Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №10 мекемесінде жаңа өндірістік нысандар ашылды. Бұл игі іске облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ортақтасып, «Infinitel» тігін цехының және «Бромарт» компаниясының шағын аспаздық нысанының жұмысын бастауына куә болды. Мұндай жобалардың жазасын өтеп жатқандарды өмірге бейімдеудегі маңызы зор.
«Infinitel» тігін цехы 2 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан. Кәсіпорын осы жылдың желтоқсан айында «Еңбек-Жауғашты» РМК филиалымен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды, ал қазір мұнда жүзге тарта жазасын өтеп жатқан әйелдер жұмыс істейді. Цехта балалар киімдерінен бастап үй тауарларына дейін көптеген өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи тігін машиналары орнатылған. Арнайы киімдер де тігіледі. Шикізат Қытайдан келеді, ал дайын өнім ішкі тапсырыстар бойынша таратылады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 100 миллион теңгені құрады.
Екінші нысан – «БроМарт» шағын өндірісі. Мұндағы 35 шаршы метр аумаққа шағын наубайхана мен фаст-фуд жасайтын асхана орын тепкен. Онда тәтті кондитерлік өнімдер, фаст-фуд, пирог, сусындар дайындалады. Бұл өндіріс орнында әзірге жазасын өтеп жатқан үш адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмыс орындарының санын онға дейін ұлғайту жоспарда бар. Инвестиция көлемі – 30 миллион теңге.
Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев пен облыс прокуроры Берік Адамов өндіріс ошағын аралап, ондағы технологиялық процестермен танысты. Еңбек жағдайын бағалап, мұндай жобалардың ұзақ мерзімді әлеуметтік әсері бар екенін атап өтті.
– Ел Президенті сотталғандардың жүз пайыз жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудің нақты бағдарын белгіледі. Еңбек адамдарға мамандық, сенімділік және бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Мұндай өндірістер олардың болашағына, сондай-ақ өңір экономикасына үлес қосады, – деді Марат Елеусізұлы.
Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Рысбек Тұрғымбаев түзету мекемелерінде жазасын өтеушілерді еңбекке тарту оларды қоғамға дайындаудың маңызды элементі екенін айтты. Әйелдер жалақыны қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген шектік мөлшерде алады. Жаңа өндіріс ошақтары мұндағы кәсіп ауқымын кеңейтуге және сұранысқа ие мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді.
Екі жаңа цехтың ашылуы түзету мекемесіндегі еңбек инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болды. Жазасын өтеуші әйелдер жұмыс істеп, табыс табуға және жаңа кәсіпті меңгеруге мүмкіндік алады, ал аймақ үшін өндіріс ошақтарының қуаты артады. Бұл жобалар мемлекет, бизнес және қылмыстық атқару жүйесінің мүдделері біріктірілген жағдайда әлеуметтік бейімделудің тиімді болатынын көрсетеді.
Алма Есенбай




