Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Укпен кездесу өткізді. Онда биылғы қыркүйек айында өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитіне дайындық мәселесі және экономикалық, инвестициялық жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ жаңа энергия көзі мен агроөнеркәсіп саласындағы бірлескен бастамаларға ерекше назар аударылды.
Биыл Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толды. Осы уақыт ішінде екі ел арасында достыққа негізделген сенімді байланыс орнады. Бүгінде екіжақты тауар айналымының көлемі 6 млрд АҚШ долларына жетті. Алматы облысы мен кореялық серіктестер арасындағы қарым-қатынас та жанданып келеді. Қазіргі таңда өңірде Корея капиталының қатысуымен 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар екі елдің компаниялары бірлесіп құрған 7 кәсіпорын бар. Одан бөлек денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, жасыл энергетика және туризм салаларында алты бірлескен жоба пысықталуда. Нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Президентінің өкілі Кан Хун Шикпен жуырда өткен кездесуде: «Корея Республикасы – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Өзара сенімге, достыққа және ортақ мүддеге негізделген қарым-қатынасымыздың дәйекті дамуын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ екі мемлекет арасындағы кеңейтілген әріптестікті өңіраралық деңгейде нығайтуға, жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп айтқан болатын. Корея Республикасында өтетін алдағы саммит сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде Бас консул облыс әкімдігінің қолдауының арқасында өңірде жұмыс істейтін кореялық компаниялардың түйткілі дер кезінде шешілгенін ерекше атап өтті.
«Өткен жылы KT&G компаниясының қызметіне қатысты бірқатар мәселе туындаған еді. Облыс әкімдігінің қолдауының нәтижесінде кәсіпорын жұмысын жалғастыруда. Өндірістік көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарып келеді. Сондай-ақ Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы жобасын ерекше атап өтпекшімін. Бұл өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға елеулі ықпал етіп отыр. Мұндай жобалар Қазақстан мен Корея арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосады», – деді Бас консул Ха Тэ Ук. Сондай-ақ күзде болатын «Корея Республикасы – Орталық Азия» форумына қызу дайындық жүріп жатқанын айтып, Бас консулдық бастамалардың табысты жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Жиын барысында саммитте таныстырылатын жобалар жан-жақты қаралып, оларды егжей-тегжейлі пысықтау қажеттігі айтылды. Қос тарап өз ұсыныс-пікірлерін ашық талқылап, нақты міндеттерді айқындады.
Гүлзат БАЙҚОНЫС

