Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу орны басшылығы мен Алматы облыстық өңірлік даму орталығы өкілдерінің ресми кездесуі өтті. Делегацияны орталық директоры Ақжол Исақов бастап келді.
Кездесуде жаңа әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өткен университеттің басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ыбрайымов: «ҚазҰУ үшін өңірлік институттармен бірлескен ғылыми-технологиялық жобаларды дамыту – бірыңғай инновациялық экожүйені қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз әріптестіктің жоғары деңгейіне және бірлескен зерттеулер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететініне сенеміз», – деді.
Өз кезегінде сөз алған орталық директоры Ақжол Исақов: «Меморандумға қол қою арқылы заманауи зерттеу технологияларына жол ашамыз. Ғылым, бизнес және мемлекеттік сектордың синергиясы Алматы облысының цифрлық трансформациясына серпін береді. Алдағы жылдары біз жобаларды басқару, логистика, агрокешен, өнеркәсіп және басқа да салаларға интеллектуалды шешімдерді енгізе аламыз», – деді.
Басқосу барысында тараптар меморандум аясындағы негізгі бағыттарды талқылады. Тараптар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, деректерді талдау және автоматтандыру салаларында бірлескен зерттеулер жүргізуге келісті. Сондай-ақ пилоттық жобалар әзірлеу, интеллектуалды шешімдер енгізу, цифрлық трансформация бағдарламаларын дайындау жоспарланды. Болашақта зертханалар, құзырет орталықтары және көрсетілім алаңдары құрылатын болады. Сонымен қатар еліміздің жетекші университетімен ынтымақтастық өңірге экономикадағы озық шешімдерді белсенді енгізуге, ғылыми-білім беру әлеуетін күшейтуге және болашақтың цифрлық салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар алғашқы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдіріп, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты. Цифрлық технологиялар, ғылыми зерттеулер және аймақ экономикасына инновацияларды енгізу бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Алма ЕСЕНБАЙ




