Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінде жауынгерлік даярлықты арттыруға бағытталған оқу-жаттығулар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Соның ішінде атыс дайындығы – әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Кезекті өткізілген оқу сабақтары барысында оқу пунктінің сарбаздары жоғары нәтижелер көрсетті.
Атап айтқанда, қатардағы жауынгер Жұмағүл Аян Қаныбекұлы мен қатардағы жауынгер Молахметов Мұхтар Сумбатжанұлы атыс дайындығы бойынша ерекше көзге түсіп, өздерін нағыз мерген ретінде көрсете білді. Жаттығу қорытындысы бойынша олар 30 балл жинап, үздік атқыш атағына лайық деп танылды.
Сабақ барысында сарбаздар атыс қаруын қауіпсіз қолдану талаптарын қатаң сақтай отырып, нысанаға дәл тигізу, шапшаңдық пен төзімділік сияқты маңызды дағдыларын шыңдады. Әрбір атыс элементі нақты тәртіпке сай орындалып, жауынгерлердің жоғары жауапкершілігі мен жинақылығы байқалды.
Қатардағы жауынгерлер Жұмағүл Аян Қаныбекұлы мен Молахметов Мұхтар Сумбатжанұлының бұл жетістігі – олардың тұрақты дайындығының, тәртіптілігі мен қызметке деген адалдығының айқын дәлелі. Мұндай нәтижелер жеке құрамға үлгі болып, бөлімдегі жауынгерлік рухты одан әрі нығайта түседі.
Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінде алдағы уақытта да атыс дайындығы бойынша сабақтар жалғасын тауып, сарбаздардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек.
Қырғызбай Альбина Қайратқызы,
6654 әскери бөлімінің бөлініс бастығы, кіші сержант




