Құйған ауылында өңір азаматтарының қолдауымен саябақ салынып, мәдени-демалыс орнының ашылу салтанаты өтті. Ауыл ажарын ашып, көркін кіргізген саябақтың ашылуында Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
– Дана халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» немесе «Туған жерге туыңды тік!» деген қанатты сөздер бар. Ауданнан түлеп ұшқан азаматтарымыз туған жерінің адал перзенттері екенін дәлелдеп, осындай үлкен іске демеушілік жасады. Олар алыста жүрсе де ауданымыздың гүлденуіне, ауылдардың көркеюіне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан да саябақты салуға атсалысқан барлық азаматқа, еңбек еткен мамандар мен қолдау көрсеткен жандарға ауыл тұрғындары атынан шексіз алғыс айтамын, – деді ол.
Келесі кезекте сөз алған Балқаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров саябақ ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етсін, іші гүлге толсын деген тілектерін білдіріп, өңірде абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, сәні мен салтанаты келіскен ауылдар аз емес екенін тілге тиек етті.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Шырақбай Қарашүкеев, Ақбар Молдаров, Тамара Шығанбайқызы, Н.Бозжанов атындағы орта мектеп директоры Гүлшат Аманжолова саябақтың ашылғаны олар үшін зор қуаныш екенін айтып, енді қариялар мен жастар осында серуендесе, балалар таза әрі қауіпсіз алаңда емін-еркін ойнайтынын алға тартты. Ауыл әкімі Ғалымжан Тықыров саябақтың келешекте гүлмен көмкеріліп, төңірегінің таза әрі бүлінбей тұруы тұрғындарға тікелей байланысты екенін айтып, ортақ іске біркісідей үлес қосуға шақырды.
Шараға арнайы қатысқан аудан өнерпаздары әсем ән әуелетсе, Н.Бозжанов атындағы орта мектеп оқушылары өлең оқып, мың бұрала би билеп, салтанатты шараның маңызын одан әрмен арттыра түсті.
Көлемі 1,20 гектар жерді құрайтын саябақтың құрылыс жұмысын «Жасыл Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Ауылда әдемі бір саябақтың салынуы құйғандықтардың көптен күткен арманы еді. Енді, міне, аудан азаматтарының ауызбірлігінің арқасында осындай игі іс қолға алынып, өзінің оң нәтижесін берді. Бұл – өңірде туып-өскен атпал азаматтардың ауылдық жерлерді көркейтуге қосып жатқан үлесінің бір парасы ғана.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы




