкерлер күніне орайластырып әрі әскери бөлім қызметкерлері мен спортшылар да атсалысып, ерекше бағдарламадағы концерт қойылды. Мұндай әсерлі шара өтеді деп өзіміз де ойламадық», – деді ардагер.
Гүлжамал Захарова есімді әже 2-сыныпта оқитын немересін жетектеп келіпті. «Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Шара шынайы жанашырлықпен, кең пейілмен жасалғаны көрініп тұр. Ерекше рахметімді тәрбиешілерге айтқым келеді. Үйіміздегі бір балаға бас-көз болуға қиналып қаламыз. Ал мұнда қаншама тәрбиеленушіні қадағалап, әрқайсысына жеке мән беріп, жүректеріне жол табуда. Немеремнің бұл орталыққа келіп жүргеніне екі жыл болды. Бастапқыда мүлде сөйлей алмайтын. Ал қазір ақырындап үйреніп келеді», – деді ол.
Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жеңімпазы Жасұлан Қыдырбаев, қоян-қолтық ұрыстан екі дүркін әлем чемпионы Шынар Кенжебаева, грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері Ермек Күкетов балаларға жылы лебізін білдірді. Шара соңында орталыққа арналған сыйлықтар табысталып, тәрбиешілер кәсіби мерекесіне орай және қажырлы қызметі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы
