Мемлекет құрылымында әрбір саланың алатын орны ерекше дейтін болсақ, архив қызметінің де ел үшін маңыздылығын жоққа шығаруға болмайды. 22 желтоқсан – Қазақстан архившілерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы облыстық мемлекеттік архив басшысы Гүлмира Құлмұханбетоваға жолығып, аталмыш қызметтің жұмысы жайлы сұраған едік.
– Гүлмира ханым, жалпы еліміздегі архив қызметінің қысқаша тарихына тоқтала кетсеңіз?
– Қазақстан Республикасындағы архив қызметі – қоғамның материалдық және рухани өмірін жан-жақты бейнелейтін, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтауда ерекше орын алатын маңызды сала. Архив қорларында тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени мәні зор құжаттар жинақталып, жүйелі түрде сақталып қана қоймай, үнемі толықтырылып отырады. Қазақстанның архив мекемелері жүйесі жалпыұлттық маңызы бар ғылыми-ақпараттық және мәдени-тарихи орталық ретінде елдің өткенін зерделеуге, тарихи сабақтастықты сақтауға және болашақ ұрпаққа құнды деректерді жеткізуге қызмет етеді.
– Алматы облысы архиві қай жылдардан бері жұмыс істеп келеді?
– Алматы облысының мемлекеттік архиві өзінің бастауын облыстық архив қорынан алады. Ол 1919 жылдан бастап жұмыс істей бастағаны, оның штатында 4 қызметкері болғаны туралы мәліметтер бар. Ал облыстық архив қорын құру туралы бұйрықта оның Түркістан АССР халық ағарту комиссариатының Орталық архив басқармасының құрамына 1921 жылдың 25 қаңтарында кірді деп көрсетілген. 1935 жылдың наурыз айында Алматы облысының 16 ауданында аудандық архивтер ұйымдастырылды.
1992 жылғы ақпаннан бастап Алматы облыстық мемлекеттік архиві облыстық архивтер және құжаттама басқармасына, 1995 жылғы қазаннан Алматы облысы әкімі аппаратына бағынысты болды. Ал 1996 жылы архивтер мен құжаттама басқармасы облыс әкімінің архив бөлімі болып қайта құрылып, 1997 жылы таратылды. 2000 жылдың маусым айында Алматы облыстық архив басқармасы ретінде қалпына келтіріліп, мемлекеттік архив штатынан бөлінді. 2013 жылдан бастап Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қарамағына ауысты.
Бүгінгі таңда облыстық мемлекеттік архивтің Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Кеген, Қарасай, Қонаев қаласы, Райымбек, Талғар, Іле, Ұйғыр аудандарында 10 филиалы бар. Штаттық кестеге сай 131 қызметкер жұмыс атқаруда.
– Архив қызметінің атқаратын міндеті жайында айта кетсеңіз?
– Архив саласының негізгі міндеті – Ұлттық архив қорына құжаттарды мемлекеттік есепке алу, жинақтау, ғылыми анықтамалар мен көрсеткіштер жасау, құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету, сонымен қатар келіп түскен құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды сақтап қана қоймай, тарихи құжаттарды зерделегісі келетін мамандарға жол көрсетіп, құжаттар дерегіне қол жеткізуіне барынша мол мүмкіндік береді.
Тәуелсіздігімізді алған кезеңнен бастап, архив саласында көптеген өзгеріс болды. Цифрлық көрсеткіштерге көшіру негізінде құжаттар көшірмесін жасау мәселесінде бірқатар жұмыс атқарылып, соның негізінде заманауи жабдықтарға қол жеткіздік. Құжаттардың барлығы «Ұлттық архив қоры және архивтер» туралы Заң негізінде жасалған талаптарға сай сақталады.
– Облыстық архивте қандай құжаттар сақталуда?
– Мемлекеттік сақтауда тұрған құжаттар 1875 жылдан басталады, яғни облыстық деңгейдегі мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдарда қалыптасатын құжаттар. Қор көлеміне тоқталатын болсақ, Алматы облысының мемлекеттік архиві мен оның филиалдарында жалпы саны 2 727 архив қоры шоғырланған. Аталған қорлар құрамында 914 938 сақтау бірлігі бар, оның ішінде 904 373-і қағаз түріндегі құжаттар. Бұл көрсеткіштер архив қорының ауқымдылығы мен тарихи құндылығының жоғары екенін айғақтайды. Жалпы архив материалдарының көп бөлігі – әлі де қағаз түріндегі құжаттар. Қордағы барлық құжатты бірден цифрлық үлгіге айналдыру мүмкін емес. Өйткені қор жинау ісі жыл сайын жаңғырып, үздіксіз толығып отырады. Қазіргі таңда мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметінің негізгі процесін, архив ісі саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мақсатында «Е-Архив» ақпараттық жүйесі енгізілді. Құжаттарды цифрландыру, яғни архивті сканерлеу, архив құжаттарын интернет желісіне орналастыра отырып, ғылыми айналымға енгізу үшін бірқатар жұмыс жүргізілді.
– Өңір тұрғындары архивтік анықтаманы қалай алады?
– Көбіне азаматтар еңбек өтілі мен еңбекақысының мөлшерін, жасын, білімі мен біліктілігін, мемлекеттік және зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды, отбасы құрамы, азаматтық қал-жағдай актілері, мүліктік құқықтарды растауға, аудан, қала, облыс атауларын өзгертуге байланысты сұрау салып жатады. Бізден алынған анықтамалардың азаматтар үшін қажетке жарап жататынын айта кету керек. Сол себепті, архив қызметкерлерінің алдында үлкен жауапкершілік тұр.
– Кейбір азаматтар анықтаманы тездетіп алғысы келеді. Осының белгілі бір тәртібі бар ма?
– Ол үшін өтініш беретін тұлға өзінің өкілеттілігін және жеке басын растайтын куәлік, оның нотариалды бекітілген сенімхат нұсқасы мен өзге де құжаттарды қосымша ұсынады. Содан кейін құжаттары дұрыс болып жатса, архивтік анықтама беру жұмысы жүргізіледі.
Архив құжаттарының архивтік анықтамасы, архивтік үзіндісі және архивтік көшірмесі өтініш (сауал, арыз) мемлекеттік архивке тіркелген күннен бастап 11 жұмыс күні ішінде ұсынылады. Осы тәртіптің сақталуы архив қызметінің қалыпты әрі жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
– «Тарих – бүгін – болашақ» деген қағидатты басшылыққа алар болсақ, архивтің маңызы неде?
– Әлбетте, өткенсіз бүгін жоқ. Ал тарихсыз халықтың да болмайтыны түсінікті. Жас ұрпақ өз мемлекетінің тарихын білмейінше, болашағын қалыптастыра алмайды. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады емес пе?! «Болашақ» деген сөзді тамсанбай, жай айту мүмкін емес. Республика бойынша барлық архивтер осы қағидатты басшылыққа ала отырып, «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында ашық есік күндерін өткізуде. Жыл сайын университет, колледж, мектеп оқушыларын шақырып, сақтауда тұрған құжаттар негізінде фотокөрме, дөңгелек үстел, танымдық сабақтар сынды іс-шаралар ұйымдастырып келеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев




