Перейти к содержимому
Главная страница » Мәдениет майталмандары марапатталды

Мәдениет майталмандары марапатталды

  Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімдігінің қолдауы­мен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйытқы болуымен «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала Мәдениет күндерінің гала-концерті мен облыс әкімінің «Ақтаңгер» сыйлығын табыстау шарасы ұйымдастырылды.

Аталған шара облысымыздың мәдениет саласына зор үлес қосып жүрген қызметкерлерді, ақын-жазушыларды, композиторлар мен суретшілерді ынталандыруды, сонымен қатар облысымыздың мәдениетін ілгерілету мен жаңаша серпін беруді көздеді.
Шараға облысымыздың зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері, ақын-жазушылар, аудан әкімінің орынбасарлары мен мәдениет бөлімдерінің басшылары қатысты.
Жиынды облыстық мәдениет, ар­хивтер және құжаттама бас­қар­масы­ның басшысы Данияр Әлиев ашып, аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құт­тықтауын жеткізді.
Одан соң мәдениет қызметкер­лерін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапаттау басталды. Биыл қазан айында өткен «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала Мәдениет күндері облыстық байқауының жеңімпаздары мен жазушы Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген суретшілер плэнерінің арнайы стипендиясының иегерлеріне жүлделер табысталды. Сондай-ақ әрбір ауданның театр және көркемөнерпаздар ұжымдары бөлек аталым бойынша тиісінше марапатқа ие болды. Бұдан кейін «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала Мәдениет күндері облыстық байқауының қорытындысы шығары­лып, нәтижесінде бас жүлде Райымбек ауданына беріліп, «Шевроле» автокөлігі сыйға тартылды. Одан басқа үш орын иегерлері анықталып, ынталандыру сыйлықтары да берілді. «Үздік көркемөнерпаздар ансамблі», «Үздік музей», «Үздік қойылым», «Үздік суретші», «Үздік жыр-толғау» аталымдары бойынша да лайықты ұжымдар мен тұлғалар марапатталды. Айтулы еңбектерімен көзге түсіп, жүлделі болғандардың арасында облыстық екі тілдегі басылымды біріктіріп отырған «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Б. Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Құныпияұлының да есімі аталды.
Шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне жалғасты.

Бейбіт МЕКЕЕВ

Қонаев қаласы