Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, журналист, аудармашы, әнші Ақсұңқар Ақынбабаның атажұртына оралғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай жер-жерде «Алтай мен Алатау арасы…» атты жеке шығармашылық әдеби-сазды кешін өткізуде. Сондай бір тамаша кеш Қонаев қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Бала жастан өлеңге өзіндік өрнек салған талантты қазақ қызы ақындық жолда биік белестерді бағындырды. «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау», «Жарылыс» (аударма) атты өлеңдер жинағын шығарды. Бүгінде түрік, өзбек, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударуда. Еңбек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бастап, журналистік жолда да өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ақсұңқар Ақынбаба «Ақ желкен», «Жалын» журналы, «Қазақ радиосы», «Шалқар» үнжариясында, «Қазақстан» телеарнасында да жемісті еңбек етті.
Шығармашылық кеш ақынның «Рух» атты өлеңімен ашылды. Сахналық қойылым арқылы әдемі өрнек тапқан кешті ақын:
Рух – мәңгі! Шайқалмас – тас тұғырым!
Бармын әлі, жалғасуда ғұмырым.
Жаңбырлар мен Дауылдарды аралап,
Келдім қайта, жүрмін аман, тірімін.
Екі дүние аралығы – кең екен,
Аты – тәтті, дәті қатты Ел екен!
Аласұрған жаның тыныш табатын,
Аспан да емес, Ай да емес, Жер екен, – деген өлең жолдарымен бастады. Поэтикалық кешті ары қарай Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері – Бекежан Маясаров, Мирас Тынышбай, Жәмилә Сатымбаева, Мейірім Шараева жалғап, ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Кеште облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров сөз алып, ақын қызға ізгі тілегін арнады.
– Өмірге өлең әкелу оңай шаруа емес. Бір өлең тудыру үшін адам қаншама тер төгеді. Бір грамм алтын табу үшін 10 тоннаға дейін топырақ қазылатын болса, ақынның жазғаны да дәл сондай жанкешті еңбек. Ақынның өмірге келгендегі миссиясы бөлек. Ол өмірге жай ғана келмейді. Мыңдаған адамның тағдырын жүрегінен өткізіп, соның мұңы мен зарын, адалдығын, ақиқатын халыққа жеткізеді. Ақсұңқар қарындасымыз – еліміз егемендігін алғанда, алғашқы лекте ұшып келген рухани қарлығаштарымыздың бірі. Қандастарымызбен бірге елімізге қаншама рухани уыз, күш, мәдениет, өнер, әдебиетімізге жаңалық келді. Қандастарымызды атажұртқа көшіру ең дұрыс саяси шешім болды. Бүгінде бұл іс өз жемісін, нәтижесін беріп жатыр. Ақсұңқардың поэзиясы – өзіндік тұнық әлем. Ұйқастары шымыр, айтар ойы салмақты, салиқалы. Ақынның отты жырлары тыңдарман жүрегінен терең орын алады. Ақсұңқар ақынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Қонаев қаласы жұртшылығының атынан бүгінгі шығармашылық кешінің өтуімен құттықтаймыз! Ақсұңқардың жазары, халқына берері мол болсын! – дей келе, сый-сияпат табыс етті.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қалалық филиалының жетекшісі Әділбек Өмірәлі де ақжарма тілегін жеткізді.
– Ақсұңқар Ақынбабақызының шығармашылық кеші ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Жазушылар одағының және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен былтыр Алматыда бастау алған еді. Бүгін, міне, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жалғасып отыр. Ақсұңқар Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары 17 жасында түрік халықтарының ұясы болған Алтайдан ұшып, Алатауға келді. Отыз жылдық шығармашылығында тәуелсіздікті, кеңістікті, жетістікті жырлады. Бұл – үлкен еңбек, жауапкершілік. Шабытың шарықтай берсін! Биіктен көріне бер! – деді Ә. Өмірәлі.
Шара барысында кештің өтуіне қолдау көрсеткен Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қонаев қалалық Мәдениет үйіне Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан Алғыс хат табыс етілді.
Кеште Ақсұңқар Ақынбабаның сөзіне жазылған «Түркістаным – Тұраным» әнін «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Айбек Мұхамедәлиев шарықтата шырқады. Бір емес, бірнеше өнерді бір бойына тоғыстырған Ақсұңқар қыз «Ағажай Алтай», «Керім-ау айдай», «Сыңар аққу» әндерін әуелете орындады.
Рухани кештен қала тұрғындары ерекше әсер алып, ақын, әнші қыздың өнеріне сүйсіне тарқасты.
Алма ЕСЕНБАЙ