Газетті сүйе білу де, оған адал қызмет ете білу де – өнер. Басылым беттерінде бедерленген оралымды ойды жазу – шеберлік. Ал оны өзгелерге жанашырлықпен үйрету – ізгілік. Бұл қасиеттің бәрін бойына жинаған жанның бірі – Жанкүміс ЖӘМЕҢКЕ. Оны бәрі «Жетісудың» жүрегі» деп атайды. Алматы облыстық газетінде тілшіліктен бастап, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарып, 30 жылдан астам уақыт бойы талмай еңбек етті. ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды, тілшілерге бағытбағдар көрсетіп, білікті маманға айналған ұстаз да бола білді. «Әкелер мен балалар», «Біздің елдің жігіттері», «Жүректегі сыр» атты кітаптары жарық көрді. Дария дәуренде тербелген тағдырдың толқын сырларын «Сарасөз» медиаклубына қонақ болып келіп, айтып берді.
Әке беделі әлсіремесін
– Біз өткен ғасырдың тумасымыз. Әкенің беделі басым, әр үйдің асқар тауы болып тұрған кез. Әкем 1914 жылы туған. 27 жасында соғысқа аттанып, бір аяғынан айырылған майдангердің қызымын. Елге келгеннен кейін үйленіп, алты қыз бен бір ұл дүниеге келді. Мен үшінші және қоңыр қызымын. Сондықтан да болар әкем ұлға тән қасиеттерді де бойыма сіңіріп өсірген. Қайда барса, соңынан ілесіп, артынан қалмайтынмын. Төрт-ақ сынып білімі болған. Соған қарамастан, өте зерек, тілмәр кісі еді. Тарихты, шежірені жақсы білетін. Үйде күніге Құран оқылатын. Мен туған жердің қазір картада белгісі де жоқ. Талпын деген кішкентай ғана ауылдың кітапханасы болатын. Біздің үй де кітаптарға бай еді. Ол кезде радио да, теледидар да жоқ. Тек кітапқа үңілеміз. Төрт томдық қырғыздың «Манас» жырын да кезеккезек оқимыз, біреуіміз шаршасақ, екіншіміз жалғастырамыз. Содан шығар, біздің үйдегілердің бәрі әртүрлі салада жүрсе де, тілге шешен болды. 1983 жылы «Жетісу» газетіне келгенде, «жалғыз әкем» деп қоймай айта береді екем. Сонда әріптестерім маған «Жәке, елдің бәрінде жалғыз әке ғой» деп күлетін. Алысқа кеткендіктен бе, ылғи сағынып жүретінмін. Сондай жақсы көрдім. Ағаш аяғын сүйретіп жүріп, жұмыс та істеді. Мүгедектігіне байланысты 23 сом зейнетақы алатын. Сөйтіп, барлық баласына жоғары білім берді.
Қазіргі таңда әкенің рөлі төмендеді. Өйткені балабақшада да, мектепте де тәлім беретін – көбіне әйелдер қауымы. Мен мұны талай рет жазғанмын. Марқұм әріптесім Шолпан Жұмаділова екеуміз «Әкелер мен балалар» деген жобаны жүргіздік. Қазір де бұл терең проблема болып тұр. Мысалы, жеті баланы дүниеге әкелген анаға «Алтын алқа» медалін береді. Ал әкеге неге бермейді? Оның да үлесі бар ғой. «Ардақты әке» деп марапат тағайындасын. Әкеге де, анаға да бірдей құрмет көрсетілу керек деп ойлаймын.
Арман жолы адастырмайды
– Біз соғысқа барған жоқпыз, бірақ оның зардабын көрдік. Ауылымызда төрт-ақ сыныптық мектеп болды. Бесінші сыныптан бастап оқуымды үйден жырақта жалғастыруыма тура келді. Журналист болуды мектеп бітіретін жылдары армандадым. Қазақтың белді жазушысы Сафуан Шаймерденов туған ауылда Мағел Әлмырзаұлы Басыбаев деген «Кеңес өкіметінің үздік мұғалімі» атанған білікті маман сабақ берді. Сол кісінің арқасында тіл, әдебиетті сүйіп оқыдым. Менің ауылым Петропавлдан ары 300 шақырым жерде. Оқу бітіргеннен кейін көбі Ақмола мен Қарағандыға барады. Алматы деген бізге Америка сияқты көрінетін. Мектеп бітірген жылы Қарағанды университеті ашылды. Филфакқа тапсырып, ары қарай журналист болып кетемін деп ойладым. Бірақ түсе алмадым. Сол жылдары шешем қайтыс болып кетті. Маған шегініс жасаудан басқа амал қалмады. Екі әпкем тұрмысқа шықты. Үйдің үлкені мен болып қалдым.
Артымда үш қыз, бір ұл бар. Әкем: «Кішкентайларды оқытып алайық», – деді. Сөйтіп, онжылдық біліммен сегіз жыл мұғалім болдым. Арада осынша уақыт өткеннен кейін ғана ҚазҰУ-ға оқуға түстім. Армандау керек және сол жолдан таймау керек, мен де ақыры сол мұратыма жеттім.
Өмір жолында жақсы жандардың жолыққаны ғанибет. «Жетісудағы» алты редакторымның барлығын ерекше атап өтуге болады. «Торғай таңында» редакторым Мәтен Бижанов та қамқорлығын аямады. Мен кетерде: «Алматыға барма, ол үлкен қала. Саған тағы бір ай еңбек демалысын қосып берейін. Бар, зертте, сосын қайтып кел. Әйтпесе ол жақта қиналасың», – деп жанашырлық білдірді. Сол газетте хат бөлімінде Ахмет Байжанов деген журналист Амантоғай деген ауданға бір хатты зерттеуге жіберді. Пошта бастығы көршісімен түсінісе алмай, мәселе туындаған. Зерттеп келгеннен кейін әлгіні тәптіштеп үйретті. Әлі есімде, сол ең алғаш жазған мақаламның тақырыбын «Көрші татулығы көңіл ажары емес пе?» деп өзі қойып берген. Бірақ көңіл шіркін Алматыны аңсап тұрды. Онда да маған кезіккен жақсы адамдар көп болды. «Жетісу» газетіне алғаш келгенде Гүлшат Баянбаеваға тілші болып бардым. Ол кезде басылымның бас редакторы – Пернебек Бейсенов. Гүлшат апай мақаланың жазылуын, рубриканы қалай қою керегін түсіндірді. Тіпті ақшаны қалай дұрыс жұмсау керегіне дейін үйретті. Соның арқасында 700 сомдай жинап, Болгария, Румынияға бірге бардық. Жақсы адамның айтқанына еліктеп, жетегіне жүре білу де маңызды.
Тәртіп және іздену
– ЖурналистиканыңТәртіп және ізден биік белесін бағындыру үшін ең бірінші тәртіп керек. Бұл – уақытыңды тәртіпке бағындыру, солай үнемдеу деген сөз. Мектеп кезінде 9-да басталатын сабаққа 8-де баратынмын. Әлі күнге дейін зейнетте болсам да, таңғы 5-те тұрамын. Ал қазір уақыт мүлде тез өтеді. Журналист күн сайын, минут сайын оқу керек. Түсінбегеніңді сұраған ұят емес. Сұрамаған ұят. Онсыз үйренбейсің. Шәкірттерім бір жақсы сөз жазса қуанып, оны бірден өзіне айтып, бағытбағдар көрсететінмін. Біреу ұсыныспен келсе, ары қарай дамытып, ой қосатынмын. Тағы бір ескеретін дүние – күнделік жазған дұрыс. Ойыңның бәрін параққа түсіру керек. Осылайша жаңа идея, тың тақырып туады. Қазір көбі компьютерге, телефонға жазады. Ол ақ парақты сия қып, қаламды сөйлеткендей болмайды. Ескі қойын дәптерім қолыма түсті. Онда былай деп жазыппын: «Протез для души не бывает». Бүгінде көз, мұрын, шаш бәрін ауыстырып жатыр. Бірақ адам жанына протез сала алмайсың. Осы жазбамды тауып алып, қуанып жүрмін. Мұның өзі – үлкен бір тақырып. «Дүниежүзінің ұлы ақындарының бірі Петрарка: «Қатар тұрған гүлдің бәрінен шырын жинаған ара ғана емес, өз ішінен асыл жіп тоқып шығаратын жібек құртынан да үйрену керек», – дегенді түртіп алыппын. Яғни жақсының бәрін адам өз ішінен шығару керек. Ол үшін оқып, үйрену қажет. Мен үйде жүрсем де, газетім санамнан шықпайтын. Тақырыбы дұрыс қойылды ма, макетті қалай түрлендірсек болады деп үнемі ой үстінде жүретінмін. Газетке жан-тәніммен берілдім. Онсыз ұйықтай алмайтындай күй кешетінмін. Жұмысқа бармасам, газет шықпай қалатындай сезілетін. Идеяның бәрі осылай туындайды. Ал бүкіл тақырып – өлеңде. Журналист өлең оқу керек. «Қазақты жамандама, қазақ бала! Халық қой қазақ деген аз-ақ қана! Мәңгілік Ай астында, Жер үстінде, Қазақтың жанашыры қазақ қана!» – дейді Күләш Ахметова. Өлеңнің өн бойы тұнып тұрған тақырып. «Қазақты жамандама, қазақ бала!» деп айдар ашып, жүргізуге де келеді. Оқуға ертерек барғанымда мен ақын болар едім. Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметованы оқудан жалықпаймын. Үнемі тілімнен жырлары төгіліп тұрады, қолымнан кітаптары түспейді. Мысалы, Фаризаның ең алғаш шыққан «Сандуғаш» деген жұқа жыр жинағынан бастап, кейін шыққан барлық туындысы бар. Мұқағалидікі де солай. Олардың стилін бірден танимын. Жастардан Алма Ақылбайқызы, Таңжарық Тоқтарәлі, Мирас Асан, Танакөз Толқынқызы сынды ақындардың шығармашылығы ұнайды.
Журналист халықтың алдында жүреді. Оның сыртқы бітім-болмысы да тап-тұйнақтай, тап-таза болуы керек. Сонда оның жазуы да таза болады.
Халық үні
– Кез келген қалам ұстаған адам мейлі ақын, мейлі жазушы не журналист болсын, өзінің өмірде көргенін, түйсінгенін жазады. Содан оқиғаны дамытып, ой тербейді. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде «Журналист жолға шықты» деген айдар болатын. Тілші бір салаға бейімделу керек. Мен көбіне әлеуметтік саланы жаздым. Хат тексеріп, тұрмыстық мәселелерді шешуге тырыстық. «Тән жарасы жазылар-ау, жан жарасы қайтіп жазылады?» деген мақалам жарық көріп еді. Бір күні әйел кісі редакцияға іздеп келіпті. 90-жылдардың басы. Қым-қуыт қиын кез ғой. Баласы жолдастарының жетегіне еріп, айтқанына көніп, бір жерге барған. Жеткенде бұл сыртта күте тұрған, әлгі бала өзі ішке кірген. Сөйтсе ол ұры болып шығыпты. Дабылдың дауысы естілгенде күзетшілер жетіп келіп, сыртта тұрған баласын ұстап әкетіп, соңында Қостанайдағы түрмеден бір-ақ шыққан. Мен бір «дөңгелек үстел» өткізгенімде сол кездегі Жоғарғы кеңес депутаты Мәрия
Жүйріктаева қатысып, Президент жанындағы Балалар мен әйелдер ісі жөніндегі комитет жайлы әңгіме айтқан. Әлгі көмек сұрап келген әйел: «Мені сол кісімен жолықтыр», – деді. Баласының жазықсыз екенін айтты. Ақыры депутатпен кездесіп, ол баланы Қостанайдан Заречныйға алдыртып, сот үкімін қайта қаратып, тездетіп шығуына жәрдемдесті. Мұндай оқиғалар көп. Олармен әлі араласамын, туысқандай болып кеттік. Мынадай бір оқиға естен кетпейді: Жамбыл ауданының жас жігітін алты ай уақытша қамау орнында ұстаған. Бұл заңсыз еді. Осы оқиға бойынша Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі уақытша ұстау изоляторына да бардым. Кіретін кезде кәмпиттің қағазы шашылып жатыр екен. Бұл не деп ойлаймын. Сөйтсем апарылған дүниені ашып, тексереді екен. Мұндай оқиғалардың бәрі мақалаға арқау болады, кейде прозалық шығармаға айналады.
Газет – ұлтқа қызмет ететін ұлы мінбер, ерекше мүмкіндік. Қандай хабар жазсаң да, ұлттық мүдде бірінші орында тұруы керек. Шыншыл, батыл, адал болу – қаламды ұштап, өткірлендіреді. Өзіндік стиль қалыптастыру қажет. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді Әлихан Бөкейхан. Журналистке да мінез керек. Газет – халықтың мінбері, соны ұмытпаған абзал.
Ұлттық басылым күні
– 2 ақпанда қазақ баспасөзінің тағылымы мен тарихын кеңінен дәріптеу қажет. Қазіргі таңда қазақ газетіне төнген қауіптен арылу үшін қойылатын басты міндеттің бірі – «Қазпоштамен» жұмысты реттеу. Газетті аптасына үш рет қана шығару аз. Форматын сәл ауыстырып, күнде таратқан дұрыс. Қазір ақпарат күн емес, минут сайын өзгеріп жатыр. Ең басты ескеретін дүниенің бірі – газеттің оқырманы ауылда. Сондықтан меншікті тілшілермен жүйелі жұмыс істеген жөн. Бұрын журналистер күннің бұлттанып, жаңбырдың себелеп жауа бастағанын сипаттап барып, негізгі жағдайға көшетін. Қазір ондай көп сөздің қажеті шамалы. Ең алдымен мәселенің түпкі мәніне үңіліп, сенсациясын тауып алу маңызды. Тілші бір жерде көп отырмауы қажет. Кезектесіп іссапарға шыққан дұрыс. Жеке жобасы болуы шарт. Кезінде Есенқұлдың өлеңінен алынған «Біздің елдің жігіттері» деген жобаны жүргізіп, кітап қылып шығарғанбыз. Мұны қазір де жалғастыруға болады.
Қазақы әдеп ұмытылмасын
– Бұрынғы кезде журналистика тек ер адамдардың жұмысы деп есептелетін. Тіпті оқуға келген қыздарды жекіріп ұрсатын кездер де болды. Ал қазір олар меңгермейтін сала жоқ. Жақсы журналистер де бар. Шын мәнінде, әйел затына барлық жол ауыр. Заңды өзгертетін пәрменім болса, оларға жарты-ақ күн жұмыс істетіп, оның орнына күйеулеріне көбірек айлық берер едім. Сонда ер адамдардың беделі артып, әйел нәзіктігін жоғалтпайтын еді. Ал аналар үйдегі қыздарына ұлттық тәрбие беру керек. Халқымыздың дәстүрін, әдебі мен мәдениетін, ұстанымын бойына сіңірген абзал. Мейлі, бүкіл жерде цифрландыру жүріп жатсын, небір жаңа дүние шығып, өзгеріп жатсын, бірақ қазақы болмысын сақтауы керек. Қазақ екенін ешқашан ұмытпауы тиіс. Бұл жаулық тағып, жұмыс істемей үйде отыру деген сөз емес. Бұл қазақы дәстүр мен әдептен, мінез-құлықтан арылмау дегенді білдіреді. ТҮЙІН. Өмірдегі ұлы нығметтің бірі – жаның қалаған істі өмір бойы жаныңа серік ету. Сол сүрлеудің отына күйіп, суына батып жүрсең де, ол саған азап емес, ләззат болып сезіледі. Себебі жүректі кернеген махаббат нұры сен шеккен шерменде күйді ұмыттырып жібереді. Бұл нұр кейде өз жаныңнан артылып, айналаңа шуақ болып құйылады. Сәуле дарыған әлем жанданады, жаңа лептің екпіні жан тербейді. Осылайша біріне-бірі жалғасқан жарық түрлене береді. Жанкүміс ЖӘМЕҢКЕНІҢ ғұмыр жолына үңілсек, осындай ойлар тармақтармақ болып төгіліп, өздігінен жазыла береді.
Гүлзат Байқоныс




