Қазіргі таңда қоғамда алаңдататын ең өзекті мәселелердің бірі – діни экстремизм мен радикалды идеологияның таралуы. Бұл – жеке адамдардың ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Өкінішке қарай, теріс ағымдар ислам дінінің асыл құндылықтарын бұрмалап, жастарды адастыру арқылы өз мақсаттарына жетуге тырысады.
Ислам – бейбітшілік пен мейірім діні. Қасиетті Құранда: «Бір адамды жазықсыз өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең» деп анық айтылған. Бұл аят адам өмірінің ең қастерлі құндылық екенін көрсетеді. Сондықтан зорлық-зомбылықты, бүлік пен іріткі салуды уағыздайтын кез келген әрекетті ислам діні үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Дін экстремизмі – діни сауатсыздықтың белгісі. Өз сенімін терең меңгермеген, діни білімді тек әлеуметтік желі мен күмәнді сайттар арқылы алған жастар жалған уағызшылардың арбауына оңай түсіп қалады. Мұндай жалған діни жетекшілер адамдардың санасын билеп, оларды теріс мақсатқа пайдалануға тырысады.
Алатау қаласында дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау, тұрғындардың діни сауатын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Қала мешіттерінде тұрақты түрде ағартушылық дәрістер, жастармен ашық кездесулер, түсіндіру сабақтары ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат – жастарды теріс ағымдардан сақтандыру, олардың санасында дұрыс діни таным қалыптастыру.
Бұл жолда басты күрес білім арқылы жүруі тиіс. Ата-аналар балаларының айналасына сергек болып, қандай ортада жүргенінен хабардар болу қажет. Дін мәселесінде әр азамат тек ресми діни мекемелер мен білікті имамдардан ғана кеңес алуы шарт.
Экстремизммен күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Біз бірлік пен татулықты сақтаған кезде ғана кез келген қауіпке төтеп бере аламыз. Ынтымақ бар жерде – тыныштық, тұрақтылық бар жерде – береке болады.
Барша қала тұрғындарын саналы болуға, жалған діни ұстанымдардан сақтануға және еліміздегі бейбітшілік пен келісімді қастерлеуге шақырамыз.
Дін – бөліну үшін емес, бірігу үшін келген қасиетті жол.
Қуаныш Жұмахан,
Алатау қаласының бас имамы




