Қазіргі таңда қоғамның даму қарқыны медицина саласына да тың серпін беріп отыр. Емдеу ісінде заманауи технология мен инновациялық әдістерді қолдану ғана емес, сонымен қатар білікті мамандар даярлау, ғылыми ізденістерді тереңдету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Есік жоғары медицина колледжінде «Медициналық білім мен ғылым дамуының заманауи үрдістері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Іс-шараға Өзбекстан Республикасы орта буындағы медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және мамандандыру жөніндегі республикалық орталықтың директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Лола Мусаджанова бастаған бір топ медицина саласының қызметкерлері арнайы келді. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы мен Шелек жоғары медицина колледжінің қызметкерлері де қатысып, ой бөлісті.
Конференцияның ашылуында Есік жоғары медицина колледжінің директоры Айнұр Сатаева: «Бүгінгі шара – тек тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар болашақ серіктестіктің берік іргетасы. Есік жоғары медицина колледжі – аймақтағы медициналық кадрлар даярлауға үлкен үлес қосып келе жатқан білім ордасы. Ал халықаралық байланыстар бұл жұмыстың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді», – деп саладағы жаңа мүмкіндіктермен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстар жайлы да атап өтті.
«2002 жылы жұмысын бастаған колледж мемлекеттік лицензияға ие және мемлекеттік стандарттарға сәйкес жұмыс істейді. Бүгінде мұнда емдеу ісі, мейіргер ісі, фармация және ортопедиялық стоматология сынды төрт түрлі мамандықта 886 студент білім алуда», – деген колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Саида Чачидзе сырттан келген қонақтарға колледждің тыныс-тіршілігін толық таныстырып, оқу орнының жетістіктері мен халықаралық серіктестігі жөнінде баяндама жасады.
Басқосу барысында медициналық білім берудегі өзекті мәселелер мен инновациялық тәсілдер талқыланып, конференция қонақтары баяндама жасады. Өзбекстаннан келген қонақ Лола Халилжанқызы екі ел арасындағы медициналық байланыстың нығайып келе жатқанын атап өтіп, жуырда Өзбекстанда өткен Қазақстан медицинасы күндері туралы да кеңінен сөз қозғады. «Мұндай іс-шаралар екі ел дәрігерлерінің кәсіби тәжірибе алмасуына, кадр даярлау ісі, цифрлық трансформация және инновацияларды енгізу бағытында мол мүмкіндік береді. Медицина саласындағы ғылыми жаңалықтар мен жеткен жетістіктер дені сау ұлт, салауатты өмір салтын ұстанатын қоғам қалыптастыруда үлкен маңызға ие», – деді ол.
«Бүгінгі таңда колледж түлектерінің 70-80 пайызы аудандық аурухана мен емханаларда жұмыс істейді. Бұл – оқу орнындағы тәжірибелік оқытудың жоғары сапасының айқын көрінісі», – деген Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасының бас мейірбикесі Жанар Қазиева «Мамандарды даярлауда тәжірибеге бағытталған оқытудың рөлі» тақырыбында баяндама жасап, колледж студенттерінің ауруханада тәжірибеден өту жүйесін таныстырды.
Конференцияда сондай-ақ цифрлық технологиялардың білім беру процесіне әсері, мейіргер ісі мен фармация саласындағы заманауи тәсілдер талқыланды.
Ақпараттық технологиялар бөлімінің өкілі Гүлдана Серікова медициналық оқытуда цифрлық платформа мен қашықтықтан оқытудың тиімділігін атап өтті. «Бүгінгі студент – цифрлық буын өкілі. Сондықтан медициналық білім беруде IT-технологияны пайдалану – уақыт талабы», – деді ол баяндамасында.
Конференция соңында салтанатты түрде Қазақстан мен Өзбекстан оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы халықаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі елдің медицина колледждері арасында ғылыми жобалар мен бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыруға, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамытуға жол ашады. Жиынға қатысушылар бұл келісім болашақта медицина ғылымы мен білім саласындағы интеграцияны күшейтетініне сенім білдірді.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы




