Перейти к содержимому
Главная страница » «Ақ әжелердің» айтулы белесі

«Ақ әжелердің» айтулы белесі

Әр халықтың болмысын, рухани әлемін және ұлттық келбетін айшықтайтын ең құнды мұрасы — төл өнері. Сол өнерді бойына жинап, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін паш етіп жүрген өнер ұжымдарының бірі — Күміс Пармашқызы атындағы «Ақ әжелер» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі. Табиғи таланты мен өмірлік тәжірибесін ұштастыра білген әжелер ансамблінің қырық жылға жуық уақытта атқарған еңбегі мен жүріп өткен жолы — кейінгі ұрпаққа өнеге.

1986 жылдың басында Жамбыл ауданы Дегерес ауылында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты үйрету, ана тіліміздің тазалығын сақтау және ұлттық болмысты таныту мақсатында өнерлі қариялар мен әжелердің басын қосқан ансамбль дүниеге келді.
Өнер ұжымының құрамына қария­лардың енгізілуі де үлкен тәрбиелік мәнге ие. Ер азаматтар жастарға ағаш, металл, сүйек пен мүйіз өңдеу, тері илеу, тас қашау секілді көне кәсіп түрлерінің қыр-сырын таныстырады. Ұжым мүшелері қазақ халқының бай ою-өрнек мұрасын жинақтап, олардың атауы мен мағынасын зерттеуге ерекше көңіл бөлді. Әрбір өрнектің тарихы мен қолданылу ерекшелігін зерделей отырып, оны тұрмыста пайдалану жолдарын көрсетті. Осылайша ансамбль ұлттық қолөнерді дамытуға, мәдениетті жаңғыртуға және жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға өлшеусіз үлес қосты. Бағдар­ламаға бесік жыры, тұсау кесу, ашамайға мінгізу, неке қию, тойбастар, сыңсу, жар-жар, бата беру секілді ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін көріністер кеңінен енгізілген.
Біраз тәжірибе жинақтаған ансамбль мүшелері 1988 жылы Жамбыл, Күрті, Балқаш – үш аудан бірігіп өткізген, республика басшылары қатысқан Наурыз мейрамында өз өнерлерін көрсетіп, халық құрметіне бөленген. 1989 жылы қараша айында Мәскеуде өткен халық шығармашылығы бай­қауына қатысады. 1989-1991 жылдары қазақ теледидары арқылы тікелей эфирден берілген Наурыз тойына арналған бағдарламаға шығып, есімі елге әйгілі болады.
1990 жылдың басында Варшава университетінің ректоры Анна Чекановсканың арнайы шақыртуымен Польшаға сапар шеккен ансамбль мүшелері қазақ халқының бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстырды. Бұдан кейін де Түркия, Қытай, Моңғолия, Франция, Өзбекстан сияқты мемлекеттерде ұлттық өнері­міздің мәртебесін асқақтатты. 1990 жылдың жазында Мәскеуден келген беделді делегация Дегерес ауылына арнайы атбасын бұрады. Қонақтар әжелердің ұлттық салт-дәстүрді, қолөнерді, халықтық тәрбиені насихаттаудағы еңбегіне жоғары баға берді.
Ансамбльдің шығармашылық деңгейі мен мәдени-ағартушылық қызметі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. 1991 жылдың 15 шілдесінде Мәдениет министрлігінің шешімімен ұжымға «Халық ансамблі» деген мәртебелі атақ берілді. Бұл – өнер ұжымының ұзақ жылғы еңбегінің, халықтық мұраны сақтау жолындағы адал қызметінің жемісі еді.
Содан бері ансамбль мүшелері Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Түркістан өңірлерін түгелге жуық аралады. Елорда төрінде де бірнеше мәрте өнер көрсетіп, ұлттық мәдениеттің насихатшысына айналды.
Қазақ әйелдерінің қолөнердегі шеберлігін жаңғыртудағы еңбегі де ерекше. 2018 жылы Талдықорғанда өткен республикалық көрмеде І орынға ие болса, 2019 жылы зейнеткерлер арасында ұйымдастырылған «Ұлы дала өнері» көрмесінде ІІ орынды иеленді. 2024 жылы өткен «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты республикалық слетте І орын алса, 2025 жылы өткен сырмақ жасау шеберлері байқауында ансамбль мүшесі Зада Жұманқызы жеңімпаз атанып, арнайы медальмен марапатталды.
Әрине, осындай биік белестерге жету жолы оңай болмады. Олар талай қиындықтарды бастан өткерді. Гастрольдік сапарға шығуда көлік тапшылығы, қаржы мәселесі, сахналық киім тіктіру сияқты түйткілдер көп кедергі келтірді. Алайда ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік пен ел аманатына деген адалдық олардың жігерін жасыта алмады.
Ансамбльдің негізін қалап, қырық жыл бойы үздіксіз жетекшілік еткен Күміс Пармашқызының есімі өнер ұжымына берілген. Күміс Пармашқызы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайрат­кері атанса, үш әже Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жеті әже «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері болса, тоғыз әже – Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Шын мәнінде, өнердің өміршеңдігі – оның халыққа қызмет етуінде. Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айнал­дырған ансамбль мүшелері ұлттық мәдениетіміздің алтын арқауын үзбей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Ансамбльдің өнегелі жолынан сыр шертетін «Ақ әжелер – тұнған өнер», «Өмірлері өнермен өрілген» атты кітаптар шықты. Бұл еңбектерде ансамбльдің құрылу тарихы, шығарма­шылық жетістіктері, рухани-ағарту­шылық қызметі кеңінен баяндалған.
Бүгінде қырық жылдық тарихы бар ансамбль жаңа белестерге қадам басуда. Ұлттық мұраны ұлықтап жүрген аяулы әжелеріміздің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Алдағы уақытта да олардың тағылымды ісі жалғасын тауып, кейінгі ұрпаққа өнеге бола беретініне сенім мол. Өнерлері өркендеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы еңбектері еселене берсін деген ақ тілегімізді білдіреміз.

Нұрбүбі Әшекеева,
Жамбыл аудандық мәдениет,
тілдерді дамыту, дене шынықтыру
және спорт бөлімінің басшысы