Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров өңір тұрғындарымен кездесіп, министрліктің құзыретіне кіретін көлік және логистика, жол құрылысы, азаматтық авиация туралы көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. Кездесуде көлік инфрақұрылымы және транзиттік әлеуетті қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Сапар аясында Мақсат Қайыржанұлы Қонаев қаласының көпсалалы колледж студенттерімен кездесіп, кәсіптік білім беретін оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Ал «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов жастарға «Көлік құрылысы» және «Көлік нысандары» деген жаңа мамандықтардың маңызын түсіндірді. Бұл бағдарламамен автомобиль жолдары мен аэродромдар, темір жолдар, көпірлер мен тоннельдер, газ-мұнай құбырлары сапасы бойынша мамандықтар оқытылады. «Неліктен жол құрылысы саласын таңдау керек? Жаһандану мен технологияның дамуына байланысты көптеген мамандық жоғалып барады, бірақ жол саласы ешқашан маңызын жоғалтпайды. Қазақстан – жер көлемі жағынан әлемде 9-орында, бірақ жол инфрақұрылымы бойынша 32-орында тұр. Бізге кәсіби инженерлер, құрылысшылар мен сарапшылар аса қажет!» – деді Мәулен Тоқтарбайұлы.
Келесі кезекте ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Қонаев қаласының Мәдениет үйінде аймақ тұрғындарымен жүздесті. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұханбетов және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысқан кездесуде вице-министр бүгінгі таңда көлік саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып, ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. «Биыл біз ел бойынша 13 мың шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу арқылы рекордтық нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – Мемлекет басшысының қолдауы мен жол саласы қызметкерлерінің күнделікті атқарып жүрген ерен еңбегінің арқасы. Биыл жол жөндеу жұмыстары облыстың барлық аудандарын қамтыды. Айталық, 872,9 шақырым автожолды жаңарту, оның ішінде 53,2 шақырымына күрделі жөндеу, 135,5 шақырымына орташа жөндеу жүргізу қарастырылған. Ерекше назар елдімекенішілік жолдарға аударылды. 142 ауылда жалпы ұзындығы 684,2 шақырым болатын жол жөнделуде. Көптеген учаскеде жұмыс белсенді түрде аяқталуда, кейбірі пайдалануға берілді. Біздің міндетіміз – тек жолға асфальт төсеу емес, ауылдар, аудандар мен қалалар арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ету», – деді Мақсат Қайыржанұлы. Оның айтуынша, назар тек магистральдік трассаларға ғана емес, сондай-ақ ауылішілік және кіреберіс жолдарға да аударылуда. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Жол-көлік желісін дамыту логистиканы жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ экономикалық белсенділік пен ішкі туризмнің дамуына мүмкіндік береді.
Кездесуде өңір тұрғындары Құлжа жолының Шелек пен Есік арасындағы бөлігіне күрделі жөндеу жүргізу, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бойындағы жолға көпір салу, Талғар тас жолын кеңейту, шекара өткелдеріндегі жүк тасымалын дамыту мәселелерін көтерді. Вице-министр барлық мәселе назарға алынып, кешенді жоспар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.
Ерзат АСЫЛ





