Перейти к содержимому
Главная страница » Судағы қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі

Судағы қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі

Жаз мезгілі – балалардың каникулы, отбасылық демалыс пен табиғат аясында серуендеудің қызатын шағы. Осы кезеңде өзен-көлдер мен су айдындарына баратын тұрғындардың саны бірнеше есе артады. Алайда демалыс кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан судағы қауіпсіздік мәселесі жыл сайын ерекше маңызға ие болып отыр.

Іле ауданында тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар органдары, полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп профилактикалық іс-шараларды тұрақты ұйымдастырады. Су айдындарында рейдтер өткізіліп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптары түсіндірілуде, сондай-ақ белгіленбеген орындарда шомылуға жол бермеу бағытында бақылау күшейтілген.

Аудан аумағында жүргізілген зерделеу нәтижесінде суға түсуге тыйым салынған 43 орын анықталып, арнайы белгіленген. Бұл орындарда ескерту белгілері орнатылып, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Аталған су айдындарының көпшілігінде судың түбі зерттелмеген, тереңдігі әркелкі, ағысы қатты немесе су астында түрлі қауіпті заттар кездеседі. Сондықтан бұл аумақтарда суға түсу адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.

Іле ауданында суға түсуге ресми түрде тек «Первомайские пруды» демалыс аймағында және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін жеке меншік бассейндерде ғана рұқсат етілген. Бұл орындарда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар жасалған. Ал өзендерде, каналдарда, су қоймаларында және басқа да белгіленбеген орындарда шомылуға қатаң тыйым салынады.

Өкінішке қарай, жыл сайын елімізде судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі дәл осындай рұқсат етілмеген орындарда тіркеледі. Көп жағдайда оқыс оқиғалардың себебі – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, мас күйінде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру немесе жүзу мүмкіндігін дұрыс бағаламау болып табылады.

Әсіресе балалардың қауіпсіздігі ерекше назар аударуды талап етеді. Жазғы демалыс кезінде балалар көбіне ересектердің қарауынсыз өзен-көлдердің жағасына барып, қауіптің деңгейін толық түсінбей суға түседі. Мұндай жағдайлардың соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаларының қайда жүргенін, кіммен жүргенін және бос уақытын қалай өткізіп жатқанын үнемі бақылауда ұстауы қажет. Балаларды ересектердің қарауынсыз су айдындарына жіберуге болмайды.

Сонымен қатар тұрғындар келесі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет: тек рұқсат етілген орындарда шомылу, белгіленбеген жерлерде суға түспеу, мас күйінде суға бармау, көпірлерден және биік жағалаудан секірмеу, жүзуді білмейтін жағдайда құтқару кеудешесін пайдалану және ауа райының қолайсыз кезінде суға түспеу.

Қауіп төнген жағдайда уақыт жоғалтпай 112 бірыңғай құтқару қызметіне хабарласу қажет.

Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов аудан тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

«Адам өмірі – ең қымбат құндылық. Сондықтан судағы қауіпсіздік мәселесіне әрбір азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Іле ауданында суға түсуге тыйым салынған 43 орын белгіленген. Бұл шектеулер кездейсоқ қабылданған жоқ, олардың басты мақсаты – адам өмірін сақтау. Аудан тұрғындары мен қонақтарын тек ресми түрде рұқсат етілген орындарда ғана демалуға шақырамын.

Әсіресе ата-аналарға ерекше үндеу жасағым келеді. Жазғы демалыс кезінде балаларыңыздың қайда жүргенін, кіммен жүргенін және немен айналысып жүргенін міндетті түрде бақылауда ұстаңыздар. Оларды ересектердің қарауынсыз өзендерге, каналдарға және суға түсуге тыйым салынған орындарға жібермеңіздер. Бір сәттік бейқамдық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі.

Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Барша тұрғындарды өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне бейжай қарамай, белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырамын», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Жазғы демалыстың қуанышқа толы болуы әр адамның өзіне байланысты. Сондықтан әрбір азамат сақтық шараларын ұстанып, тек қауіпсіз әрі рұқсат етілген орындарда ғана демалғаны жөн. Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі, ал қауіпсіздік – адам өмірінің басты құндылығы.