Қазіргі таңда Іле ауданында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы жолда ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың бірі – Іле аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қапар Рауанов.
Қапар Тоқтарбайұлы 1963 жылы бұрынғы Нарынқол ауданының (қазіргі Райымбек ауданы) Сарыбастау ауылында дүниеге келген. 1981 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түседі. 1985 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, өз азаматтық борышын орындағаннан кейін, еңбек жолын Талғар қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы ретінде бастаған. 1995 жылы Іле аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне ауысып, бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 2023 жылдан бері осы мектептің директоры болып еңбек етіп келеді.
Қапар Рауановтың айтуынша, қазіргі таңда Іле аудандық спорт мектебінде 1472 бала спортпен шұғылданады. Олар футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, грек-рим күресі, дзюдо, самбо, бокс, таэквондо, байдарка мен каноэде есу, ауыр атлетика, грэпплинг сынды 15 түрлі спорт түрімен айналысады. «Мектепте 52 білікті жаттықтырушы қызмет атқарады. Соңғы жылдары біздің түлектердің арасында 4 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 24 – Қазақстан Республикасының спорт шебері, жүздеген спорт шеберіне үміткер мен разрядты спортшылар тәрбиеленіп шықты», – дейді ол.
Мектеп түлектері республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде. Мысалы, бокстан әлем кубогының жеңімпазы Кенже Мұратұлы, дзюдодан паралимпиада жүлдегері Дәулет Теміржан, ауыр атлетикадан бірнеше мәрте Қазақстан рекордын жаңартқан Ксения Прозорова, жауынгерлік самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Ильзат Асиев, самбодан жастар арасындағы Азия чемпионы Әбілдә Жәнібек – мектептің мақтаныштары. Сонымен қатар байдарка мен каноэде есуден, волейболдан, белбеу күресінен, таэквондодан көптеген жас спортшылар республикалық жарыстарда жүлдегер атанып, аудан абыройын асқақтатып келеді.
Алайда жетістіктерге қарамастан, спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі аудан үшін өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда үш спорт мектебіне ортақ тек бір спорт залы ғана бар. Бұл балалар саны көп аудан үшін үлкен қиындық тудырады. Кейде жарыстар ашық алаңда өткізуге тура келеді.
– Балалар үшін кең, заманауи спорт кешендері қажет. Әр спорт түріне лайықталған жеке залдар болса, нәтиже одан да жоғары болар еді, – дейді Қапар Тоқтарбайұлы.
Мектепте оқу толықтай тегін жүргізіледі, бұл – мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау. Директордың айтуынша, басты міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, әр ауылдан дарынды спортшыларды анықтау. Алдағы уақытта да әлемдік ареналарда ел намысын қорғайтын спортшылар осы мектептен түлеп ұшады деген сенім зор.
– Жастарды спортқа баулу – ел болашағына салынған инвестиция. Осы жолда аянбай еңбек етіп, өңір спортының дамуына бар күшімізді саламыз, – дейді Қапар Тоқтарбайұлы.
Шынында да, Қапар Тоқтарбайұлы сынды жанашыр азаматтардың еңбегінің арқасында өңір спорты өркендеп, жас ұрпақ салауатты өмір салтын таңдауда. Оның жетекшілігімен Іле ауданындағы спорт мектебі – тек қана спортшылар даярлайтын орын емес, сонымен бірге балаларға тәрбие, еңбекқорлық, отаншылдық қасиетті бойларына сіңіретін орын. Болашақта бұл мектептен шыққан әрбір жас спортшы еліміздің мәртебесін әлемдік аренада биікке көтеретініне сенім мол.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы




