Кеген ауданының Шырғанақ ауылындағы көшелердің біріне Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Дәукен Саламатовтың есімі берілді. Салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Мейманқұлов, ауыл тұрғындары мен майдангердің ұрпақтары қатысты.
– 1941-1945 жылдар аралығында елді қорғауда ерлік көрсеткен, соғыстан кейінгі жылдардың өзінде де ел үшін ерінбей еңбек еткен Дәукен атамыздың аты мәңгілікке қашалып отыр. Бұл деген сөз әрбір аталардың өскелең ұрпақ үшін үлгі болуына ықпал етіп отырған дүние, – деді мәслихат төрағасы Алмасбек Нөкербанұлы.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев, ауданық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Мейманқұловтар да ардагердің аудан көлемінде абыроймен атқарған қызметі мен еселі еңбектеріне тоқталды. Шырғанақ ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермахан Құрманғалиев майдангер есімін дәріптеу өнегелі іс екенін айтып, көпшілікке ақ батасын берді.

Дәукен Саламатов 1915 жылы 17 қарашада Алматы облысы, Кеген ауданы, Жайдақбұлақ ауылында дүниеге келген. 1939 жылы әскерге шақырылды. Брест қаласында әскери борышын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Қиян-кескі соғыста Германияға дейін барып, Жеңіс күнін сол жерде қарсы алды. 1945 жылдан ауыл экономикасын көтеру үшін әртүрлі салада еңбек етті. Жылқы бақты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бәйге аттарын баптаумен айналысты. Баптаған тұлпарлары аламан бәйгелерде талай жүлделі орындарға ие болып, тұлпар баптаудың шебері атанды. Еңбегі ескеріліп, «Еңбек ардагері» медалімен және бірнеше рет мақтау қағаздарымен марапатталды. Атамыздың өмір – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

– Менің әкем Ұлы Отан соғысымен Фин соғысына қатар қатысқан ержүрек жауынгер болды. Халықтың ынтымағын сақтауда да ақылын аямаған әкеміз он бала өсіріп, ұрпақтарына ұнамды тәрбие берді, халыққа қызмет етуді үйретті, – деген ардагердің ұлы Болат Саламатов әке есімін ардақтаған ағайынға шынайы алғысын білдірді.
«Өткенсіз келешек жоқ» дейді халық даналығы. Қазақ жерінде бүгінгідей бейбіт таң шапағының атуына ұйытқы болып, болашақ ұрпақтың алаңсыз ғұмыр кешуі жолында аянбай тер төккен ерлердің есімі халқымен мәңгі бірге жасай бермек.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
