Еліміздегі екі ірі мегаполис – Алматы мен Шымкент арасындағы республикалық автокөлік жолы тақтайдай тегіс әрі кең болғанымен, оның «Ұзынағаш – Отар» бөлігінің жөндеу жұмыстары тым ұзаққа созылып кеткен еді. Енді, міне, көптен күткен күрежол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тас жолдың төрт жолағының ашылуына Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров арнайы келіп, қатысты.
Күрежолдың Алматы мен Жамбыл облыстарының аумағы түйісер тұсында салтанатты шара өтті. Оған өңірдің жергілікті атқарушы органдары мен тұрғындар, аталған министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жауаптылары, жол саласы мекемелері, сондай-ақ құрылысты жүргізген ұйымның мамандары мен жұмысшылары жиналды. 42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» жолының іске қосылуы республикалық магистральды жаңарту толығымен аяқталғанын білдіреді. Енді Алматыдан Шымкентке дейінгі жол толық төрт жолақты, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы болды. Шараға келген құрметті қонақтарға алдымен құрылысты жүргізген мердігер ұйым – «КЛВ ИНШААТ Аноним ШИРКЕТИ» АҚ-ның өңірлік филиалының директоры Юксел Баяндурбай көрнекі ақпарат тақтасы жанында «Ұзынағаш – Отар» жолының құрылысын таныстырды. Автожолдың 101-143-шақырым учаскесін қайта жаңартуда жолдан бөлек суөткел, ауылшаруашылық техникаларының өткелі, мал айдап өтетін көпір сияқты қосымша құрылыстар салынғанын айтты.
Мердігер ұйым төрт жолақтың негіздемесінен бастап жоғарғы қабатына дейінгі 42 шақырым аумақты толық аяқтаған. Ондағы жұмыс пен материалдарының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысы бойынша филиалы бақылауда ұстайды.
Ашылу салтанатында ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров «Ұзынағаш – Отар» учаскесі еліміздің оңтүстігіндегі негізгі нүктелерді байланыстыратынын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне кіретін стратегиялық көлік магистралінің бір бөлігі екенін атап өтті. «Бұл жолды қайта жаңғырту – жолаушылардың қауіпсіздігіне, діттеген жерге жылдам жетуіне және жайлылығына салынған инвестиция. Жол санатын ұлғайту және жолақты кеңейту бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады, аймақтардың экономикалық дамуына тікелей әсер ететін логистикалық шығындарды азайтады. Бұл жоба Дүниежүзілік банктің қолдауы мен қаржыландыруының арқасында жүзеге асты. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі, ынтымақтастығы және сенімі үшін халықаралық әріптестерімізге шын жүректен алғыс білдіремін. Бүгін біз тек жол ғана емес, өңірлік экономика, сауда және халықаралық бағыт бойынша тауарлар транзиті үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз. Биыл ел бойынша 13 мың шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу арқылы рекордтық нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – Мемлекет басшысының қолдауы мен жол саласы қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасы», – деді Мақсат Қайыржанұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев аталған жолдың өңір үшін маңызы зор екенін айтты. Автожол – аймақтың экономикалық дамуына серпін беретін негізгі буын. «Ұзынағаш – Отар» бөлігінің ашылуы облыс аумағындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, автөкөліктің қоршаған ортаға теріс әсерін қысқартады. Сондай-ақ өңірдің дамуына ерекше әсер етіп, әлеуетті арттыратынын тілге тиек етті.
Жобаны қаржыландырған Дүниежүзілік банктің еліміздегі тұрақты өкілі Андрей Михнев те сөз алып, «Ұзынағаш – Отар» учаскесінің ашылуы Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған «Шығыс – Батыс» ауқымды жобасының аяқталған бір бөлігі екенін атап өтті. Айтуынша, Дүниежүзілік банк Қазақстанның «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізін дамыту бағдарламасын 2009 жылдан бері қолдап келеді. Бұл ірі бастама осы жолдың бағытындағы 5,5 миллион адамның қатынасы мен өмір сүру сапасын жақсартты. Ел Үкіметінің қолдауымен бірлескен күш-жігердің арқасында 1600 шақырымнан астам жол салынып, жаңғыртылды, 50 мың жұмыс орны құрылып, жол саласында мыңнан астам маман тұрақты жұмыспен қамтылды. Дүниежүзілік банк елдің көлік саласын қаржылай қолдауды жалғастыра бермек.
Салтанатты шарада қозғалысты бастау батырмасы басылып, жаңа жол арқылы алғашқы болып 15 ауыр көліктен тұратын автоколонна жүріп өтті. Ашылу салтанатында сонымен қатар жобаны іске асыруға ерекше үлес қосқан мамандар мен жұмысшылар марапатталды. Оларға «Құрметті жолшы» ведомстволық төсбелгісі, Көлік министрлігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хат табысталды.
«Ұзынағаш – Отар» күрежолында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары екі жылда толық аяқталды. Бұл жолдың стратегиялық маңызы зор. Ол Алматыны еліміздің оңтүстік өңірлерімен байланыстырады, Орталық Азия мемлекеттері бағытында халықаралық көлік дәлізін қамтамасыз етеді және транзиттік тасымалдар мен өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін күшейтеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




