Шалкөде – талай таланттың қанат қаққан қасиетті мекені. Мұзбалақ Мұқағали жырлап өткен осы көрікті өңірде туып-өскен, поэзия әлемінде өзіндік орны бар қаламгерлердің бірі – ақын Сәлім Жусанбаев. «Өткерген өмірімнің бәрі майдан», «Уақыт үні», «Қарлығаштың ұясы» секілді жыр жинақтары арқылы оқырман жүрегінен орын алған ақынның шығармашылығы жуырда туған жерінде лайықты дәріптелді.
Райымбек ауданы Шалкөде ауылдық әкімдігінің акт залында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мұқағали Мақатаев және Еркін Ібітанов атындағы төсбелгілердің иегері Сәлім Жусанбаевтың 65 жылдық мерейтойына орай «Жырым менің – туған жер» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби жиынға Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, алыс-жақыннан келген ақын-жазушылар, аудандық кітапхана қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кеш аясында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, шараны айтыскер ақын Жәнібек Аят жүрекжарды жыр-шумақтарымен ашты. Аудан әкімі ақынға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар Елеусіз Ахметкерімұлы, Ерлан Еркінұлы, Кемелбай Сағымбеков секілді қаламгерлер жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында Сәлім Жусанбаевтың сөзіне жазылған әндер де орындалды. Айтмұрат Төреғалидың «Ақбұлақ», Бақытжан Заманбековтің «Сағыныш» әндерін жергілікті өнерпаздар Нұрбақыт Нүптібек пен Нұрақын Абзал тамаша жеткізді. Мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, кештің мазмұнын байыта түсті. Әдеби шара сыр-сұхбатқа жалғасып, ақын қойылған сұрақтарға мазмұнды жауап берді.
Райымбек аудандық кітапханасының директоры Қымбат Нұрданбекқызы ақынға құттықтау хатын табыстап, шапан жауып, ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ кітапхана ұжымы кешке қатысып, өнер көрсеткен азаматтарға Алғыс хат ұсынды.
Кеш соңында ақын Сәлім Жусанбаев өзіне көрсетілген қошеметке ризашылығын білдіріп, «Айғайтас» кітабы мен Еркін Ібітановтың таңдамалы жыр жинақтарын көпшілікке тарту етті. Әдеби кеш әнші Раушан Тоқсанбаеваның орындауындағы «Шалкөде» әнімен түйінделді.
Ақын – елдің айнасы, ұлттың үні. Сәлім Жусанбаевтың жырлары да осы кеште тыңдаушыларын ойлантып, қуаныш пен шабыт сыйлады. Туған жер төрінде өткен бұл әдеби басқосу ақынның шығармашылық жолына деген құрметтің тағы бір жарқын көрінісі болды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы



