Қаскелеңдегі жаңадан ашылған жайлы мектеп базасында «Бала тәрбиесіндегі үздіксіз білім беру: балабақша- мектеп сабақтастығы» атты республикалық семинар өтті. Аталған шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институты мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырды. Семинар жұмысына еліміздің 14 аймағынан 300-ден астам педагог қатысты.
Жиында облыстың бірқатар мектепке дейінгі ұйымы мен дамыту орталығы өздерінің арнайы әзірлеген жұмыстарынан көрме ұсынды. Іс-шараның ресми бөлімі Еңбекшіқазақ ауданындағы «Бәйтерек» және Қарасай ауданындағы «Ерке-Нұр» балабақшасы тәрбиеленушілерінің өнер көрсетуімен ашылды.
Алғашқы болып сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова қатысушыларды айтулы шараның ашылуымен құттықтады. Ол семинардың мақсаты мен міндетіне тоқталып, облыстағы мектепке дейінгі білім берудің даму барысын баяндады. Айта кететін болсақ, бүгінде облыста 1094 білім беру мекемесі жұмыс істейді, оның ішінде 101 мемлекеттік балабақша, 70 шағын орталық және 964 жекеменшік балабақша бар. Сонымен қатар ол «Жасыл балабақша», «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» жобалары жайлы әңгімеледі. Соңғы жобаға облыстың 5 балабақшасы, оның ішінде 3 мемлекеттік және 2 жекеменшік мекеме қатысуда.
Ел көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова айтып берді. Ол қысқаша тарихқа шолу жасап, 90-жылдарға дейін елімізде 8000 балабақша болғанын еске салды. Қайта құру кезінде олардың саны бір мыңға дейін қысқарған. 2009 жылдан бастап «Балапан» бағдарламасының арқасында жаңа балабақшалар ашу мәселесі шешімін таба бастады. Бүгінде елімізде мемлекеттік және жекеменшік меншіктегі 12000 балабақша бар. Алайда маман тапшылығы әлі де өзекті.
2023-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, мектеп, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасы аясында үлкен жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, 330 балабақша базасында құзырет орталықтары ашылды. Балабақша мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастық жолға қойылуда. Балабақша деңгейінде әр баланың жеке даму картасын әзірлеу үлкен рөл атқарады. Бұл карта арқылы бастауыш мектеп мұғалімі баланың даму траекториясын, оның мықты және әлсіз тұстарын көріп, жұмыс жоспарын дұрыс құра алады. Сондай-ақ 135 мектепке дейінгі ұйым қатысып жатқан «Тілге байлау» пилоттық жобасының жүзеге асырылуы туралы айтылды. «Адал азамат» атты бірегей тәрбие бағдарламасына ерекше назар аударылды.
Спикерлер қатарында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері – Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық академия, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болды. Олардың баяндамаларында «Адал азамат» бағдарламасының іске асырылуы, мектепке дейінгі жастағы балаларды ерте кәсіптік бағдарлау мәселелері Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея тәжірибелері негізінде қарастырылды. Ерте кәсіптік бағдарлаудың ғылыми негізделген, ойын, ақпараттық-танымдық, жобалық, интегративтік, құзыреттік секілді түрлі әдістері атап өтілді. Бұл қатарға цифрлық технология мен медиалық орта да қосылды.
Семинардың ресми бөлімі спикерлерді облыстық білім басқармасы атынан Алғыс хаттармен марапаттау рәсімімен аяқталды. Бұдан кейін төрт пленарлық сессия өтті. Бірінші, екінші және үшінші сессияларға 30 педагогтан қатысты, олар әртүрлі оқу аудиторияларында өтті. Төртінші сессияда конференц-залда жиналған 150 қатысушы болды.
Семинар ұйымдастырушыларының айтуынша, бұған дейін мұндай іс-шаралар Астана, Қостанай және Қарағанды облыстарында ұйымдастырылған. Мақсаты – сабақтастық қағидаты негізінде балабақша мен мектеп деңгейінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




