Қонаев қалалық Мәдениет үйінде «Ислам және отбасы құндылығы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Шара өңірдегі отбасы институтын нығайтуға және рухани сабақтастықты жандандыруға бағытталған.
Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, зиялы қауым өкілдері және дін қайраткерлері қатысты.
Алғашқы болып сөз тізгінін алған Марат Елеусізұлы жыл бойы еліміздің әр өңірінде осы бағытта бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылғанын, бұл конференция сол жұмыстардың қорытындысы екенін атап өтті.
– Биыл өңірімізде 7302 неке тіркелген. Алайда отбасын құруға шешім қабылдау жасы ұлғайып бара жатқаны байқалады. Бүгінгі таңда бірінші некеге тұрудың орташа жасы ерлер үшін – 27, ал әйел адамдар үшін – 25 жас. Осы тұрғыда дәстүрлі дініміздегі отбасы құндылықтарын ерекше атап өткен орынды. Исламда отбасы – адамға берілген аманат, оның негізі – адалдық, сыйластық, сабыр, жауапкершілік және өзара құрмет. Бұл қағидаттар қазақ халқының ғасырлар бойғы салт-дәстүрімен үйлесіп, ұлт болмысын қалыптастырған. Сондықтан Ислам құндылықтары мен ұлттық әдет-ғұрыптың сабақтастығы қазіргі қоғам үшін де өзекті болып отыр, – деген өңір басшысы облыс әкімдігі дін басқармасымен әрдайым тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқарып жатқанын айтты. Бүгінде облыста 312 мешіт балса, онда 517 дін қызметкері еңбек етуді. 2024-2025 жылдары 200-ден астам имам арнайы курстар мен семинарлардан өткен. Онда діни экстремизмнің алдын алу, қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту, отбасы дауларын шешу, жастармен тәрбиелік-ағартушылық жұмыстар және деструктивті діни ағымдар идеологиясына қарсы насихат жүргізу сияқты аса маңызды мәселелер қамтылған.
Өкінішке қарай, биыл облыста 1765 отбасының шаңырағы шайқалған. Десе де өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 16,2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық қатынастар бойынша 322 қылмыс пен құқықбұзушылық тіркелген. 2024 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 12,3 пайызға, яғни 45 қылмысқа азайған.
Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек ретінде 3522 отбасыға 2 млрд 335 млн теңгеден астам қаржы көлемінде көмек көрсетіліп, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 427 пәтер берілген. Арнайы бағдарлама аясында 23 млрд теңгеге 1500 жалдамалы пәтер сатып алу жоспарланса, қазіргі таңда оның 1085-і сатып алынып, кезекте тұрған мұқтаж жандарға табысталуға дайын. Бұл шаралар мыңдаған отбасының қуанышына, шаңырақтарының берік болуына сеп болмақ.
Конференция барысында Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жыл діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияланғанын жеткізді. Осыған орай облыстық мешіттер жанынан отбасылық кеңес беру орталықтары ашылып, дін қызметкерлері бір жыл ішінде 500-ден астам ерлі-зайыптының некесін сақтап қалуға ықпал еткен.
– Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Бұл тақырыпқа қатысты мәселе тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де түйіткілді болып тұр. Әлемде халықаралық теріс ағымның алдын алу орталықтары бар. Олар жергілікті халық өзінің төл құндылықтарын дәріптеу арқылы ғана мұндай олқылықты тоқтатуға болатынын айтады. Сондықтан әр отбасының сақталуы үшін ата-баба дәстүрін берік ұстануымыз керек, – деді Бас мүфти.
Жазушы-публицист Марат Тоқашбаев Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша дүниежүзінде екінші орында тұрғанына өкініш білдіріп, отбасы құндылықтарының іргетасына ерекше тоқталды. «Қазақы дәстүрде отбасы ата мен әже, әке мен ана, бала мен келін сияқты үш ұстынды, кең құрылымды болып келеді. Бұл – қазақ халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігі. Исламда неке – ер мен әйелдің арасындағы заңды әрі өмірлік келісімшарт. Ол ортақ жауапкершіліктен құралады, сеніммен жалғасады. Ерлі-зайыптылар бір-біріне жүрек тыныштығын сыйлайды, тіршілік түйткілдерін бірге шешіп, ұрпақ тәрбиелейді. Оның берік болуы қоғамға да пайдалы. Өзінің ізгі әсерін көпшілікке үздіксіз тигізіп отырады», – дей келе Ислам діні мен дәстүрлі таным-түсінік бойынша отбасындағы міндеттер мен тыйымдарды түсіндіріп берді.
Қоғам қайраткері Асылы Осман бала тәрбиесі, ата-ана мен перзент арасындағы түйткілді жайттарға тоқталды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Қансейіт Әбдезұлы «Руханият, әдебиет құндылықтары және отбасы» тақырыбында баяндама жасап, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен мақалаларындағы отбасы құндылықтарының мәніне тоқталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр орта ғасырлық жазба мұралардағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынас пен әдеби жанр деңгейіне көтерілген өсиетнамаларға талдау жасады.
Конференцияға жиналған қауым тағылымды әңгімеге қанығып, отбасы институтының маңызына терең бойлады.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




