Перейти к содержимому
Главная страница » Жеке дерек қорғалады

Жеке дерек қорғалады

Елімізде қабылданған жаңа Ата Заңда азаматтардың жеке деректерін қорғау конституциялық деңгейде бекітілді. Енді Конституцияның 21-бабына сәйкес әрбір адамның жеке өміріне қолсұғылмаушылық және жеке ақпараттың заңсыз жиналуынан, өңделуінен әрі пайдаланылуынан қорғалу құқығына кепілдік беріледі.

Бұл өзгерістер цифрлық қауіпсіздікті күшейтіп, жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Жаңа нормалар Цифрлық кодекс, «Дербес деректер туралы» және «Жасанды интеллект туралы» Заңдар арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ азаматтарға eGov Mobile арқылы жеке деректерді өңдеуге берген келісімін кез келген уақытта қайтарып алу мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек, ірі деректер операторларына қойылатын талаптар күшейтіліп, қауіпсіздік оқиғалары мен деректердің сыртқа шығуы туралы азаматтар мен уәкілетті органдарды жедел хабардар ету міндеті енгізіледі. Жаңашылдықтар Қазақстанда қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастырып, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Елімізде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірінің барлық саласына әсер етіп отыр. Осыған байланысты азаматтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде тұр. «Біз сандық технологияларды дамыту қажеттігін жақсы түсінеміз. Дегенмен технология дамыған сайын түрлі қауіптер де пайда болады. Сондықтан азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Жаңа Конституцияда осы бағыттағы нормалардың енгізілуі – уақыт талабынан туындаған шешім», – дейді цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Олжас Артықбай.

Ерзат АСЫЛ