Қазіргі таңда білім беру жүйесі жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Бүгінгі ұстаздың жұмысы тек оқыту ғана емес, сонымен қатар цифрлық кеңістіктегі жаңа құралдарды меңгеру. Осы орайда Қонаев қаласындағы қазақ мектеп-лицейінде өңір ұстаздарына «Жасанды интеллект – ұстаз көмекшісі» жобасының таныстырылымы өтті.
Аталмыш жобаның мақсаты – педагогтерге жасанды интеллектіні кәсіби қызметінде тиімді пайдалану жолдарын үйрету. Жиынға облыстық мәслихат және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова, «Daryn online» компаниясының негізін қалаушы Айбек Қуатбаев, сондай-ақ компанияның мемлекетпен байланыс бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіманапов және аймақ мектептерінің директорлары қатысты.
Кездесуді ашқан Қуат Сұлтанұлы өз сөзінде ұстаз мәртебесін көтеру мен олардың жұмысын жеңілдету бағытындағы бастамалардың жалғасып жатқанын, бүгінде педагогика саласында жасанды интеллектіге өте үлкен көңіл бөлініп отырғанын жеткізіп, соны дұрыс пайдалана білу негізгі міндеттердің бірі екеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында бұл технологияны ерте жастан үйретудің және мұғалімдердің де оны меңгеруін қамтамасыз етудің маңызын атап өткен еді. Президенттің бастамасын қолдай отырып, «AMANAT» партиясы ел көлемінде «Цифрлық қоғам» жобасын жүзеге асырып келеді. Бүгінде өткізіліп жатқан бұл басқосу – сол жобаның нақты бір бөлігі. Бәріміз білеміз ұстаздың күнұзақ жұмысы көп. Кейде сабақтан бөлек, ата-анамен байланысу, қағаз толтыру, есеп берумен уақыты өтіп кетеді. Міне, дәл осы тұста жасанды интеллект сіздің көмекшіңіз бола алады. Сабаққа дайындықта, құжат толтыруда, жалпы жұмыс барысында жасанды интеллектіні қалай қолдану керектігін курс оқыту орталығы егжей-тегжейлі түсіндіреді. Бұл қадам ұстаздың шығармашылық мүмкіндігін арттырып, олардың басы артық жұмыстан уақытын үнемдеуге, сабақты барынша қызықты өткізуге ықпал етпек, – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Келесі сөз кезегін алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Бақытқызы жобаның білім сапасын арттырудағы рөлін атап өтті. Ол:
– Білім сапасын және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Облыс мектептерінде осы мақсатқа бағытталған бірқатар жоба сәтті жүзеге асырылуда. Цифрлық педагог, білім берудегі инновациялық экожүйе, облыстық педагогикалық кахатондар мен тәжірибелік алаңдар ұстаздардың кәсіби дамуына зор серпін беруде. Жасанды интеллект құзыретін арттыру курсынан өткен мұғалімдер сабақтарында бұл құралдарды тиімді пайдаланып, оқу сапасын оңтайландыруға, шығармашылық әлеуетін көтеруге қол жеткізді, – деп ұстаздарға шабыт берді.
Мінберге шыққан «Daryn online»» компаниясының директоры Айбек Қуатбаев өз сөзінде компанияның атқарып жатқан халықаралық жобалары мен алдағы жоспарларын таныстырды.
– Біз алты жыл ішінде төрт елде қызмет етіп келеміз. Қазақ тіліндегі цифрлық білім ресурстарын Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспорттадық. 300-ден астам қызметкеріміз бар. Ендігі кезекте Түркия мен Египет нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – ұлттық білім беру жүйесін цифрландыру және еліміздің экономикалық әлеуетін жоғарғы 10 мемлекеттің қатарынан көру. Компаниямыздың офисі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында орналасқан. Мұғалімдерге арналған «Жасанды интеллект – ұстаз көмекшісі» жобамыз педагогтердің уақытын үнемдеп, шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді, – деді.
Келесі кезекте сөз алған Ерлан Әбдіманапов «ЖИ мұғалімге қалай көмектеседі?» тақырыбында арнайы слайд ұсынып, жоба жайлы толық ақпарат беріп өтті. Онда жасанды интеллектінің педагогикалық саладағы мүмкіндіктері үш бағытта көрсетілді. Алғашқысы – рутиналық жұмыстарды автоматтандыру: құжаттар мен есептерді дайындау, бағалау, аналитика жүргізу болса, екіншісі – оқыту процесін қолдау: жеке білім траекториясын құру, түрлі форматтағы оқу материалдарын әзірлеу, жеке ассистент қызметі, үшінші бағыт – мұғалімнің кәсіби дамуы: әдістемелік ұсыныстар, рефлексия жасау, контент генерациясы. Сондай-ақ спикер жобаның үш кезең бойынша өрбитінін алға тартты. Жоба алғашқы кезеңде еліміздің ұстаздарын тегін курспен толық қамтамасыз етсе, екінші кезеңде байқау нәтижесінде үздік 400 педагог іріктеліп алынып педхакатон ұйымдастырылатынын айтты. Ал үшінші шешуші кезең бойынша 400 педагогтен үздік шыққан 20 ұстаз дараланып, Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтуге жолдама алмақ. Осы орайда ол:
– «Жасанды интеллект – ұстаз көмекшісі» жобасы – тек курс емес, жаңа педагогикалық мәдениетті қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Алдағы уақытта жоба республиканың барлық аймағында іске асырылып, үздік педагогикалық кейстер топтастырылған бірыңғай платформа құрылмақ. Жоба аясында 400 мұғалім іріктеліп алынады. Әр педагог өзінің «ЖИ рутинаны азайтады: менің педагогикалық кейсім» атты жобасын онлайн платформада ұсынады. Мұғалімдердің жобаларын жасанды интеллект жүйесі автоматты түрде тексереді. Қабылдау процесі 2026 жылдың қаңтарына дейін жалғасады. Ал педагогикалық хакатонға жолдама алған мұғалімдердің есімі 2026 жылдың ақпан айында жарияланады, – деді. Оның айтуынша, алғашқы пилоттық кезеңде курсқа қатысқан ұстаздардың 70 пайыздан астамы жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмысына енгізген. Бұл өз кезегінде қағазбастылықты азайтып, сабаққа дайындық уақытын екі есеге қысқартқан.
Ұстаздар бас қосқан бұл кездесу заманауи білім берудің жаңа парағын ашқан маңызды бастама болды. Жасанды интеллектіні дұрыс пайдалана білген мұғалімнің еңбегі жеңілдеп қана қоймай, шығармашылық ізденісі артып, оқушылардың қызығушылығы мен білім сапасы да еселене түспек.
Құралбек СӘБИТОВ




