Қонаев қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік көмек орталығына «KT&G» корпорациясы жалпы құны 20 миллион теңге болатын алғашқы қажеттілік заттарын табыстады.
Алматы қаласындағы жергілікті жеткізушілерден сатып алынған жұмсақ мүлік пен кеңсе техникасы орталықтың күнделікті жұмысында пайдаланылатын болады.
Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Байқоныс, орталық директоры Раушан Алпысбаева, корпорация тарапынан «KT&G Global Kazakhstan» және «KT&G Kazakhstan» компанияларының бас директорлары Сеу Джи Чуль мен Пак Хён Ук, сондай-ақ әкімшілік және GR-блок өкілдері қатысты.
– Бүгінде отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғамдағы ең күрделі мәселелердің бірі. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау, әсіресе зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға кешенді көмек көрсету және үміт сыйлау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда «KT&G» корпорациясына, соның ішінде «KT&G Global Kazakhstan» және «KT&G Kazakhstan» компанияларының басшылығына әлеуметтік қолдау көрсетіп, орталықтың дамуына елеулі үлес қосып отырғаны үшін өңір жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін. Осының арқасында орталық қызметінің тиімділігі артып, ондағы азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға нақты жағдай жасалады. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде әлеуметтік серіктестікке әрдайым ашықпыз және осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз, – деді Марат Елеусізұлы.
Орталық күн сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларды қабылдайды. Мұнда оларға қиындықты еңсеріп, өмірден үміт үзбей, алға қадам басуға көмек беріледі. Сондықтан төсек-орын жабдықтарынан бастап, мамандардың жұмысына арналған техниканың жаңа әрі жайлы болуы маңызды. Раушан Алпысбаеваның айтуынша, мұндай қолдау жұмыс сапасын жақсартып, орталыққа деген сенімді арттырады.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




