Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, театр және кино актері Бекжан Тұрыстың 60 жасқа толған мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Сахнаның сәнін келтіріп, әр рөлін жүрек жылуымен сомдаған өнер иесіне арналған рухани шаралар әлі де жалғасын табуда. Соның бірі – Алматыдағы «Alatau creative hab» залындағы Бекжан Тұрысқа арналған «Бекзат болмыс» атты жаңа кітаптың тұсаукесері. Рухани кешке жиналған зиялы қауым, өнер жанашырлары мен ақын-жазушылар сахна саңлағына деген ақжүрек лебіздерін арнап, көптің көңіл төрінен орын алған қарапайым мінезді, бекзат болмысты азаматқа құрмет көрсетті.

Кеш шымылдығын ашқан ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан аталмыш жаңа жинақтың мазмұнына тоқталды. «Бекзат болмыс» кітабының алғашқы беттерінен-ақ оқырманды жаңа бір рухани әлем қарсы алады. Қазақ өнерінің абыздары – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Зейнеп Ахметова, Әбубәкір Рахимов, Әлия Бөпежанова сынды тұлғалардың әрқайсысы өнер қайраткерінің болмысын өз биігінен бағамдап, шынайы мінезін, сахнадағы салмағын, адам ретіндегі асылдығын жүрек жылуымен жеткізеді. Кітаптың мазмұны ерекше жүйемен құрастырылып, үш бөлімге жіктелген. «Біз білетін Бекжан» атты алғашқы бөлімде өнер иесінің бойындағы даралықты, жас буынға берер өнегесін әріптестері баяндайды. Мұнда актердің сахнада сомдаған бейнелерінің салмағы, шеберлікке деген адалдығы, әр рөлге берілетін ықыласы, ішкі мәдениеті кеңінен сөз болады. Екінші «Ой түбінде жатқан сөз» бөлімінде рухани толғаныстар, ұлттық тәрбие, адамгершілік қасиет туралы терең пікірлер жазылған. Автор мен кейіпкерлердің ішкі ой кеңістігі арқылы Бекжан Тұрыстың азаматтық келбеті, оның қоғамға, өнерге деген көзқарасы айрықша танылады. Ал «Жырға айналған жүрек» бөлімінде актер өміріне арқау болған жыр жолдары топтастырылған.
Сахнаға көтерілген Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов алпыс жылдық өмір жолында ұлт өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаға арналған бұл кеш мерейтойлық шаралардың ішіндегі ең шоқтығы биігі екенін айтып, ақ батасын берді. «Өнердің отын өшірмейтін, елдің рухын көгертіп жүретін азаматтар аман болсын. Бекжан секілді бекзат тұлғалар көбейе берсін!» – деген ақсақалдың ақ пейілінен соң бірқатар зиялы қауым өкілі сахнаға шақырылып, жаңа жинақтың тұсауы кесілді. Осы сәтте сөз алған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Әбубәкір Рахимов аталмыш кітаптың көтерер жүгін айтып, құнды қазына екенін тілге тиек етті. Атауының өзі Бекжан Тұрыстың бүкіл өмірін бір ауыз сөзбен өрнектегенін алға тартып, жинақты ұйымдастырған редакция мүшелері Жұматай Әміреев, Досым Зікірия, Алмат Исәділ, Ернат Ысқақ, Ботагөз Жөкенқызы, Назым Дүтбаеваларға, кітаптың демеушісі, кәсіпкер-меценат Айнұр Асанбердіге алғысын жеткізді.

Келесі болып сахнаға көтерілген жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжан: «Бекжан – Қарадаладан түлеп ұшқанымен, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған азамат. Оның туған жерге деген махаббаты, елге деген жанашырлығы ерекше», – деп сахна саңлағының тек өнердегі шеберлігімен ғана емес, азаматтығымен де бәрінен биік тұратынын айтты.
Артынша ауылдың аманатын арқалап келген актердің жерлестері Нұрәкім Есжан мен Қанат ағалар сахнаға көтеріліп, Бекжанның бала күнгі мінезін, қарапайымдылығын, ауылға деген ыстық көңілін әсерлі әңгімеледі. Әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежанова да өзінің салмақты пікірін ортаға салды. Бекжан Тұрыстың арзан атақтың соңынан ермей, өнердің қадірін сақтап жүрген сирек жан екенін айтты. Сондай-ақ кітапқа оң бағасын беріп, заман талабына сай шыққанын сөзіне қосты. Ақын Жарас Сәрсек те алғаусыз адал көңілін білдіріп: «Өнер мен әдебиет – алып мұхит. Біз – сол мұхиттағы кемеміз. Ал адаспас үшін жағалауда маяк керек. Бекжан аға – біздің маягымыз», – деді. Артынша жинақта қолтаңбасы қалған ақындар Мұратхан Шоқан, Айгүл Жұмәділ Бекжан ағаның болмысын ашатын арнау өлеңдерін тебірене оқыды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары әуелете ән салып, рухани шараның шарапатын арттыра түсті. Келесі кезекте сахнаға көтерілген Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар мерейтой иесін құттықтап, бұл кештің Президентіміздің «Жаппай оқитын ұлт» идеясына сай келетін тағылымды шаралардың бірі екенін атап өтті. Бекжан аға туралы жазылған кітаптың елімізде кенжелеп қалған оқу мәдениетінің қайта жаңғыруына жол ашатынын алға тартты.

Рухани шара кітаптың жарық көруіне ұйытқы болған редакция мүшелерінің лебізімен өз мәресіне жетті. Олар 212 беттік жинаққа 40-қа жуық қаламгердің, театр тарландарының, шәкірттердің, замандастардың жүрекжарды естеліктері енгенін айтып, белгілі дизайнер-беттеуші, баспагер Бақыт Ойсаның «ARNA-B» баспасынан 1000 данамен шыққанын жария етті. Сондай-ақ кітаптың демеушісі, кәсіпкер-меценат Айнұр Асанбердіге айрықша алғысын жеткізді. Кітап құрастырушылардың бірі Досым Зікірияның: «Жақсы адамның қадіріне көзі тірісінде жету керекпіз» деген сөзі залдағы жүректерді тербетсе, ақын Алмат Исәділ «Бекзат болмыс» актер әлемінің толық картинасын беретінін айтты. Өз кезегінде Ботагөз Жөкенқызы аталмыш кітаптың болашақта Бекжан Тұрысты зерттеушілерге жол көрсететін ерекше еңбек екеніне тоқталды.
Шара соңында актер жиналған барша қауымға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде:
– Ақын інілерім, қарындастарым, журналистер, бәрі бірігіп мен туралы жалпы халықтың пікірін кітап етіп шығарыпты. Бұл мен үшін тосынсый болды. Баршаңызға ерекше рақмет айтқым келеді, – деп ағынан жарылды.
Кештен кейін сахнада сомдаған әр кейіпкері арқылы халықтың жүрегіне жол тапқан, адалдығымен үлгі, ұлт өнеріне тірек болған азаматтың шығармашылық ғұмырынан ғана емес, адамдық тұғырынан сыр шертетін рухани шежіреге қол жеткізген қонақтар бекзат болмысты ағаның қолтаңбасына қуана кезекке тұрды.
Құралбек СӘБИТОВ




