Қазіргі заманғы сын-қатерлер, оның ішінде әлеуметтік желілердегі белсенділіктің артуы жағдайында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекет пен азаматтардың мүдделерін қорғау жолындағы басым бағыт болып қала береді.
Есірткі құралдарының таралуы мен тұтынылуы азаматтардың денсаулығына елеулі зиян келтіріп, ілеспе қылмыстардың өсуіне ықпал етеді және әлеуметтік тұрақтылықты әлсіретеді.
Ағымдағы жылы облыс бойынша есірткі қылмыстарын анықтау деңгейінің 5,8%-ға (226-дан 239-ға дейін), сату фактілерінің 16,9%-ға (77-ден 90-ға дейін) артқаны байқалады, алты есірткі зертханасы жойылды. Тәркіленген есірткі құралдарының көлемі 48,7%-ға өсіп (7,4-тен 11,2 тоннаға дейін), 100 есірткі сайты мен заңсыз операцияларда пайдаланылған 1057 банк шоты бұғатталды, олардағы 90 миллион теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды.
Мәселен, Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шет мемлекеттердің 7 азаматына қатысты қылмыстық іс қаралуда.
Аталған тұлғалар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болып, Еңбекшіқазақ ауданының Түрген және Бесағаш ауылдарында есірткі зертханасын ұйымдастырып, аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды дайындау, өңдеу, сақтау және өткізу әрекеттерімен айналысқан.
Осы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын 1 тоннадан астам психотроптық заттар мен прекурсорлар тәркіленді.
Сонымен қатар Қарасай ауданында 24 кг мөлшерінде синтетикалық есірткі тасымалдау фактілері анықталды.
Жыл басынан бері аталған санаттағы қылмыстар үшін 121 адам сотталған, оның ішінде: есірткі және психотроптық заттарды сақтағаны үшін – 41, сатқандығы үшін – 54, дайындағаны үшін – 17, насихаттағаны үшін – 1, егіп-өсіру фактілері бойынша – 8 адам. Сотталғандардың ішінде кәмелетке толмағандар – 3, әйелдер – 10, жұмыссыздар – 80, білім алушылар – 8, бұрын сотталғандар – 25 адам. Негізінен қылмыстарды 18 бен 45 жас аралығындағы, тұрақты жұмысы жоқ, орта білімі бар, үйленбеген, бұрын сотталған ер адамдар жасайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасы мен өзге де уәкілетті органдар ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
240 қоғамдық іс-шара аясында 10 мыңнан астам азамат қамтылып, 5 мың волонтер тартылды, бұқаралық ақпарат құралдарында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен есірткіге қарсы көзқарасты нығайтуға бағытталған 220 ақпараттық материал жарияланды.
Заңнаманы өзгерту бөлігінде мемлекет есірткі құралдарын өндіру, дайындау, өңдеу, сондай-ақ қызметтік жағдайын пайдалана отырып лауазымды адамдардың аталған қылмыстарды жасауы үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шаралар қабылдады.
Мұндай әрекеттер үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не мүлкін тәркілей отырып өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұл шаралар мемлекеттің осы індетпен күрестегі ымырасыз ұстанымын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар, көп жағдайда табыс табу мақсатында жолдан тайған жастар болып табылатын есірткі таратушыларға (закладчики) қатысты санкциялар жеңілдетілді.
Енді есірткіні шағын мөлшерде сатқандығы үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 5 жылдан 8 жылға дейін (бұрын 5–10 жыл), ірі мөлшерде – 6 жылдан 10 жылға дейін (бұрын 6–12 жыл), ал аса ірі мөлшерде – 7 жылдан 12 жылға дейін (бұрын 10–15 жыл) болып төмендетілді.
Жазалардың жеңілдетілуіне байланысты сотталған 385 адамның жаза мерзімі қысқартылып, 27 адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды, 12 адамның жазасы неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылды, тағы 30 адам қысқартылған мерзімді толық өтегеннен кейін босатылды.
Сонымен бірге қылмыстық заңнаманы ізгілендіру заң талаптарын сақтауға қойылатын талаптардың төмендеуін білдірмейді. Есірткінің заңсыз айналымының әрбір фактісінің артында күйреген тағдырлар, бұзылған отбасылар мен жоғалған адам өмірлері тұр.
Сондықтан есірткі қылмыстарына қандай да бір түрде қатысу, рөліне қарамастан, ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, ал жаза қатаң әрі бұлтартпас болуы тиіс.
Есірткі қылмысына қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Тек мемлекет пен азаматтардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана осы қауіпке тиімді қарсы тұрып, өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын қорғауға болады.
Біздің қағидатты ұстанымымыз өзгеріссіз қалады: азаматтардың құқықтарын қорғауды, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ете отырып, есірткі қылмыстарына қатаң қарсы тұру.
Мамаев Қанат Есіркепұлы,
Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары




