«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан» деген дана сөз бар. Алматы облысының Сұңқар ауылында осындай атқа лайық ер азаматқа үлкен құрмет көрсетілді. Ауылдан түлеп ұшқан әлемнің төрт дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Имид Тохтахуновқа арналған үлкен салтанатты іс-шара өтті. Әлемді бағындырған ауыл баласына арналған бас қосу Ұйғыр ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген сөздің тағы бір дәлелі осы болар, мерекелік іс-шараға бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген шағын ауылдың тумалары шақырылды.
Сұңқар орта мектебінің кіреберісі, акт және спорт залдары ерекше безендіріліп, чемпионның өмір жолы мен спорттағы өмірінен сыр ашатын баннерлер, фотосуреттер, оның ізін қуған мектеп спортшыларының медальдары мен дипломдары қойылыпты. Акт залындағы көлемді экраннан чемпионның рингтегі жетістіктері туралы түсірілген бейнебаянды көрермен сүйсіне қарады. «Чемпион ізімен» деп аталатын кездесуді жүргізіп отырған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Сәлімованың әзірлеген сценариі өз ерекшелігімен жиналған жұртты тәнті етті. Ауылдың абыройлы қарттары мен келген қонақтар, спортшының ұстаздары, сыныптас-замандастары сөзге шығып, жылы лебіздерін жаудырды.
Имид Тохтасынұлы 1997 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында ушу-саньда бойынша өткен әлем біріншілігінде алғашқы алтынды қанжығасына байлаған еді. Содан кейін де еліміздің туын төрт мәрте әлемдік жеңіс тұғырынан көрсетті. Спортшы үшін Бішкек қаласында өткен «Қырғыз жері» атты додада жеңіп алған белбеудің орны ерекше. Бұл жүлде тек алты мәрте қатарынан жеңіске жеткен чемпионға ғана беріледі. Бүгінде жас спортшыларды жаттықтырып жүрген Имид Тохтахунов 6 әлем чемпионын, 15 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындаған. Жиырма бес жылдық ұстаздық қызметінде үш ұрпақ өкілдерін тәрбиелеген.
Өздерін Имид мектебінің тәрбиеленушілері деп есептейтін сұңқарлық боксшылар ауданның 90 жылдығына орай Кіші Дихан ауылында өткен жарыста командалық есепте бірінші орынды иеленді. Сахна төрінде чемпионның қолынан диплом алу оларға ерекше қуаныш сыйлап, келешекте өтетін жарыстарда жеңіске жетулеріне үлкен мотивация болатынына күмән жоқ. Сұңқар орта мектебінің спорт залында өткізілген бокс көрсетілімінде аудандағы Шошанай, Кіші Дихан ауылдарының жас боксшылары да өз өнерлерін көрсетті. Әлем чемпионының қолтаңбасын былғары қолғаптарына, қорғаныш шлемдеріне жаздырып жатқан оқушыларға қарап, келешекте олар да чемпион ізін басады деп үміттендік.
Журналист Пахат Бакиев Сұңқардағы бокс мектебінің негізі Имидтің балалық шағы өткен үйден басталған деген пікірде:
– Мен студент кезімде осы ауылға келіп, Тохтасун аға мен Тұрахан апаның көп балалы отбасы туралы көлемді мақала жазған едім. Сонда ағамыздың айтқан сөзі әлі есімде. «Жетпісінші жылдардың басында жұмыс бабымен Алматыға барып, қайтар кезде балаларыма сыйлық алмақшы болдым. Балалар көп, бәріне жеке-жеке алуға қалта көтермейді. Дүкен аралап жүріп, сөреде тұрған былғары қолғапқа көзім түсті. Екі жұбын сатып алдым» деген еді ол. Сөйтіп, көше балалары осы аулада алғаш рет қолдарына былғары қолғап киіп, жұдырықтасуды бастаған екен, – деп еске алды ол.
Иә, әріптесімнің айтқан әңгімесінен хабарымыз бар. Әр күні кеште ағамыз жұмыстан келген соң, балалар аулада жиналып бокстасатын. Сонда марқұм көкеміз: «Әр жеңгенің – менікі» деп тамашалап, ескерту айтып отыратын. Міне сол үйден екі бірдей әлем чемпионы шықты. Имидтің інісі Параджан да спорттың тай бокс түрінен Бангкокта өткен чемпионатта жүлдегер атанған. Кикбоксинг, ушу-саньда жекпе-жектері бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. «Батыр да туған анадан…» деген өлең шұмақтары бар. Шешелері Тұрахан он екі құрсақ көтерген алтын алқалы ана. Сол анадан батыр перзенттер дүниеге келді. Алматы облысының «Құрметті азаматы» Ызғарбек Бектұрсынов «Егер Тоқа ағамыз бен Тұрахан жеңгеміздің бүгінгі өмірге деген құштарлығы, балаға берген тәрбиесінің ерекшелігі болмаса, осындай чемпиондар шықпайтын еді» – деп, анамызға алғыс айтты.
Айтса, айтқандай, олар перзенттерінің бәрін де жоғары білімді етіп өсірді. Каникулға келген ұлдарын әуелі жұрттағы үлкендердің үйлеріне барып, сәлем беріп шығуға жұмсайтын. Тохтасун ағаның талабы қатты еді: жігіттер ертемен тауға қарай жүгіріп кетеді, жаттығудан соң, үйге келіп қара жұмысқа кіріседі. Демалыс уақытында бар істі тиянақты бітіріп, оқуларына кетуі керек.
– Біз Үрімші қаласына барғанымызда ол жерде Имидті танитындардың көптігіне таң қалдым. Атақты жаттықтырушылар және боксшылармен кездестік. Қайтар жолда келе жатып, мен оған туған ауылымызда бокс жарысын өткізсек, деген ұсыныс жасадым. Ол ойымызды ауылға барып, белсенді азамат, чемпионның сыныптасы Бақытбек Бектұрсыновқа айтқанымызда, ол қуанып кетті. Бірден жылқы соятынын айтып, бізді де қуантты. Басқа жігіттер де ұйымдастырушылық жұмыстарына араласты. Сөйтіп, шағын ауылымызда 2011 жылы халықаралық үлкен дода өтті. Оған танымал спортшылар, тіпті 32 әлем чемпионын дайындаған, әлемдегі ең табысты кубалық жаттықтырушы Альсидес Сагарраның өзі арнайы келіп қатысты, – деді замандас інісі, ішкі істер органдарының отставкадағы подполковнигі Мәсимжан Әсимов.
Сахнаға шыққан ауыл ақсақалы Мамырқан Өміраханов, Исахметов атындағы орта мектептің директоры, аудандық маслихаттың депутаты Жеңіс Шарипходжаев, ұлағатты ұстаздар Амут Исмаилов, Күлдәшқан Тоқтасынбекова және басқалар ағынан жарылып, кеш кейіпкерінің қыр-сырларын ашып берді. Ұйғыр ауданының 90 жылдығымен тұспа-тұс келген Имид Тохтасунұлының 60 жасқа толғанын білген жұрт жүрекке сәуле шашатын тілектер айтып, ауыл баласын жұмыла құттықтады. Кешті қорытындылаған мектеп директоры Жанар Алғожаева бүгінгі кештің құрметті қонағы, Қазақстан спортының дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген Имид Тохтахуновтың иығына шапан жауып, басына тақия кигізді, Тұрахан анаға орамал жауып, гүл сыйлады.
Жанар Әлхожаева, Сұңқар орта мектебінің директоры:
«Бүгінгі кездесуді өткізуді көптен бері жоспарлаған едік. Имид ағамыз былтыр шәкірті Илянұр Тұрғанова Азия чемпионы болған кезде мектебімізге арнайы ат басын тіреп, қуанышымен бөліскен еді. Сол кезде бірден чемпионымызбен кездесу өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Біздің шақыруымызды қабыл алып, бүгінгі іс-шарамызға алыс-жақыннан келген барлық қонақтарымызға алғыс айтамыз. «Туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөз бар ғой. Міне, Имид ағамыз туған ауылы – Сұңқардың даңқын шығарды. Дүниенің бірнеше елінде Қазақстанның көк туын биікке көтерді. Бүгінгі Ұйғыр ауданының 90 жылдық тойы қарасыңында біздің чемпионымыз мерейлі алпыс жасқа келген екен. Бәріңізді бұл мерекемен құттықтаймын! Ауылымыздан түлеп ұшқан Имид Тохтахунов сияқты тұлғалармен келешекте де кездесулер өткізуді жалғастыра береміз. Кім қандай бастама көтерсе де, мектебіміздің есігі әрқашан ашық» деді.
Минәмжан Асимов,
Алматы облысы




