⛅
-5°C
Қонаев
Сенбі, Қаңтар 31, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ

    04.12.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

        Деректі әдебиет тарихының тәжіри­­бесінде өмірбаяндық шығарма­лардың әрқилы сипатта жазылатыны дәлелденіп келеді. Мұндай жанрға қалам тартатын авторлардың баршасының бір ізбен, бір үрдіспен жазуы шарт та емес. Өмірбаян өрнектерін әркім өзінің эстетикалық көзқарасы тұрғысынан жеке көркемдік ұстанымдарына қарай түзеді. Бұған осы уақытқа шейін жазылып келе жатқан туындыларға шолу жасаған күнде көз жеткізуге болады. Кейбір авторлар осындай бағыт­тағы туынды жазуды қолға алған бүгінгі күннен бастап, яғни кіріс­песіне прологты енгізу тәсілін қолдана отырып, сәл толғанысқа беріліп кетеді де, сонан кейін барып өткен өмір елес­терін шегініспен көз алдына келтіре бастайды. Бәзбір жазушылар ой өрісін бірден-ақ балалық шағынан өрістетіп әкетеді. Өмірбаянын толық келтірмей, өзі керекті деп тапқан оқиғалар мен эпизодтар тізбегін ғана құрастыру тәсіліндегі тәжірибелер де бар.

    Біз талдағалы отырған Төлеужан Ғұмаровтың «Елуінші көктем» жинағындағы өмірбаяндық шығармасы – нақ соңғы үлгідегі туынды. Ол өз өмірбаянының барлық кезеңін қамтып ұсынуды алдына мақсат етіп қоймаған. Жеке-жеке оқиға ретінде оқырманның алдына тартатыны – өзінің есінде қалған түйінді тұстары ғана. Байқауымызша, оның да барлығы емес.
    Өмірбаяндық тәмсілдер «Алаяқ» деп аталатын әңгімемен басталады. Онда айтылатын – ұзақ жыл бас құрай алмай, бойдақ жүрген нағашы ағасының ғаламтор желісі арқылы бір қызбен танысып, соған үйлену жолындағы хикаялары. Үйлері шалғай болғандықтан, баяндаушы автор да, оның анасы да үйлену алдындағы келінмен таныстыру рәсіміне кештеу барып қалады. Сөзге ағып тұрған қаланың сүйкімді қызы іс-әрекетімен, пысықтығымен жиналғандарды әбден баурап алып, қисынды әңгімелерімен жаңа таныстарды сүйсінтіп үлгерген. Полиция полковнигі болып қызмет істеген әкесінен қалған мұрасы да аз емес көрінеді. Басқару саласында отырған лауазымды таныстары да баршылық болып шыққан. Кейбір жақын жандар келінге есік-төр көрсетіп те тастаған.
    Ауыл жұрты жағарға отын таппай қиналып отырған мезгіл. Жас келін оны да шеше алатынын естігенде отыннан қысылған халықтың Құдайы бергендей қуанып кетуі писхологиялық тұрғыдан қисынды. Қолма-қол ақшаларын жинап, жаңа қамқоршыға ұстатып жібереді. Енді жас келін күйеуі екеуі осы жаққа құда болып келе жатқан төркінінің алдынан шығып, қарсы алмаққа аттанады.
    Күйеу жігіт соның алдында ғана авто­көлік алған, енді жол-жөнекей Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, соны тіркету шаруасын да қоса бітіріп алмақшы. Қалыңдықтың аяқ астынан жоқ болып кетуі екеуі Халыққа қызмет көрсету орталығына жеткеннен кейін басталған. Осындағы таныстарына жолығып шықпақ болып ішке кірген ол сол қалпы ұшты-күйлі жоғалады. Автордың жасайтын қорытындысы – бұл келін замана туғызған алаяқтардың жаңа бір типі. Жұрттың көмірге берген ақшасын сыпырып әкетуі өз алдына, үй ішіндегі алтын-күмістерді де үптеп үлгергені күйеу жігіт жалғыз өзі ауылға оралғаннан кейін анықталады.
    Бұл арада жас қыздың алаяқтығынан кейін алдыға атойлап шығатын адами фактор – үсті-басы, сөз сөйлеуі бәрі түзу жас адамның тамам жұртты тақырға отырғыза алатын алаяқтық таланты; одан кейінгі көрінетіні – ауылдағы еңбекқор қарапайым жұрттың аңғалдығы, сенгіштігі, жан дүниелерінің тазалығы; алаяқтарға алдымен жем болатын да нақ осындай адал көңілді, иман байлығы мол жандар болып келетіндігі. Бұлар бір-біріне қарсы антогонистік сипаттағы моральдық ұстанымның екі жақтағы полюстері. Осы өмірбаяндық әңгіменің айтары – қазіргі таңда кең етек алған алаяқтықтың сан соқтырарлық ащы тәжірибесінен қорытынды жасауға лайықты тағылымдық-тәлімдік мәні бар оқиға.
    Төлеужан Ғұмаровтың оқырман алдына көлденең тартып отыратыны – өзінің өмірбаяндық өрнектерінен жадында сақталып қалған айтулы оқиғалар мен эпизодтар ғана. Олардың бәрін тәптіштей жеткізіп, ұзақ-сонар сөздерге бой ұрмайды. Болған жайды қолмен қойғандай нақпа-нақ жеткізуге бейім. Бұл жағынан ол қысқа жазуды басты шығармашылық ұстанымы етіп алғандығы байқалады. Бірақ қысқа жазу барысында кейбір оқиғалардың эпизодтық деңгейге немесе құрғақ баяндауға түсіріп, тым шолтитып жіберетін тұстары да жоқ емес. Деректі шығармалар жайында айтылатын ойлардың ішіндегі таласты тұстардың бірі – осы құрғақ баяндауға байланысты. Бәзбіреулердің тұжырымдауынша, деректі шығарма ол көркем туынды емес, сондықтан құрғақ баяндауды кемшілік деп таппауымыз керек деген ойға саяды. Біздіңше, ол әлі де таласты пікір.
    Әлбетте, оқырманды тартатын өмір үзіктерінің бір кезеңі балалық шаққа қатысты болып келетіні түсінікті. Бұл жағынан алғанда, автордың көңілінде жатталып қалған сәттері аз емес. Мәселен, үй ішімен көшіп келген жаңа мекеннің есік алдына сырғанақ жасау эпизоды. Бұл балалар өміріндегі маңызды детальдардың бірі екендігі сөзсіз. Өйткені қандай бала болса-дағы ойын атрибуттары үлкен рөл атқаратынын ешкім де жоққа шығара алмайды.
    Төлеужан Ғұмаровтың балалық және жастық кезеңдеріндегі маңызды өмірлік мәселелердің бірі малға, соның ішінде жылқы жануарына байланысты болып келетіні байқалады. Жалпы, осы арада айта кету керек, қандай малшының баласы үшін де аттың атқаратын рөлі маңызды. Автор осы мәселені қызықтырып, ал кейде тіпті тәптіштей әңгімелеп кетуге бейім.
    Малшы өмірінде шаруашылықтың басқа салаларында кездесе бермейтін өмір штрихтарын автор тап басып көрсетіп отыруға бейім. Оны мынандай мысалдардан аңғаруға болады: «Малшы қауымында жаз жайлауға аттанарда аттарын тағалау науқаны басталады». Осы сөйлемдегі ерекше назар аударатын – «аттарын тағалау науқаны» деген тіркес. Шаруашылықтың басқа салаларына қатысты қолданылмайтын ерекше мағыналы түсінік. Одан ары қарайғы сөйлемдер осы науқанның қандай екендігін нақтылап, жекелеген штрихтар арқылы айқындай түседі.
    «Ат тағалау сәтінде ұста Құмарбек атамыз­дың дәуірі жүреді. Ол кезде бүгінгідей жұмыртқадан жүн қырқатын заман емес. Ақша сұрау деген жоқ. Бір жартымен шаруа шешіле беретін». Бұл сөйлемде кезең шындығына қатысты ақпарат та көзге түседі. Яғни ол кездерде ақшаның сұралмайтындығы. Бұл қай кез десең, ұжымдық, мемлекеттік шаруашылықтардың дәурені жүріп тұрған Кеңес дәуірі болып шығады. Ары қарай малшылардың малды жайлауға шығаруға қатысты тарқатылған ойларға куә боламыз. Автор өзінің түйінді пікірлерін былай деп келтіреді: «Жайлауға мал айдау дегеннің өзі бір үлкен философия болатын. Кім-кім мал айдауға шығады? Кім қай атты мінеді? Кім қантай ер-тоқыммен қандай түсті ат әбзелдерін тағады?» Малшы өмірінен хабары алыс адамдарға түсінікті етіп, қарапайым тілмен жағдайды көз алдыңа келтіретін риторикалық сұрақтар. Бұл бір жағынан автордың өз ойын жеткізу барысында тауып кеткен көркемдік тәсілі десек те болады.
    Малшы өмірінде ғана емес, жалпы ауыл тіршілігіндегі ерекше жағдайлардың бірі асау үйрету екенін бүгінгі жаһандану тегеуіріне тап келіп отырған қалалық оқырманның терең білуі күмәнді. Төлеужан Ғұмаровтың өмірбаяндық баяндауларында бұған да едәуір көңіл бөлінген. Табиғатынан тарпаң болып келетін жылқы малына қатысты штрихтар шығарманың әр тұсынан кезігіп отырады. Бұл мәселе оқырман атаулыны түгел қызықтырады деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Бірақ соны тақырыпқа елеңдейтін адамдардың кезігетіні тағы да жасырын емес.
    Асау үйретудің қиындығына қатысты келтірілетін мына баяндау бұл тақырыптағы біраз штрихтарды толықтыра алатыны сөзсіз: «Сонымен бір күні сол Ниязхан досынан маған маңдайы дөңгеленген, құйрық-жалы төгілген, күреңнен құлаға жақын, тапал денелі, дәу басты бір құнанды алып келді. Асаулығында шек жоқ. Құдды бір жабайы өскен мал дерсің. Құрық тимеген десе, дегендей. Өзіміздің жақындауға күшіміздің жететін түрі жоқ. Қыстың күні кез келген ауыл тайларын үйретіп жүрген ағаларымның бірінің дәрмені жетпеді». Осы келтірілген мысалдан асау үйрету кәсібінің қаншалықты қиын екендігін аңғаруға болады. Бірақ бұл арада атты түр-түсін сипаттау барысында автордың «күреңнен құлаға жақын» деген суреттеуі әлі де нақтылай түсуді қажет етеді. Таратпай-ақ ықшамдап айтатын болсақ, аттың мұндай түсін қазақтың «торы» деп айдарлайтынын ұмытпау керек.
    «Ат міну» деген тараушада бозбала жігіттер біреулердің аттарын ұрлап мініп, басқа ауылдағы әскерге кететін жігіттерді шығарып салу кешіне қарай тартып отырады. Осы арада автордың тоқталып өтетіні – жастар арасында қалыпты болып көрініп кеткен ұрлап тауық сою, атты ұрлап міну тәрізді жағымсыз әрекеттері. Ауыл жастары арасындағы философиясы «Сонымен қатар бір жылдары бозбалалар бірігіп алып, түнде тауық ұрлап, бір үйдің терезесін қымтап, қуырдақ жасау, одан қалса, жаз, күз айларында жайылымға шыққан малшы аттарын міну сәнге айналды. Өзіңнің үйіңде неше түрлі ат тұрса да, біреудің атын ұрлап міну жігіттіктің белгісі болып саналды» деп бейнеленеді. «Барсақ, барайық деп 6 жігіт сайланып, қызылшаның босаған аңызында жайылып жүрген Айдарбек ағамыздың 3 атын ұрлап мініп, тартып тұрдық». Жұмыстан қолы бос кездегі ауыл жұмысшыларының өздерінше демалыс рәуішті әрекеттерінің бір сипаты осындай «жігітшілік». Бірақ мұндай еріккен жастардың алдарына бөгесін болатын жағдаятттар да жоқ емес. Ол – қалыптасқан қоғамдық тәртіптің, тіршілік салтының бұзылуы. Кейіпкердің осы әрекеті ақыры жақсылыққа соқтырмай, соңы ретінде әкесінен таяқ жеп қалады. Адам санасы жетпеген жағдайда «Аюға намаз үйреткен – таяқ» мақалының философиясы алдыңғы қатарға шығады. Өйткені біреудің жайылымға жіберген меншік жылқысын рұқсатсыз пайдалану – мал иесінің отбасына келтірілген материалдық зиянның бір түрі. Оның кегін еріккен бозбаладан әкесі алады. Ал еріккен жігіттер болса, «Біреуге зиян жасадық» деген ойдан аулақ. Бірақ қандай жағдайда да мұндай талғамсыз әрекеттің лайықты жазасы болуы тиіс.
    «Бірақ көркемдік тұрғыдан қалай орындалған?» деген сәтте ескеретін тұстары да жоқ емес. Олардың кейбіріне тоқталып кететін болсақ, мынандай пікірлер тізбегін құрар еді:
    Біріншіден, өмірбаян жолдарының хронологиясы сақталмаған. Бергі кезеңді айтып келе жатып, балалық шаққа ауыса салу немесе балалық кезеңнің суреттері жайында дамып келе жатқан сюжетті үзе салып, араларындағы оқиғаларды тастап кете беру авторлық баяндаудың бір тәсілі сияқты. Бірақ ол ұтымды болып тұрған жоқ. Қалай болған күнде де хронологияны сақтап, жекелеген эпизодтар мен оқиғаларды соған сай ауыстыратын болса, шығарма ешнәрседен ұтыла қоймас еді.
    Оқырманнның көңілінен шығатын тағы бір қыры – Төлеужан Ғұмаров «Елуінші көктем» туындысындағы жекелеген ой еркіндігі. Автор ешкімге, тіпті ағымдағы саясатқа да жалтақтамай, өз пікірін ашық айтуға бейім.
    Өмірбаяндық сипаттағы шығармада «Жүре берсең, көре бересің. Заманына қарай заңы, орманына қарай аңы құбылған заманда көрерімізді көрмей, көрге кірмейтініміз рас. Керуен кері бұрылса, ақсақ түйе алға шығады. Ұлылардың заманынан өтіп, ұрылардың заманына тап болдық. Дән де, ән де ұрланып жатыр. Бұрындары айтатын еді «Түйе ұрлаған да – ұры, түйме ұрлаған да – ұры» деп. Қазір түйме ұрлағандар ғана бұл атаққа ие болып қалғандай» деген түйіндер бар.
    Шығармада келтірілетін түрлі оқиғалар, міне, осы айтылған ойлардың дәлелі ретінде көркемдік қызметке ие. Дегенмен автордың өмірде көрген, өзі куә болған түрлі жағдаяттар осы айтылған пікірді нықтай түседі. Бірақ автордың өмір жолында кезіккен түрлі адамның теріс қылықтарынан гөрі оңды қасиеттері мен адами болмысының суреттелуі жан жылытады. Кейіпкердің өмірге құштарлығын арттыра түседі. Түрлі қорытынды жасауға алып келеді.
    Осынау тұжырымды ойларды туынды­ның соңында автор одан әрі жетілдіре түсіп, былайша толғанады: «Ұлдар тәрбиесіз өссе, бір әулеттің ғана шырқын кетіреді. Ал қыздар тәрбиесіз болса, бүкіл халық бүлінеді. Шолпылары сыңғырлап, ақырын басып жүретін, сиқырмен ғана күлетін арулар қатары Кеңес заманындағы құндылықтар болып келмеске кеткен секілді. Егемендікті алған кезде оқу, меди­ци­на саласын қатырмасақ та, ұлттық тәрбиеге де еге бола алмай қалған жайымыз бар». Автордың бұл түйінді ойлармен біреу келісер, біреу келіспес, қайткен күнде де бекер айтылып тұрмағаны рас. Оқырман қауымның басым бөлігін толғанта алатын шығар деп пайымдаймыз.
    Төлеужан Ғұмаровтың өмірбаяндық шығармасында осындай қызықты да күрмеулі жағдайлар деректі прозаға тән жалпы ұстаныммен көрініс тауып отырады. Оқырманның танымын күшейтетін, тәлім алатын тұстары да баршылық деп білеміз.

    Нұрдәулет АҚЫШ,
    М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері

    Ұсынымдар

    Рұқсат етілмеген орында сауда жасағандарға айыппұл салынды

    Рұқсат етілмеген орында сауда жасағандарға айыппұл салынды

    2 years ago
    Облыс әкімі ардагерлермен Қонаев қаласының бас жоспарын талқылады

    Алматы облысында «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылды

    3 years ago
    Үздіктер  қатарында

    Үздіктер қатарында

    3 months ago
    Жаңа автобус паркі қызметін бастады

    Алматыдан қала маңына қатынайтын 3 автобус бағыты ашылды

    1 year ago
    Өмір барда өнер бар

    Өмір барда өнер бар

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>