Жамбыл ауданы әкімдігі жанындағы жедел топтың көшпелі отырысында «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид, құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, буллингтің алдын алу бойынша белсенді нысандар мен әдістер» тақырыбында сөз қозғалды.
Жиынға жедел топтың төрағасы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, Жамбыл ауданының прокуроры Сұлтансүлейман Жанәділ, облыстық психикалық денсаулық орталығының зертхана меңгерушісі Мөлдір Әміртай, аудандық білім бөлімінің жауаптылары және ата-аналар қатысып, мәселені бірлесе талқылады. Шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру, ата-ана мен бала арасындағы байланыс пен тәрбие жұмысын күшейту, психологиялық күйзелістің алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының зертхана меңгерушісі Мөлдір Әнуарқызы ата-аналарды ортаға шығарып, баланың психологиясында ерекше назар аударуды қажет ететін жайттарды өмірлік мысалдар арқылы түсіндірді. Сонымен қатар жиынға қатысушыларға қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің шынайы оқиғалары негізінде түсірілген «Қабырғаның арғы жағында өткен балалық шақ» деректі фильмі көрсетілді.
Өкінішке қарай, қазір қоғамда жаза басып, бас бостандығынан айырылған қаншама жастың жастық шағы темір тордың арғы жағында өтіп жатыр. Жасөспірімдер арасындағы жөнсіздіктердің себебі жан-жақты талқыланған шарада өмірдегі қателіктің ауыр салдары туралы нақты түсінік берілді. Бұл балалар мен ата-аналарға ой салды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




