☀️
3°C
Қонаев
Бейсенбі, Қараша 27, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ТАРИХ ТАҢБАЛАҒАН 90 ЖЫЛ

    22.11.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мерейтой, Мереке
    ТАРИХ ТАҢБАЛАҒАН 90 ЖЫЛ
    0
    SHARES
    27
    VIEWS

    «Бала кезден кезiп, шарлап ой, көгiн,
    арманымның жуған талай көйлегiн,
    Бұғытыдан басталатын әрi ассаң,
    бұл даланы «Қарадала» дейдi елiм», – дейді ақын Нұрлан Оразалин ағамыз. Арысы Үйсін тауы мен берісі Бұғытының арасын жалғаған, етегінде ерке Іле еркін аққан аймақ – қасиет қонған Қарадала мекені. Дәл осы қазақтың қазынасындай болған Ұлы далада бес күн бойы елдік шара өтті. Білімділерді биікке көтерген, өнер мен әдебиетті өрге оздырған, спорт саңлақтары мен ақ халатты абзал жандардың абыройын аспандатқан, ауыл шаруашылығын алға сүйрегендер мен кәсіпкерлердің жетістігін жалпақ жұртқа паш еткен шара бір апта бойы жалғасын тапты. «Туған жерге туыңды тік!» бастамасы аясында өткен Ұйғыр ауданының 90 жылдығына арналған апталыққа өңірден түлеп ұшқан, қазіргі кезде еліміз­дің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жатқан тарландар тағы бір мәрте туған жерге табан тіреді.

    Білімді ұрпақ – кемел келешек кепілі

    Ауданның 90 жылдығына арналған шаралар легінің алғашқы күні дәл осындай тақырыптағы форумнан басталды. Алғашқы құттықтау сөз алған Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова жиналған көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтай келе, бұл басқосуға келген ғалымдарға ауданның ғана емес, ел мәртебесін асқақтатуға қосқан үлестері үшін алғысын жеткізді. Отырыстың спикерлері Сүлеймен Демирел универ­ситетінің қауымдастырылған про­фессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жанболат Қайыңбаев, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Мақтағали Бектемесов, ветеринария ғылымдарының кандидаты, PhD Владимир Кирпиченко, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алимжан Хамраев білім-ғылымды дамыту бағытындағы өз ойларын ортаға салды. Қазіргі ғылым саласының дамуы, қоғамға дендеп енген жасанды интеллектінің пайдалы тұстары, техниканың күннен-күнге жаңаруы, оның білім саласындағы өзекті орны жайында ой қозғады. Ғалымдар ел дамуы үшін жастардың түрлі салаларға деген қызығушылығын арттырып, мектеп қабырғасынан ғылым жолына түсулеріне ықпал ету қажеттігін де сөз етті. Бүгінгі таңда ауданымызда білім алып, ғылым жолын таңдаған 50 шақты жас бар екен. Солардың бірқатары тіпті шетелде білім алуда. Айтулы шарада сол шетелде білімін жетілдіріп жатқан Қарадаланың қарадомалақ ұл-қыздары бейнежазба жолдап, туған жерлерінің торқалы тойына деген ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде магистратура, докторантура оқып жүрген жастар да онлайн байланысқа шығып, ізгі тілегін жолдады. Олар да өз кіндік қаны тамған жердің абыройы үшін білім алып, тынымсыз еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.
    Бұл күні ғалымдар аудан орталы­ғындағы мектептерге барып, шәкірт­термен кездесулер өткізіп, оларды толғандырған сан сауалға жауап беріп, сессиялық алаңда қайта бас қосты. Шара соңында форумның қарары қабылданып, оған өңірдегі білім ошақтарының әлеуетін арттыру, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою сынды өзекті мәселелер енгізілді.

    Руханият – ұлттың өзегі

    Ауданның 90 жылдық мерейтойына арналған шаралардың екінші күні әдебиетсүйер қауым мен мәдениет өкілдеріне арналды. Қасиетті Қарадала талай тарлан таланттың тұсауын кескен ұлық мекен екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Алаштың арда азаматы Заманбек Нұрқаділовті, өнердің өрінде жүрген Бекжан Тұрыс, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуіл, Ардақ Балажанова, Шынар Жанысбекова, Сафуан Шаймерденов, Әсет Есжан, Елжан Тұрыс сынды сахна саңлақтары мен Нұрлан Оразалин, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Сәуле Досжан сынды қаламгерлерді, Мұрат Есжан сынды Алаш ардақтыларын қайта тірілткен талантты журналист, режиссерді дүниеге әкелген бұл өлке. Осындай қазақ өнері мен әдебиетінің көшін алға сүйреген сұңғыла таланттарды толғатқан бұл дала.
    Бұл күні әдебиет пен мәдениет өкілдерінің бірқатары туған жерге табан тіреді. Шара Қарадала халық театры Бақыт Беделханның «Ұлым, саған айтам» монопьесасынан үзінді қоюымен басталды. Бекжан Тұрыс пен ұлы Мағжан ойнаған рөлді «Қарадала» театрының жетекшісі Еркебұлан Нұржақып пен Арман Төкен де келістіре сомдады. Зар заманның запыраны болған жастардың рухани құндылыққа құлықсыз қарайтын сәті мен ұлттық дәстүр мен салтты бәрінен жоғары қоятын әкенің арасындағы шиеленіс өте әсерлі баяндалған пьеса жастардың жігерін жанығандай болды.
    Сыр-сұхбат форматындағы кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бекжан Тұрыс, ақын, драматург Бақыт Беделхан, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі Жарас Сәрсек, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы Патигүл Махсатова, «Азия бүгін» газетінің бас редакторы Телман Нұрахунов, сценарист, режиссер Мұрат Есжан, әншілер Қалбинур Розиева, Сағыныш Сенбі сыр ақтарды. Олар өнер жолына түсудегі алғашқы қадамдары, бүгінгі күндегі елдік мүдде мақсатындағы ерен істері жайлы әңгімеледі. Бекжан ағамыз: «Ұлт болып қалу үшін ұлттық құндылық пен рух алдыңғы орында тұруы қажет», – деген пікірін айтса, Бақыт ағамыз ақындық деген ардың жүгі ауыр екенін алға тартып, сол жолда өзіне рухани ұстаз болған тұлғалар туралы сөз қозғады. Сонымен қатар сыр сұхбат алаңының қонақтары басты ұстанымдары, әншілік өнердегі қағидаттар, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішіндегі газет-журналдың жайы, театр мен киноның қоғамға әсері сынды толғақты дүниелерді қаузады. Сондай-ақ ақындар мен актерлардың шеберлік сағаттары, режиссер Мұрат Есжанның жастармен кездесуі де шараның мәнін ашып, құндылығын арттыра түсті.

    Салауатты өмір – жарқын болашаққа қадам

    Тамырын тереңге тартқан 90 жылдық тарихы бар Ұйғыр ауданы – өңіріміздің мәдениеті мен руханиятының ғана емес, спорт пен салауатты өмір салтының да дамуына зор үлес қосқан қасиетті мекен. Үшінші күн – спортты серік етіп, ел намысын қорғаған чемпиондар мен денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарды құрметтейтін ерекше күн болды.
    Мәдениет үйінің қақпасынан бастап жас спортшылар қаз қатар тізіліп тұрса, бір тұста спортшылардың жүлделі орындардан иеленген кубоктары мен медальдары, медициналық заманауи құрылғылардан көрме қойылған. Аға буын жас спортшылардың жетістігіне қарап қуанса, балалар чемпиондарды көріп, өздеріне жігер алғандай болды.
    Бұл күні ауданға Қазақстан құрама командасының бас бапкері, бокстан спорт шебері, республиканың үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов бастаған спорт саңлақтары мен ақ халатты абзал жандар атбасын тіреді. Олар жастарға салауатты өмір салтын қалыптастыру да, жеңіске жету де, жеңіліс табу да әркімнің өз қолында екенін нақты мысалдар келтіре отырып жеткізді. Мінбеге көтерілген Тұрсынғали Еділов, Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Дубай және Малайзияда өткен Әлем кубогының қола жүлдегері Раушан Қойшыбаева сынды спортшыларға балалардың қояр сұрағы да көп болды.
    Сидней төрінде төрт бірдей бокс­шыны финалға жеткізіп, айды аспан­нан бір-ақ шығарған жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов өзі туып-өскен Тасқарасу ауылында 8-сынып бітірген соң 9,10-сыныптарды 7-8 шақырым қашықтықтағы Шарын ауылына барып оқығанын, сол аралықты қысы-жазы жүгіріп өтетінін, спортқа деген қадамының бәрі осыдан басталғанын айтып, жүріп өткен жолындағы жетістіктердің барлы­ғы ең әуелі біліммен, содан кейін еңбек­пен келгенін сөз етті. Ағамыз туған жеріне қашанда қолдау көрсетіп, спортқа деген құлшынысы бар жастарды демеуге де дайын. Кіндік қаны тамған жер қашанда ыстық. Оның ауасы да, топырағы да қымбат. Осы Қарадаладан қанат қағып, талай талантты жастың тұсауын кесіп, Көк Туды желбіретуге күш салған Тұрсынғали ағамызды қаумалаған жастар сұрағын да қойып, суретке де түсіп жатты.
    Спорт пен денсаулық күні Кіші Диқан ауылындағы спорт кешенінде жалғасты. Мұнда жасөспірімдер арасында бокс пен қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылды Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынғали Еділов, Қазақ күресінен спорт шебері Қуанжан Құлбекұлы шеберлік сағатын өткізді.

    Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі

    Аптаның төртінші күні ауылшаруа­шылық және кәсіпкерлік күні ретінде аталып өтті. Шара аясында биыл 203,9 млн теңгеге сатып алынған 14 жаңа ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өтті. Іс-шараға «Агротехмаш» ЖШС, «БелАгро» ЖШС және «Агротехменеджмент» ЖШС өкілдері қатысып, мемлекеттік бағдарлама арқылы 5 пайыздық жеңілдікпен жаңа ауыл шаруашылығы техникасын алудың тиімді жолдарын таныстырды. Сонымен қатар жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылып, аудан тұрғындарына 1 тонна ет, 1,5 тонна жеміс-көкөніс өнімі, сондай-ақ сүт және сүт өнімдері нарықтағы бағадан 40 пайыз төмен бағамен сатылды.
    Жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері мен қолөнер бұйымдарына арналған аудандық көрме де дәл осы күні ұйым­дастырылды. Шара шағын бизнесті қолдауға, жергілікті өнімдерді кеңінен танытуға және кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
    Көрмеге аудандағы түрлі бағытта жұмыс істейтін 21 кәсіпкер қатысты. Олар қолөнер, тұрмыстық бұйымдар өндірісі, тағам өнімдері, тігін, қызмет көрсету және басқа да салалар бойын­ша өздерінің үздік жұмыстарын жұртшылық назарына ұсынды. Аталған кәсіпкерлердің ішінде 5 қатысушы қолөнер және тігінмен айналысады. Олардың әрқайсысы өз қолымен жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдарын ұсынып, аудан мәдениетінің ерекшелігін танытты. Солардың бірі – Зібилла Тоқтарбек. Тарихи Отанына оралған соң Зібилла құрақ құрап, көрпе жасауды қолға алған болатын. Тіпті «Бастау бизнес» жобасы арқылы 2023 жылы 500 мың теңге көлемінде грант иегері атанған екен. Қазіргі уақытта кәсіпкер өз ісін абыроймен жалғастырып, ұлттық нақыштағы көрпеше және түрлі тұрмыстық тігін өнімдерін дайындаумен айналысады.
    «Іскер әйел ісімен көркем» атты аудандық іскер әйелдер кеңесінің форумы да осы күні өтті. Басқосуға облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Ботабекова, «АМАNАТ» партиясы Алматы облыстық филиалы жанынан құрылған әйелдер қанатының төрағасы Меруерт Молдашева, сонымен қатар әр ауданнан іскер әйелдер кеңесінің төрағалары қатысты. Бұл күні кәсіпкерлікті жүрегінің қалауы етіп, адал еңбегімен отбасының берекесін кіргізіп отырған нәзікжандылар бас қосып, ойларын ортаға салды. Тәжірибе алмасып, толғандырған сауалдарына жауап алды.

    Бірлік пен даму

    Апталықтың қорытындысы «Бірлік пен даму» форумымен тәмамдалды. Шарада облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев сөз алды. Ол аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің жүрекжарды лебізін жеткізген соң, экономикасы өрлеген, әлеуметтік жағдайы алға басқан Ұйғыр ауданының жұртшылығын торқалы тойымен құттықтады.
    Бұл форумның өзгелерден ерекше болуына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауы арқау болды. Осы құнды құжатта айтылған жасанды интеллект жүйесін заманның оң келбетіне бейімдей отырып, тиімді пайдалану қажеттігі дәл осы форумның форматына енгізілді. Виртуалды көмекші «Айшарын» көпшілікпен амандасып, аудан тарихы­нан сыр шерткен деректі фильмді қонақтар назарына ұсынды. Сонау Үйсіндерден қалған туған жеріміздің әр тауы мен тасы, өзен-көлі тарихтан сыр шертеді. Осы жылы ғана аудан аумағындағы Тоғызбұлақ елдімекенінде орналасқан қорымдардан алтын бұйым­дардың табылғанын барша қауым біледі. Осыны зерттеген ғалымдар мен ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің түйдек-түйдек ойлары, нағыз дерек пен дәйекке сүйенген пікірлері көптің көңілінен шықты.
    Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Бота Серікқызы жылдан-жылға дамып отырған өлкенің жай-күйін айта келе, ғасырға таяу уақыт болған аудан тойында тек ас ішіп, аяқ босатып кетуді жөн санамай, тағылымды дүниелермен атап өткенді жөн көргендерін сөз етті. Туған жерге келген әр азамат ертең осы ауданның гүлденуіне, дамуына өз үлестерін қосатындықтарына сендіріп кеткендерін де айтып өтті.
    Облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, республикалық ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы Долқунтай Абдухелил, танымал қаламгер Сәуле Мағазбекқызы, Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, аудан ақсақалы Шамахун Нурумов ізгі тілектерін ағытты. Абыз ақсақал Ызғарбек ағамыз тарихты танып қана тереңге бойлай алатынымызды ұғындырды. Қасиетті Қарадаланың ұлы тойы ұлағатқа толы істермен аталып өткеніне ризашылығын білдірді.

    Түйін: Шығысы Аспанасты елімен шектескен, батысында Бұғыты жоталары жамбастаған, өр жағында Үйсін таулары төбесін көкке тіреген құнарлы өлке, қасиетті мекен Ұйғыр ауданының 90 жылдығы осылайша аталып өтті. Бұл шаралардың көшін бастап тұрған – «Туған жерге туыңды тік!» деген қағида. Осы бір нақылды негізге алып, «туған жерге кіндігінің қаны тамған тұлғаның маңдайының да тері тамуы керек» деген игі бастаманы қолға алған аудан басшылығы апта бойы әр саланы қамтыған форумдар мен берері мол шаралар өткізді. Өткенімізді түгендеп, тарихтың қазығын нық қақпай, болашағымыз жарқын болады деп айта алмаймыз. Осы орайда, анамыздың жасы, бабамыздың қаны тамған киелі өлкенің тарихын зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген тарихшылар топтастырған тарихи ескерткіштердің жинағы да осы күні таныстырылды. Оған өлкедегі барлық тарихи ескерткіштер легі енгізілді.
    Ауданның 90 жылдығына арнал­ған шаралар соңы қазақ эстрада жұлдыз­дарының гала-концертіне ұласты. Қарадала төсінде елдіктің туын көтер­ген, халықтың жырын жырлаған дарындылар мен таланттардың басы қосылып, болашаққа қарай нық қадам басты.
    90 жыл! Бұл – тарихтың өзі таразылаған, таңбалаған уақыт. Бұл – біздің өткеніміз, жетістігіміз және бүгініміз әрі келешегіміздің бастауы. Ендеше, ертеңіміз еңселі болсын!

    Анар Дүйсенбайқызы

    Ұйғыр ауданы

    Ұсынымдар

    Алматы облысында 2024 жылы 24 мыңға жуық бала өмірге келді

    Алматы облысында 2024 жылы 24 мыңға жуық бала өмірге келді

    11 months ago
    Қуанса, бала қуансын!

    Қуанса, бала қуансын!

    3 weeks ago
    Жәрмеңкеде баға арзан

    Жәрмеңкеде баға арзан

    3 months ago
    Дәуір дерегі

    Дәуір дерегі

    2 months ago
    Пациенттердің шағымдары 11,7 пайызға азайды

    Пациенттердің шағымдары 11,7 пайызға азайды

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>