Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбатын аса қызығушылықпен оқып шықтым. Мені, саналы ғұмырын ауылшаруашылығына арнаған адам ретінде Президенттің аграрлық салаға қатысты айтқан ойлары толғандырды.
Ол әлемдегі көптеген елдердің ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөлетінін айта келіп, солардың қатарында Қазақстан да бар екенін, осы орайда шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, ал былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілгенін атап өткен.
Бұл – өте қомақты қаржы.– деді ол – Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді. Есесіне, егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі.
Әлемдегі нарықтың аужайын жіті бақылап отыратын Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта мал шаруашылығын дамыту керектігін еске салған. Себебі, 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі деген болжам бар. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Бұл Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндік береді.
Бір сөзбен айтқанда, алдағы жылдары еліміздің әлемдік нарыққа астық пен ет өнімдерін шығарып, бұл салада да көшбасшы болуға жұмыс жасауы керек. Ол үшін бізде жер де, жемшөп те жетерлік, Тек, ерінбей еңбек ете білу керек!
Жанат Исағұлов,
«Жетісу» ауылшаруашылық-өндірістік кооперативінің директоры,
Қарасай ауданы



